Мәдениет

«АТАМЕКЕНДЕ» АШЫЛҒАН «ҚАЗАҚ YЙІ»



ERA_8397+

Кеше «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінің он үш жылдық мерейтойына орай «Қазағымның алтын ұясы – Атамекен» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары, елордадағы зиялы қауым өкілдері және мәдениет, өнер қайраткерлері қатысты.

Басқосуды мұражай директоры Алма Алтыбаева сөз сөйлеп ашып, көпшілікті мерекемен құттықтады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған бұл кешен екі гектар жерді алып жатыр. Мұнда еліміздің тарихымен де, мәдениетімен де танысуға мүмкіндік бар. Мұражай жәдігерлерінің қатарына жыл сайын әр өңірдегі жаңа нысандардың макеті қосылып отырады. Сонымен қатар, әр өңірдің кешегісін айшықтайтын ескерткіштердің өзі үлкен маңызға ие екенін айтуымыз керек.

Мерейтойымызға орай, астаналықтар арасында патриоттық, отансүйгіштік сезімді қалыптастыра түсу мақсатымен түрлі шараларға ұйытқы болуды жоспарлап отырмыз. Мұражай төрінен «Қазақ үйін» ашуымыз осы сөзімнің куәсі дер едім. Сондай-ақ, әрбір қонағымызға ұлттық тағам­дарымыздан дәм татуға да жағдай жасамақпыз. Үш жылдан кейін елордада өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне арнап павильон ашу да ойымызда бар» деді Алма Қуандыққызы.

Жиын барысында ақын, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы, сатирик Көпен Әмірбек, Мәжіліс депутаты Галина Баймұқанова және басқа да қонақтар сөз сөйлеп, «Атамекен» кешенінің қазіргі қоғамдағы мәдени-рухани маңызы, жайында ойларын білдірді. Көпшілік үлкен экраннан ашық аспан астындағы мұражайдың тыныс-тіршілігіне арналған бейнероликті тамашалады.

ERA_8310+

Дөңгелек үстел отырысы «Қазақ үйі» атты этно-ауылдың ашылу салтанатымен жалғасты. Үйдің іші ұлттық жәдігерлермен толтырылған. Астана қаласы Суретшілер одағының жаңа ны­санға арнап ұйымдастырған «Қазағым – ұлы елім» атты көрмесі де айрықша әсер сыйлайды. Ондағы картиналар халық тарихы мен шежіресін, болмысы мен құндылығын көркем бейнелермен әспеттейді.

Мерекелік шаралар соңында көпшілік мұражайға экскурсия жасап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, кешеннің белсенді қызметкерлері мен бірқатар БАҚ өкілдеріне Алғыс хаттар табыс етілді.

Асхат РАЙҚҰЛ

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button