Басты ақпарат

Азық-түлік бағасы негізсіз өспейді



«Elorda Agparat» медиа ресурсы мен «Астана» радиосының бірлескен «Елорда тынысы» жобасының кезекті бағдарламасына Астана қаласы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Ардақ Досанов келді. Ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселелері сөз болған тікелей тілдесу барысында қаладағы азық-түлік бағасы, жәрмеңке, тұрақтандыру қорының жұмысы талқыланып, тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды. Дәл қазір қаламыз бойынша қордаланып отырған мәселелердің нақты жауаптарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Ауылшаруашылығы басқармасының атқаратын негізгі міндеті қандай?
– Біздің басқармаға екі қызмет түрі жүктелген. Біріншісі – ветеринарлық қауіпсіздік. Яғни, қаладағы барлық ет өнімдерінің бақылауына біздің мамандар жауапты. Олар Астана қаласы бойынша 15 ішкі сауда орнында мал өнімдеріне ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізеді. Қолданыстағы заңға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларынан алынатын өнімдерге берілген арнайы ветеринарлық ілеспе құжаттарын тексереді.
Екінші қызмет – азық-түлікпен қамтамасыз ету. Жуырда ғана Үкіметтің қолдауымен елорданың азық-түлік белдеуінің жол картасы қабылданды. Ол бойынша еліміздің бас қаласына Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды облысының 4 ауданынан ет-сүт өнімдері жеткізіледі. Сондай-ақ, қабылданған жол картасы аясында жеміс-жидек, көкөніс түрлері Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарынан да әкелінеді.
– Қазір көп үйдің аулаларында ет сататын орындар кездеседі. Мұны кім тексереді?
– Біз дүкен сөрелеріндегі еттің сапасы мен сатуға рұқсат беруді растайтын құжаттарды үнемі тексереміз. Аула дүкендерінде сатылатын өнімдердің құжаттары бар.

Жұрт күткен жәрмеңке жалғасады
– Бағаны тұрақтандыруда әрі азық-түлікпен қамтамасыз етуде аймақтық жәрмеңкелердің рөлі қандай?
– Менің ойымша, аймақтық жәрмеңкелерді ұйымдастыру – бағаны тұрақтандырудың тиімді тетігі. Тұрғындардың азық-түлік өнімдерін делдалдарсыз тікелей сатып алуына ықпал етеді. Биыл 130 рет жәрмеңке өткіздік. Мәселен, елорда төріне Оңтүстік Қазақстан облысы 4 рет келсе, Жамбыл облысы 5 мәрте жәрмеңке ұйымдастырды. Наурыз айынан бері басталған жәрмеңкеде 30 мың тоннаның өнімдері сатылды. Астана қаласының әкімі жәрмеңкені жалғастыру жөнінде шешім қабылдады. Бұйыртса, қараша айында «Қазақстан» спорт кешені алаңында қала тұрғындарын жәрмеңкеде күтеміз.
– Қалада қандай да бір азық-түлік өніміне тапшылық байқала ма?
– Жоқ. Елордада ауылшаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдейтін 55 мекеме нан, шұжық, макарон өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қалған өнімдер сырттан әкелінеді.
– Азық-түлік өнімдерінің бағасы қаншалықты бақылауда?
– Апта сайын біздің мамандар «Шапағат», «Шарын», «Шанхай» сауда орталықтарын және «Магнум», «Астықжан», «Грин», «Смол», «Галмарт» секілді ірілі-ұсақты сауда үйлеріндегі орташа баға көрсеткішіне талдау жүргізеді. Нәтижесінде бағаның күрт өсуіне жол берілмейді. Бағаны себепсіз көтеру дерегі анықталған жағдайда Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне заңға сәйкес шара қолдану үшін жүгінеміз.

