Басты ақпаратЖаңалықтарҚала мен Сала

БАҒАНАЛЫ ОРДА БАСТЫ ОРДА, СЕН, АМАН БОЛ, АСТАНА!



«Астана тарихы – Тәуелсіз Қазақстан тарихы». Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Тәуелсіздікке қанат қаққан 1991 жылы болашақ Сарыарқаның төсінде жатқан шағын қалада небәрі 300 мыңға жуық халық бар еді. Шүкір, қазіргі уақытта Астана бар алаштың басын қосқан миллион тұрғыны бар шаһарға айналды.

Сайын далаға  көшкен сәт
1994 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы алғаш идеяны Парламент депутаттарының алдында айтты. Астананы солтүстікке қарай мың шақырымнан да қашықтықта жатқан Сарыарқаның сайын даласына көшіру туралы батыл шешім осы кезде қабылданды. Президент өз сөзінде астананы ауыстырудың төрт басты себебіне тоқталған еді. «Біріншіден, Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындады. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық. Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс. Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Төртіншіден, астананы аймаққа қарай көшіре отырып, біз құрамы жағынан көп ұлтты, тұрақты полиэтностық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отыр­ған халықтардың арасындағы дос­тықты сақтау және нығайту бағытын тағы да дәлелдедік» дегені әлі күнге дейін елдің есінде қалды.

Еркін экономикалық аймақ
1996 жылы Президент жарлығымен Ақмолада еркін экономикалық аймақ құрылды. Еркін экономикалық аймақ қала құрылысының қарқынды жүруі үшін қаржы тартуда және сол жағалауды игеруде қуатты катализатор болды. Табысты жұмыс нәтижесінде аймақ жұмысынан түскен табыстың 60 пайызын алып отырды.
1997 жылдың 20 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Респбуликасының астанасы деп жария­лау» туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 8 қарашада елордаға еліміздің көк туы, елтаңбасы және Президент байрағы жеткізілді.

Жаңа буын шоғыры
1996 жылы мұнда ең алғаш құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Елдің жаңа астанасында мемлекеттік қызметкерлерге арнап қызметтік пәтерлер көптеп салынды. Елімізде жаңа басқарушылардың легін дайындау қажеттігі мықтап қолға алынды. Осы ретте Президент өзі бас болып жаңа қалада жаңаша ойлайтын мамандардың жаңа шоғырын қалыптастыруға білек сыбана кірісті.

«Астана дегеніміз – Астана!»
Елорда тарихында 1998 жыл ел астанасы атауының өзгеруімен есте қалды. Қалай болғанда да жаңа ат ұсынуға келгенде небір ұсыныстар айтылғаны белгілі. Соңғы шешімді Елбасының өзі қабылдады. «Шынын айтқанда, астананың атауын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеу­мен болдым. Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуез­ді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!» деп ағынан жарылған еді. Ал 10 маусым күні жаңа астананың халықаралық тұсаукесері дүркірете тойланды. Бұл күні Қазақстан бүкіл әлемге өзінің жаңа, жас, жасампаз елордасы Астананы таныстырды.

Алғашқы марапат
Астананың ең алғашқы марапатын білесіз бе? Иә, елорда ең алғаш 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болып, арнайы медальмен марапатталды. Бұл абырой әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда тұрақтылыққа қол жеткізген, ұлтаралық татулықты сақтаған, әлем мәдениетіне елеулі үлес қосқан жас қалаларға беріледі.
Осы жылдары елімізде алғаш рет халық санағы жүргізілді. Республика бойынша 14 953 123 адам тіркелсе, бұл кезде Астана тұрғындарының саны 319324 адамға жетті.

Бас жоспарын бекітті
Қазақ елі жаңа ғасырдың табалдырығын жаңа астанамен аттады. 2000 жылы Астана «Халықаралық астаналар мен ірі қалалардың ассамблеясына» мүше болды. 2001 жылы Астананы дамытудың бас жоспары қабылданды. Ашық конкурсқа әлемнің айтулы сәулеткерлерінен 50-ден астам жоба ұсынылғаны белгілі. Нәтижесінде жапондық Кисе Курокаваның жобасы қабылданып, бас жоспарға өзгертулер енгізілді.

Айтулы оқиғалар алаңы
Көп ұзамай Астана айтулы оқиғалардың үлкен алаңына айналды. Мәселен, 2001 жылы Астанаға Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі бүкіл әлем үшін жаңалықтың жаршысы болды. Өйткені бұл Рим католик шіркеуі басшысының Орталық Азияға алғаш рет табан тіреуі еді. 2002 жылдың 30 тамызында бас қаланың бойтұмары «Астана-Бәйтеректің» тұсауы кесілді. Елбасы идеясымен салынған жобаның жетекшісі – Ақмырза Рүстембеков. Тамырын тереңге жайған Бәйтерек бүгінде өткен мен болашақтың белгісі іспеттес.

2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Дүние­жүзінде алғаш рет ұйымдас­тырылып отырған шараға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен мәртебелі меймандар келді. 2004 жылдың желтоқсанында жаңа резиденция – Ақорда ресми түрде ашылды. 2006 жылы бірегей ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы пайдалануға берілді. 2008 жылдан бастап 6 шілде мемлекеттік мереке болып жарияланды. Бұл күні барша қазақстандықтар Астана күнін тойлайды.

2009 жылы Астанада рес­публика бойынша тұңғыш зияткерлік мектеп ашылды. Физика-математика бағытында тереңдетіп оқытатын мектепте еліміздің барлық аймағынан келген дарынды балалар қабылданады. Осы жылы Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі монументі» бой көтерді. Ал 2010 жылы арадағы он жылдық үзілісті жалғаған ЕҚЫҰ-ға мүше 38 елдің мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басын қосқан Астана саммиті өтті.

«Мәңгілік елдің» қақпасы
2011-2017 жылдар аралығында Астананың жеткен жетістіктері көз қуантады. Әлемнің 27 елінен келген мыңнан аса спортшы қатысқан Азияда ойындарының ашылу салтанаты, 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының бой көтеруі, 2012 жылы Орталық Азиядағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игілігіне берілуі, 2013 жылы «Астана Опера» тетарының тұсаукесері, 2014 жылы Ұлттық мұражайдың ашылуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауы­, 2016 жылдың 4 шілдесіне миллионыншы тұрғынның дүниеге келуін қалай айтсақ та жарасады. Күні кеше «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұлы дала төрінде таныстырып, 114 ел мен 14 халықаралық ұйымның басын қосқанымыз­дың өзі неге тұрады?! Ендеше, елорда тойы қарсаңында ел мұраты жолында жасалған дүниелердің жаршысы болуға жазсын!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button