Басты ақпаратҚоғам

Азаматтық неке: махаббат па, әлде алданыш па?



Урбанизация ықпалынан неке мен отбасы ұғымы жаңа мәнге ие болды. Расында, мыңжылдықтар көшінде салт-дәстүрмен сабақтасқан отбасылық құндылық әлсіреп, отбасы құруда жаңа түсінік, жаңа таным пайда болып, қазақ қоғамына азаматтық неке енді.

ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС, ТҮРЛІ ПАЙЫМ

Біздің рухани құндылықтардың негізі отбасылық дәстүрге негізделген десек, адамдардың рухани болмысы, ақыл-ойы отбасында қалыптасып, дамиды. Алайда тамырын тереңнен тартқан отбасылық құндылықтар әлсіреп, жаңа рең, жаңа мазмұн ала бастады. Батыстан келген «азаматтық серіктес» ұғымы біздің қоғамға үйреншікті жағдайға айналып барады.

Бұған байланысты қоғам мүшелері әртүрлі пікір-пайы­мын жеткізіп, өз көзқарас-тұжырымын дәлелдеуге тырысты.

Қайрат ҚАМБАРОВ, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

– Қазақстанда ресми некеге тұрмай бірге өмір сүретін адамдардың статис­тикасы жүргізілмейді. Қазақстанда бірге өмір сүрудің таралуын шамамен есептеу ата-анасының екеуін де көрсете отырып, некесіз туылған балаларды тіркеу кезінде бағалауға болады. Алайда баласы жоқтардың бірге тұруын осылай анықтау мүмкін емес. «Бірге тұру» немесе «азаматтық неке» ұғымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында жоқ. Неке тек мемлекеттік органдар қиған жағдайда ғана ерлі-зайыптылық болып танылады. «Неке және отбасы туралы» Кодекстің 2-бабы 3-тармағымен реттеледі.

Айнұр АНАРБЕК, әлеуметтанушы:

– Некесіз бірлесіп өмір сүру көбінесе әлеуметтік-­экономикалық себептердің салдары болып табылады. Мұны ерлі-зайыптылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы және болашаққа деген белгілі бір үміттері мен жоспарлардың болуымен (үйлену тойына ақша жинау, тұрақты табыс табу, жеке тұрғын үй сатып алу, оқуды аяқтау) түсіндірілуі мүмкін, – деді.

Зүлфия БАЙСАКОВА, заңгер:

– Азаматтық неке – ер мен әйелдің бейресми одағын білдіреді. Азаматтық неке заңдастырылмайды. Азаматтық некеден туған бала әкенің баласы емес, жалғызбасты анаға тіркеледі. Сынаққа сылтау табылса, екі адам екі бөлек кетеді. Жылда алданып қалған 10-15 әйел көмек сұрап келедi. Некенің бұл түрінде жұптас­қандардың арасында бала туып, екеуі айырылысып кетсе, онда алимент төлету мүмкiн емес. Ер адамды шынымен баланың әкесi екенiн анықтайтын бiр ғана жолы – ДНК арқылы дәлелдеу. Бұл қиын, әрi қаржыны керек етедi. Ал сот көп жағдайда мұндай iстердi қарауға тәуе­кел етпейдi. Азаматтық серіктес болмасаңыз, сізде ақшаға, мүлікке немесе балаларға көп заңды құқықтарыңыз жоқ. Қысқа жауап: «азаматтық неке» деген ұғым жоқ.

Елбек ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:

– Шариғат бойынша некесі қиылмаған екі жастың оңаша қалуына тыйым салынған. Азаматтық некеге дініміз қарсы.

Дана ЕРБОЛАТ, Астана қаласының тұрғыны:

– Анам мен әкем ажырасқан. Әкем бөлек тұрады, оның өзінің отбасы бар, анам­ның өзінің отбасы бар. Басында әкем азаматтық некеде тұрғаныма қарсы болды. Бірақ 16-18 жаста емеспін, 26-дамын. Шешімді өзім қабылдадым. Бұған өкінбеймін!

Гүлнұр Алдикова, Астана қаласының тұрғыны:

– Азаматтық неке біздің менталитетке жат. Қазақстанда азаматтық неке көбейсе, ұлттық ерекшеліктен айырыламыз. Бұл – ұлтты жоюдың жолы.

Диана ӘБИБУЛЛА, студент:

– Біз бір жылға жуық таныспыз және біз танысқаннан кейін 3-4 айдан кейін бірге тұра бастадық. Бірге өмір сүріп жатқанымызға бір жыл болған жоқ. Бұл азаматтық неке сияқты емес, өйткені бізде жоспарлар көп. Үйлену тойын жоспарлап отырмыз, үйлену тойы жазда болады. Үйлену тойына дейін көптеген адамдар бірге өмір сүрмейді, бірақ бұл қиын, мысалы, мен оның күнделікті өмірде қандай екенін білместен сол адаммен өмір сүре алмас едім.

ШЕТ ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ?

