Ел тынысы

Азаматтарды ведомстволық наградалармен көтермелеу



Ағымдағы жылдың 27 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев нақты істермен елдегі үйлесімділік пен келісімді нығайтуға ықпал ететін азаматтарды жан-жақты көтермелеу қажеттігін атап өтті. Қазақстан Республикасында ведомстволық наградалармен марапаттау мемлекетті басқаруда, экономика саласында, заңдылықты нығайтуда, денсаулық пен өмірді қорғаудағы еңбегі үшін, мемлекеттің қорғау ісіне және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін ел азаматтарын көтермелеу нысандарының бірі болып табылады.

Атап айтқанда, әскери қызметшілердің, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің, еңбек шарттары бойынша жұмыс істейтін қызметкерлердің, Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер азаматтарының еңбегін бағалау үшін ойластырылған жүйесі.  Ведомстволық награда жеке тұлғаларға қоғамның ризашылығын білдірудің құқықтық ынталандыруларының бірі ретінде қарастырылады. Ведомстволық наградалармен марапаттау «Мемлекеттік рәміздер және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының геральдикасы мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі  № 155 Жарлығына және «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

          Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 қаулысымен  Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларымен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) Қағидасы бекітілген. Бұл Қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдарды ведомстволық наградалармен марапаттаудың (ведомстволық наградалардан айырудың), қызметкерлердің еңбегін көтермелеудің және ынталандырудың бірыңғай тәртібі мен қағидаттарын айқындайды.

Мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларына медальдар мен төсбелгілер жатады. Мемлекеттік органдар ведомстволық наградаларды әзірлеу кезінде ведомстволық наградалардың элементі немесе геральдикалық негізі ретінде мемлекеттік рәміздердің (Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның) бейнесі пайдаланылмайды. Бұл талап ведомстволық наградалардың геральдикалық негізінің құрамдас бөлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік рәміздердің бейнелері пайдаланылатын объектілердің бейнесі болып табылатын жағдайларға қолданылмайды.

Сонымен қатар, ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) мәселелері бойынша белгілі бір тәртіп бар. Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсынымдарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың, олардың құрылымдық, ведомстволық бағынысты және аумақтық бөлімшелерінің басшылары бастамашылық жасайды, олар тиісті ұсынымдарды орталық мемлекеттік органның кадр қызметіне жібереді.

Ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ұсынымдар мемлекеттік, кәсіптік, өзге де мерекелер мен мерейтойлық күндерді мерекелеуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған еңбек сіңірген жылдарына байланысты қаралады. Сондай-ақ, көрсетілген Ережеде марапаттаумен қатар ведомстволық наградалардан айыру мәселесінің тәртібі айқындалған.

Ведомстволық наградалардан айырудың себептері:

1) мемлекеттік органның беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін қызметтік борышын өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босату;

2) заңды күшіне енген соттың айыптау үкімінің болуы.

Ведомстволық наградадан айырылған адам оны мемлекеттік органның жауапты хатшысының тиісті бұйрығы қабылданған күннен бастап бір ай ішінде мемлекеттік органға қайтарады. Дәрежелері бар ведомстволық наградалармен марапаттау төменгі дәрежеден жоғары дәрежеге дейін жүргізіледі.  Ведомстволық наградалардың жоғары дәрежесі І дәреже болып табылады. Медальдар кеуденің сол жағында тағылады, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларынан кейін орналастырылады. Төс белгілері кеуденің оң жағына тағылады. Пішіні мен өлшемі бойынша медальдармен төсбелгілердің пішіні ұқсас болса, онда төсбелгілер кеуденің сол жағына тағылады. Дәрежелері бар наградаларды қоспағанда, бір наградамен қайта марапаттауға жол берілмейді.

А. Өміртаева,

«Геральдикалық зерттеулер орталығының» ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау бөлімінің басшысы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button