Мәдениет

Әзиз БЕЙШЕНӘЛИЕВ, белгілі қазақстандық жəне ресейлік киноактер: Рөлдерімнің арасында «Мұстафа Шоқайдың» шоқтығы биік



ftvf228

Қазақстандық көрермендерге «Мұстафа Шоқай», «Афалинаның секірісі», «Ликвидатор» фильмдері арқылы жақсы таныс қырғыз актері Әзиз Бейшенәлиев жақында Алматыға қоныс аударды. Осы себепті, бізге БАҚ өкілдеріне жиі сұхбат бере бермейтін әртіспен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Әзиз аға, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің алдағы уақытта прокатқа шығатын «Аманат» атты фильмінде сіз ҰҚК тергеушісі Бучиннің рөлін сомдадыңыз. Бұл рөл сізге қиын тимеді ме? Жалпы, осы кейіпкер туралы пікіріңізді білгім келеді.
– Жоқ, қиынға соқты деп айта алмаймын. Сценарий бойынша, менің кейіпкерімнің айтатын сөздерінде астарлы кекесін көп. Ол мысқылдап сөйлегенді ұнатады. Біз Сәкен аға (фильм режиссері Сатыбалды Нарымбетов) екеуміз тергеушінің осы қасиетін одан әрі дамытып көрсетуді мақсат тұттық.
Бучин – өте ақылды, мықты адам. Қалжыңды да жақсы түсінеді. Ол өзінің қызметінің әділ екендігіне, істеген қадамдарының дұрыстығына қалтқысыз сенеді. Егер мен социализмге шын көңілімен сенетін нағыз коммунист болсам және арнайы қызметте жұмыс істесем, дәл осы Бучин секілді өмір сүрер едім деп ойлаймын.
– Жақында «Моя история» бағдарламасына берген сұхбатыңызда Алматы қаласына қоныс аударғаныңызды айттыңыз. Қазақстандағы шығармашылық орта сізге ұнай ма? Алматы мен Мәскеудің қайсысы сізге жақынырақ?
– Мен Алматының атмосферасымен жақсы таныспын. Ең алғаш бұл қалаға 1998 жылы келген едім. Бәлкім, мен Алматының шығармашылық ортасын жақсырақ білетін болармын. Өйткені, мұнда жұмыс бабымен жиі келіп тұрдым.
Қазақстанда мен өзімді өте жайлы сезінемін. Маған «Алматы мен Мәскеудің қайсысы сізге көбірек ұнайды?» деген сұрақ бұдан бұрын да қойылған болатын. Әрдайым айтатын жауабым мынадай: Мәскеу – менің өмір сүрген қалам, ал, Алматыда мен өзімді үйде жүргендей сезінемін.
– Біздің елімізге балаңыздың қалауымен көшкен екенсіз. Өзіңіз 18 жыл тұрған Мәскеуді тастап, бір сәтте басқа елге көшу оңай шешім емес сияқты. Балаларыңыз үшін тағы қандай тәуекелге бара аласыз?
– Иә, осыдан екі жарым жыл бұрын Алматыға кезекті бір іссапармен келгенімде, өзіммен бірге ұлым Сейтекті де ерте келген едім. Балам алғашқы күннен-ақ Алматыға ғашық болды деу­ге болады. Сол себепті, баламның өтінішімен осында қоныс аударған жайым бар.
Біріншіден, баламның өмірдің әрбір сәтін бағалай білгенін, шынайы қуанғанын көргім келеді. Екіншіден, оның өз бетінше дербес шешім қабылдай алатын саналы азамат болып өсуіне барынша ықпал етуге тырысамын. Бауыр еті – баласы үшін барлық ата-ана осылай істейді деп ойлаймын. Ұлыма қуаныш сыйлау мақсатында мен оның «Алматыға көшейік» деген қалауын орындадым. Ал, ұлымның жақсы азамат болып өсуі үшін оған өзі қалаған бағытта сапалы білім беру қажет шығар. Ары қарай қандай жолды таңдайтынын өзі көре жатар.