ХVІ ғасырда Нидерландыда азаматтық неке пайда болды. 1580 жылы Голландия және Фрисландия штатының кальвинистік үкіметі енгізді. 1656 жылы бүкіл Нидерландыға тарады. 1653 жылы Англия лорд-протекторы Оливер Кромвелл тұсында азаматтық неке міндетті мекеме ретінде алғаш рет құрылды. Бірақ діни қызметкерлердің қарсылығынан кейін заңды түрде танылмады. 1844 жылы Ирландияда факультативтік азаматтық неке енгізілді.

ХХ ғасырдың 60-жылдары батыста отбасы институтында өзгерістер орын алып, азаматтық неке үйреншікті жағдайға айналды. Мәселен, 1960 жылы АҚШ-та сәбилердің 5 пайызы бейресми некеден туды. 1980 жылы бұл көрсеткіш 18 пайызға, 2009 жылы 41 пайызға жетті. 2011 жылы Евро Одақтың 27 елінде туғандардың 37,3 пайызы некесіз отбасында тәрбие көруде. Некесіз туған балалардың 64,3 пайызы Исландияға тиесілі. Эстонияда – 59,7 пайыз, Словенияда – 56,8 пайыз, Болгарияда 56 пайыз және Норвегияда 55 пайызды құрайды.

Бүгінде Еуропа елдерінде азаматтық неке қалыпты жағдай, заңды түрде қорғайтын тетігі қарастырылған. АҚШ-тың бірқатар штатында азаматтық некеге рұқсат беріп, неке куәлігін алмаған екі адамның одағы ретінде таниды. Нидерландыда 2 жыл бірге тұрған адамдар, Австралия және Жаңа Зеландияда 3 жыл бірге тұратын жұптар заң бойынша мәртебесі некеге тұрғанмен бірдей деп саналады. Яғни заңды түрде тіркелген ерлі-зайыптының құқығына ие болады. Испанияда азаматтық неке – ресми некеге тең. Бұл елдің провинцияларында арнайы мекемеде тіркеле алады. 1999 жылдан бері Португалияда некесіз бірге тұратын адамдарға баланы бірлесіп асырап алу құқығы, бірлескен табыс салығын төлеу құқығы және қайтыс болған серігінің мүлкіне 5 жыл ішінде ие болу құқығы беріледі.

Дінді берік ұстанатын елдерде азаматтық некеге тыйым салынған. Египет, Сирия, Индонезия, Сауд Арабиясы, Йемен, Иран, Израильде азаматтық некенің заңдастырылған тәртібі жоқ.

ҚАЙ ОБЛЫСТА ЗАҢСЫЗ НЕКЕ КӨП?

2022 жылы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ «Азаматтық неке Қазақстандағы неке-отбасы қатынасының моделі» атты әлеуметтанулық зерттеу жүргізгені белгілі.

Бүгінде Қазақстанда «азаматтық некеде» тұратын адамдың нақты саны жоқ. Мұндай статистика халық санағы кезінде де жүргізілмейді. Бұл жағдайда демографтар тіркелген некеден тыс туылған балалардың үлесі сынды жанама деректі пайдаланады.

Қазақстан қоғамдық даму институтының зерттеуіне сәйкес, респонденттің 37,3 пайызы тіркелмеген некеге қарсы екенін, 39,4 пайызы бейтарап қалса, 19,6 пайызы азаматтық некені қолдайтынын білдірді.

БҰҰ-ның «Ұрпақ және гендер» ұлттық зерттеуінің есебінде Қазақстанда ерлердің 7 пайызы, әйелдердің 8 пайызы тіркелмеген некеде тұратыны, яғни бейресми неке сирек кездесетіні келтірілді. Қарым-қатынастың бұл түрі қалалық жерлерде және дінге сенбейтін жастар арасында жиі кездеседі.

Қазақстанда некесіз бірге тұратын адамдар құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағынан қорғалуы төмен деңгейде. Өйткені оларды қорғайтын арнайы заң жоқ.

Алайда кейбір деректі салыстырып, қала мен ауыл тұрғындары арасында азаматтық некенің айырмашылығы шамалы екенін аңғарамыз. Мәселен, 2017 жылы тіркелген некеден тыс туылғандардың үлесі қала тұрғындары арасында 13,4 пайыз, ауыл тұрғындары арасында 12,4 пайыз құрады.

Тіркелген некеден тыс туылған балалар Атырау (6,9 пайыз) облысында төмен. Ал Маңғыстау облысында 6,9 пайыз, Қызылорда облысында 7,7 пайыз құрайды. Ал жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстанда 21,3 пайыз, Павлодарда – 20,1 пайыз, Қостанайда 19,9 пайыз деңгейінде. Яғни қазақы салт-дәстүр берік сақталған өңірде азаматтық неке төмен деңгейде.

Р.S:Қалаймыз ба, қаламаймыз ба, жаһанданумен бірге азаматтық неке өмірімізге енді. Мұның салдарынан әкесіз өсіп келе жатқан ұрпақ көбейді. Оның себебін анықтайтын болсақ, қоғамның пікірі екіге бөлініп, бір түйінін табу қиын. Бейресми неке ұлтты жою жолы ма, әлде өркендеуге бастайтын қадам ба немесе алдын алу мүмкін бе? Бұл сұрақтың шеті мен шегін табу мүмкін емес сынды.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button