Қымбаттаудың себебі – қордағы өнімнің кемуі
– Қала тұрғындарынан басқарма жұмысына қатыс­ты қандай ұсыныстар келіп түседі?
– Әрине, тұрғындар жиі хабарласады. Басым бөлігін қалада бір ғана коммуналдық базардың бары ойландырады. Олар қала әкімдігіне елорданың бірнеше ауданына, атап айтқанда, сол жағалауға, халық жиі қоныстанған Қосшығұлұлы көшесіне осындай базар салуды ұсынады. Бүгінде осыған байланысты қызығушылық танытқан инвесторлармен келіссөз жүргізудеміз.
– Сіздің ойыңызша, алдағы қыс-көктем айларында картоптың бағасы қандай болуы мүмкін? Картоп тапшылығы немесе бағаның қымбаттауы байқала ма?
– Картоп «қатты қымбаттайды» деп айта алмаймын. Биыл елімізде картоп өнімі 3,5 млн тоннаға жетті. Бір ғана Павлодардың өзінде 450 мың тонна картоп алынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Егер отандық кәсіпорындар бүгін бағаның өсуін күтіп, қоймаларын жауып тастайтын болса, ертең елімізге сырттан ағылады. Баға түскеннен кейін біздің шаруалар шығынға ұшырауы мүмкін. Сондықтан менің ұсынысым картоп бағасын көтермеген жөн. Елімізде картоп жеткілікті. Тұрақты қорымызға да сатып аламыз. Сатып алынған 300 тоннаға жуық өнім «Шапағат» коммуналдық базарында үш айға дейін сатуға жетеді. Бұл базарда күн сайын 3,-3,5 тонна картоп сатылады. Ұсынылған баға құны келісіне 100 теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ, жуырда ғана Қазақстандағы картоп өсірушілер одағының жетекшісі Қайрат Бисетаев көктемге қарай қызыл картоптың бағасы 150 теңге болатынын мәлімдеді. Маусымдық қымбаттаудың негізгі себебі – қордағы отандық өнімнің кемуі. Біз қолдан келгенше бағаны тұрақты ұстап тұруға күш саламыз.
Біз қазір Ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныс жолдадық. Ол бойынша көршілес аудандардан Астана қаласына аптасына 2-3 рет картоп және көкөніс тасымалын ұйымдас­тыруды қамтамасыз ету. Оны қаланың 5 нүктесінде төмен бағамен сататын боламыз. Уақыты келгенде тұрғындарға арнайы хабарлаймыз.

Қаңғыбас ит қауып алмасын…
– Сіз басқаратын мекеме қаладағы қаңғыбас иттерді аулауға да жауапты. Бұл мәселе қандай тәртіпте жүзеге асырылады?
– Жануарларды ұстау үшін дозаланған препараттарды қолданатын пневматикалық қарулар, сондай-ақ, жануарларды аулау кезінде басқа құрылғылар пайдаланылады.
Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтар 60 күннен аспайтын мерзімге уақытша оқшауланады. Уақытша ұстау оқшаулағышында ауланған қаңғыбас жануарларға тіркеу және клиникалық зерттеу жүргізіледі.
Соңғы енгізілген ереженің бірі – стерильдеу. Осы мақсатта қала әкімдігінен қаржы бөлінді. Бүгінде 2 мыңға жуық жануарға, оның ішінде 700 ит пен мысықтарға стерильдеу жұмыстары жүргізілді.
Келесі жылы уақытша ұстайтын арнаулы оқшаулағыш соғуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Көкшетау тасжолы бойынан орын белгіленді. Жоба мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асады.
– «159» қызметіне қаңғыбас иттерге қатысты шағым көп түседі екен. Мәселен, жыл басынан бері 813 өтініш келіп түскен. Қаңғыбас ит пен мысықты аулауға қанша қаражат бөлінеді?
– 2015 жылы 10 мың жануар­ды аулауға шамамен 63 млн теңге бөлінді. 2016 жылы 7200 басқа 50 млн теңге бөлінсе, биыл 8 мың басты аулауға 55 млн теңге қарастырылды. Келесі жылдан бастап бұл механизм жетілдірілмекші. Яғни, бұдан былай қаржы ұсталған ит пен мысықтардың санына бөлінбейді. Есесіне жұмысшылардың жалақысы мен оқшаулағышты ұстап тұру мәселесіне көңіл бөлінбек.
– Қаңғыбас иттер тұрғындарды жиі жарақаттай ма?
– Негізінде тұрғындарды қаңғыбас иттер емес, асыранды иттер жиі тістеп алады. Жыл басынан бері мұндай жағдайдың 500-700 дерегі тіркелді. Егер үй жануары болса, оның ветеринарлық құжаты болуы керек. Ал жабайы болған жағдайда мамандардың қатысуымен тексеру жүргізіледі.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button