– Сіздің әкеңіз, Қырғызстанның Халық әртісі Болот Бейшенәлиевті көпшілік «ол – Тарковскийдің фильміне түскен әртіс» деп мақтап жатады. Ал, сіз қандай режиссермен жұмыс істеуді армандайсыз?
– Жас кезімде Акира Куросаваның фильмдеріне түсуді қатты армандағанмын. Бірақ, оның орындалмайтын арман екендігі бесенеден белгілі еді. Ал қазір кино саласында жолым түйіскен кез келген режиссермен жұмыс істегенде шығармашылық процестен ләззат алуға, өзіме пайдалы сабақ алуға тырысамын.
– Қазақстанда сіз Сатыбалды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай» фильмі жарыққа шыққаннан кейін танымал болдыңыз. Кей көрермендер Мұстафаның рөліне сіздің таңдалғаныңызға наразылық білдіргенін білесіз. Режиссердің бас­ты рөлге өзіңізді таңдауына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Бұл жай ғана кездейсоқтық деп білемін. 2004 жыл. «Көшпенділер» фильмінің түсірілім жұмыстары басталғалы жатқан қарбалас кез еді. Мен де шығармашылық топпен бірге дайындықта жүргенмін. Бір күні Сәкен аға (Сатыбалды Нарымбетов) режиссерлер бөлмесінің қабырғасында ілулі тұрған менің суретімді көріпті. Сурет ол кісіге бірден ұнаған. Осылайша, Сәкен аға менімен танысып, кейінірек Мұстафа рөліне шақырды.
– Сіз Ташкенттегі театр студиясын тәмамдағаныңызбен, осы күнге дейін театр сахнасында ойнап үлгермеген екенсіз. Бір сұхбатыңызда «мені театрға қашан шақырады екен? Сол күнді асыға күтіп жүрмін» депсіз. Сіздіңше, театр сізге не беруі мүмкін?
– Театр маған мүлдем басқа пландағы біліктілік берер еді, үздіксіз жаттығуға үйретер еді. Кино әртісін салыстырмалы түрде қысқа қашықтыққа жүгіретін желаяққа (спринтер) теңеуге болады. Өйткені, ол бір эпизодқа түсіп болған соң, келесі эпизодты бірнеше сағат, тіпті, бір күн бойы күтуі мүмкін. Бұл аралықта оның өз рөліне жақсылап дайындалатын мүмкіндігі бар. Ал театрда олай емес, ол жерде әртіс марафоншы болуы тиіс. Яғни, театр әртісі бір қойылымды ешқандай үзіліссіз бірнеше сағат бойы ойнауға қабілетті. Бұл – үлкен күш пен ынтаны талап ететін, мүлдем бөлек деңгейдегі жұмыс істеу тәсілі. Өзім ешқашан бұл тәсілмен жұмыс істеп көрмегендіктен, мені театрдың осы артықшылығы қызықтырады.
– Актерліктің тәуелді мамандық екенін білеміз. Сізді кім, қашан, қандай киноға түсуге шақыратыны белгісіз. Кинодан басқа, сізге табыс әкелетін хобби не жеке кәсібіңіз бар ма?
– Хоббилерім маған кіріс емес, тек шығын әкеледі десем болады. Олар – кітаптар, жолсапарлар, достармен басқосу. Егер, мен белгілі бір бизнеске қаржы құяр болсам, оны кейін еселеп қайтарудың орнына, зор шығынға бататынымды жақсы білемін. Сондықтан, менде қосымша табыс көзі жоқ. Құдайға шүкір, қазір өзімнің сүйікті мамандығымнан нан жеп отырмын. Әзірге маған осы да жетеді.
– Бүгінде сіздің ұлыңызбен ғана тұратыныңызды білемін. Балаңызды жалғыз тәрбиелеу сізге қиын емес пе?
– Жоқ. Өзіңнен туған баланы тәрбиелеу қиын емес қой. Оның үстіне, менің ұлым ақылды бала болып өсіп келе жатыр. Екеуміз жақсы тіл табысамыз. Ұлымның өтпелі кезеңі жақындап келеді. Сондықтан, оның мінезінің қалай өзгеретінін қазір болжай қою қиын. Оны енді уақытында көре жатармыз.
