Ел тынысы

Baby Cup: көркем гимнастикадан Әлия Юсупованың жүлдесіне арналған турнир



Астанада көркем гимнастикадан Әлия Юсупованың жүлдесіне арналған жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

3 мәрте өткізіліп жатқан бәсекенің басты ерекшелігі мұнда тек бастауыш сынып оқушылары сынға түседі.

Биылғы додаға Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Семей, Орал, Ақтау, Петропавл қаласынан 402 жас көркем гимнастшы қатысып жатыр.

«Олимпиадаға қатысу арманын орындаудың алғашқы қадамы дәл осындай турнирден басталады. Себебі 3-4 жастан бастап, халықтың алдында өнер көрсетіп, тәжірибе жинау қажет. Осының арқасында спортшылар қателікпен жұмыс істеп, эмоцияларын басқаруды үйренеді. Елімізде танымал спорттың біріне айналған көркем гимнастикаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Былтыр 350-ге жуық қатысушы жиналса, биыл 400-ден асып отыр. Әлемде көркем гимнастика Франция, Германия, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде қарқынды дамығаны сонша, кіші жарыстардың өзіне халық көп жиналады. Біз де ақырындап осы деңгейге өсіп жатырмыз» – деді көркем гимнастикадан ҚР Еңбек сіңірген спортшысы Әлия Юсупова.

Байрақты бәсекеде 2015 жылдан кейін туған спортшылар бақ сынап жатыр.

Жарыстың ашылу салтанатына көркем гимнастикадан жақында ғана Ташкентте өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, Париж Олимпиадасының жолдама иегері Эльжана Таниева да өз өнерін паш етті.

«Азия чемпионатынан кейін, Астана қаласындағы Қазақстан біріншілігіне қатыстым. Арасы қысқа ғана уақыт болғанымен, спортшы барлығына дайын болуы тиіс. Жарыстан кейін жас спортшылардың алдында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Олар да үлкен спортта биік белестерге жетеді деп сенемін» – деді Эльжана Таниева.

Жарыс бүгін аяқталады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button