Басты ақпарат

АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛДЕУІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ТАРЫҚТЫРМАЙДЫ



11 қазанда өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов Астана қаласының азық-түлік белдеуін жетілдіру жөніндегі жол картасын таныстырған болатын. Жаңа жоба қандай түйткілді мәселелерді шешуді көздейді? «Астана ақшамы» мәселеге тереңірек үңілуді ұйғарды.

Миллион тұрғынның сұранысына сай емес
Естеріңізде болса, ҚР Статис­тика комитеті биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Астана халқы миллионнан асып кеткенін (1002,8 мың) хабарлаған болатын. Осынау алып қалаға, тұтынудың ең төменгі мөлшерімен есептегеннің өзінде, жылына шамамен 617,2 мың тонна негізгі азық-түлік өнімдері қажет. Қолда бар мәліметтерге сенсек, ұн, нан, макарон өнімдері мен жұмыр­тқаны қала шегіндегі өнеркәсіп орындары қамтамасыз ете алады. Ал Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды облысының таяу жатқан төрт ауданының шаруа­шылықтарынан сиыр, жылқы, шошқа, құс еті, сүттің қышқыл өнімдері, пияз бен аққауданды қырыққабаттан басқа көкөністің барлық түрі тұрақты жеткізіліп тұрады. Алайда қой еті, аққау­данды қырыққабат, шұжық өнімдері, балық, сүт, ірімшік, сүзбе, сары май мен күнбағыс майы тапшылығы ара-тұра білініп қалатыны жасырын емес. Жағдайды сараптай келе мамандар бұл салада бірқатар проблемалар бар екенін анықтады. Атап айтсақ, кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі аз; өнімді дайындау және өткізу бойынша кедергілер көп; сондай-ақ, ұсақ тауарлы өндіріс пен сауда-логистикалық инфрақұрылымның жетіспеушілігі жеме-жемге келгенде азық-түліктің бағасына әсер етпей қоймайды. Аталған проблемаларды шешу жолдарын қарастыруды Елбасы ағымдағы жылдың 21 сәуір айында өткен жиналыстың бірінде Үкімет пен Астана қаласы әкімдігіне шегелей тапсырған болатын (2017 жылғы 21 сәуірдегі №11-8/04-260//170-01-7.3 хаттамалық тапсырмасы – ред). Соған сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған жол картасын» әзірледі. Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, жоба үш маңызды мақсатты көздейді. Енді оның қалай жүзеге асатынына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Өндірістік әлеует күшейтіледі
Азық-түлікті үздіксіз қамтамасыз ету үшін әуелі қаланың және көршілес Ақмола және Қарағанды облыстарындағы өнеркәсіптер мен шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін, әсіресе, шикізат базасын дамыту қолға алынбақ. Осы мақсатта 300 шақырым радиуста жатқан елді мекендер шартты үш аймаққа бөлініп, экономикалық талдау жүргізілді. Нәтижесінде қой еті өндірісін 60 пайызға, шұжық өнімдері, сүт және сүт өнімдері көлемін 50 пайызға арттыратындай мүмкіндік бар екені анықталды. Әзірге азық-түлік белдеуіне кіретін аумақтағы ет өңдеуші 24 кәсіпорынның өндірістік қуаты 72 пайызға, сүт және сүт өнімдерін шығаратын 20 сүт зауыты бар болғаны 55 пайызға ғана жүктелген. Аталмыш өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ұсақ және орташа шаруашылықтарды кооперативке біріктіру арқылы күшейтілмек.

«Азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесі беріледі
Сонымен қатар, республиканың барлық өңірлерінен негізгі азық-түлік өнімдерін тұрақты жеткізуге жағдай жасалмақшы. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, «Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін анықтаудың заңдық тетігін пысықтайтын болады. Ауылшаруашылық өндірушілері бұл арқылы бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізе алады. Атап айтсақ, субсидия, «ҚазАгро» еншілес кәсіпорындары арқылы кредит рәсімдеген кезде басымдықтар беру, елорда нарығына, оның ішінде коммуналдық базарларға қолжетімділікті қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Дерек пен дәйек

-«Астана» ӘКК маусымдық баға өсіміне бейім, әлеуметтік маңызы бар мына тауарларды сатып алды:
– 500 тонна күріш;
– 500 тонна қарақұмық
– 1500 тонна қант
– Сондай ақ «Кенмарт» және «Астықжан» сауда орталықтарына жеңілдетілген үстемемен қарыз берілді. Аталмыш сауда орындарында, келісімшартқа сәйкес, 70 түрлі азық-түлікке тұрақты баға бекітілген.

Сауда инфрақұрылымы жақсарады
Азық-түлік белдеуін жетілдіру сауда-логистика инфрақұрылымын күшейту арқылы жүзеге аспақ. Ол үшін Астана қаласында, Ақмола және Қарағанды облыстарында үш көтерме сауда-тарату орталықтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Астанада 50 модульдік сауда павильоны ашылады. Бұл шаруа­ға жауапты «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның мәліметінше, сауда павильондарын салу мемлекет пен жекенің әріптестігі негізінде жүзеге асыруды көздеп отыр. Яғни, мемлекет тарапынан сауда орындарын салғысы келетін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан келісіммен жер телімдері бөлінеді. Қазірдің өзінде көше саудасына арналған павильондар орналастыру жобасына 90 млн теңгедей инвес­тиция тартылып отыр. Жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер жер беру ережесімен «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ресми веб-сайтынан (www.astana-spk.kz) таныса алады. Мұндай сауда павильондары қаланың барлық нүктелерінде, әсіресе, Сол жағалау­да пайда болады. Онда күнделікті тұтынатын азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек сатылады.

Әділбек ЖАПАҚ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button