– «Көшпенділер», «Махамбеттің жебесі», «Афалинаның секірісі», «Ликвидатор», «Жеңіс семсері», «Мұстафа Шоқай», «Аманат»… Өзіңіз қатысқан осы жобалардың қайсысы есіңізде ерекше қалды?
– Әр фильмнің өзіндік ерекшелігі бар деп ойлаймын. Дегенмен, мен үшін «Мұстафа Шоқайдың» шоқтығы биік. Себебі, фильмнің тақырыбы салмақты болғандықтан, бізге қойылған талаптар да тым жоғары болды. Алға қойған мақсатымызды оп-оңай жүзеге асырдық десем өтірік болар еді. Бастысы, біз түрлі қиындықтарға қарамастан, фильмді аяқтай алдық.
– Сіздің ресейлік БАҚ-қа берген бір сұхбатыңыздың астында әлдебір көрерменнің «Әзиз, сен қырғыз киносын көтеруге тиіссің. Әрине, қаражаттың да маңызды екенін білемін. Бірақ, ерте ме, кеш пе, сен үйге қайтуың керек» деген пікірін көзім шалды. Сіз бұл пікірге қалай жауап берер едіңіз?
– Ешқалай. Мен бұл пікірге жауап жазбаған болар едім. Пікірді қырғыз киносына жаны ашитын адамның жазғаны көрініп тұр. Оның ішкі күйзелісі маған таныс, мен оны жақсы түсінемін. Егер, қырғыз киносының дамуына өзіндік үлесімді қосуыма мүмкіндік беріліп жатса, мен қуана-қуана келісемін. Осы күнге дейін мен қырғыз киносына екі рет шақырылдым. Фильм сценарийлері де көңілімнен шыққан болатын. Екі жобада да мен өз тарапымнан қандай да бір талап қоймастан жұмыс істедім. Алдағы уақытта тағы да қызықты жобаларға шақырса, келісуге болады. Бірақ, әзірге нақты ұсыныстар түсіп жатқан жоқ. Сол себепті, жоғарыда айтылған пікірге қалай жауап берерімді білмеймін.
– Өзіңізді жолы болғыш адаммын деп есептейсіз бе?(2002 жылы ресейлік режиссер кіші Сергей Бодров Кармадон шатқалында кино түсіріп жатқан кезде мұз қатпары құлап, 20 шақты адам қаза тауып, 120-ға жуық адам із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Ал, Әзиз Бейшенәлиев сол фильмдегі рөлдердің біріне бекітілмей қалған болатын. Осылайша, ол бір өлімнен аман қалды).
– Әрине! Өзіңіз қараңызшы, менің басым аман, бауырым бүтін. Сүйікті ұлым, жақсы көретін жұмысым бар. Сонымен қатар, қуанышым мен қайғымды бөлісе алатын достарым да жанымда. Сағынышпен еске алатын күндерім көп. Келер күннен үлкен үміт күтемін. Сондықтан, мен өзімді жолы болғыш, тіпті, бақытты адаммын деп санаймын.
– Қандай жоспарларыңыз бар?
– Бұйырса, жақын арада Алматыда жаңа сериал түсірмекпіз. Қазір шығармашылық ұжыммен бірге соның дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Өзім осы жобаның режиссері әрі актерімін. Әлі түсірілмеген туынды туралы көп нәрсе айтпай-ақ қояйын. Бар айтарым, сериал ересектер мен жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынас тақырыбына арналады.
Кино саласының мамандары арасында «Экран көрсетеді» деген тіркес кең таралған. Құдай қаласа, сериалдың түсірілім жұмыстарын қыркүйекте аяқтап, желтоқсан айында көрермен назарына ұсынсақ деп отырмыз. Сол кезде оның қаншалықты сәтті шыққанын экран көрсетеді. Ал әзірге біздің шығармашылық тобымызға сәттілік тілей тұрыңыздар!
– Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен: Роза ӘРЕН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button