Қоғам

Баға үшін балаға ұрыспаңыз!



Мектепке барғасын балаңның жақсы оқып, жақсы баға алғанын, әрине, қалайсың. Өзіміз де бала кезде ата-анамызды қуанту үшін барынша тырысып оқитынбыз.

Бірақ, кейінгі кезде «Алтын белгі» алмаса, «Үздік аттес­татқа ілікпесе, жүндей түтетін ата-аналарды көріп қалып, жағамызды ұстап қалатын жайымыз бар. Оларға баланың ой-арманы, мақсаты маңызды емес, айналасы не дейді, басқалардан қалайда қалыспай, бір саты жоғары тұру керек, яғни бәсекелесу синдромын қосып, амбиция мен реакцияға көбірек көңіл бөледі.

Мектепте көбірек «бес» алмағаны үшін жалғыз түйір қызын сабап, шашынан жұлатын шешелер туралы да естідік…

Жуырда бір португалиялық мұғаліммен тілдестім. Еліміздегі білім саласының бренді саналатын дарынды балаларға арналған мектепте химия пәнінен, ері физика пәнінен сабақ береді. Төрт жасар ұлы алты тілді жақсы біледі. Тоғыз жылдан астам бізде қызмет еткен ерлі-зайыпты мұғалімдер біздегі келісімшарты бітіп, жаңа шақырумен Қытайға кетіп барады екен. Сол мұғалім біздегі білім жүйесіне қатысты, мектеп ұжымы мен директорлар арасындағы былықтардың көп екенін бір-екі айтқан сөздерінен байқадым. Ал ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты қынжыла айтқанда, бетімнің қызарғаны анық. Жерге қарадым. Себебі «Сырт көз – сыншы» дегендей, ол біздегі тәрбие ісінде кездескен олқылықтарды тізіп, жанашырлықпен айтып тұр еді…

– Әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істедік. Қазақстан – біз үшін ерекше, ыстық мекен. Балалары өте қабілетті, талантты екенін бір көргеннен-ақ байқадық, – дейді Каталина ханым бізбен әңгімесінде.

Бірақ, бір өкініштісі сол, қазақстандық ата-аналар балаларының жан-дүниесіне жақындап, сөйлесіп, ой-армандарын білу дегенге мән бермейді екен. Баға үшін жерден алып, жерге салатын әке-шешені көріп, таңғалдық. Жақсы баға, әрине, жақсы, бірақ жүрек қалауымен алмаған, оқымаған нәрсенің бала болашағына қаншалықты пайдасы бар?!

Қабілетті баланы қолдау­дың орнына ұрсып-жекіп, көңіл-күйін түсірудің не керегі бар? Неге отбасылық институт баланың болашағына қызмет етпейді? Отбасын құрып алып, ерте үйленген жап-жас адамдар ертең саналы ұрпақты қалай тәрбиелемек? – дейді.

Мен де бұған жауап бере алмадым…

Шынында да ондай баланың болашаққа құлшынысы баяу, мінезі жабық, өмірге өкпелі болатыны айдан анық.

Баладағы білім сапасын анықтау мақсатында, әрине, неше түрлі бағалау жүйесі бар. Оның мақсаты – баланы басқалардан тұқыртып, басып-жаншу емес, қалайда оқушының бойына там-тұмдап болса да білім нәрін себу, кемел келешекке бағыттау, өз көзқарасы, дүниетанымы кең, парасатты ұрпақты тәрбиелеу екені түсінікті.

Үш баланың анасы ретінде айтайын, үлкенім, ұлым жақсы бағалармен аттестат алғанда да, үлкен қызым 6 класты үздік аяқтап, Назарбаев мектебіне конкурспен түскенде де, кіші қызым гимназияны «Алтын белгімен» аяқтағанда да асып-таспадым, маған ең маңыздысы – балаларымның үлкен өмірге үш тілді білетін, адамгершілігі зор азамат болып қалыптасуы басты орында болды. Әкесі екеуміз қолдан келгенді жасап, қалаған үйірмесіне тасыдық, барынша бағыт-бағдар көрсетіп, қолдадық.

Нәтижесі жаман емес сияқ­ты. Біздер жете алмаған биікке балаларымыз жетсе, біз көре алмаған қызықты солар көрсе деген тілек бар бізде.

Сондықтан, баланың жетістігімен қуанар алдында оған қандай қолдау жасағаныңызды бір рет еске түсірсеңіз, қандай әке, қандай шеше болғаныңызды ой сарабынан өткізгеніңіз абзал.

Қазақтың бітпейтін тойы мен садақасын түгендеймін деп жүріп, бала тәрбиесінен шет қалғаныңызды байқамай қалу – қасірет. Ұлт үшін.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button