Қала мен СалаҚоғам

БАҒДАРЛАМАҒА АБАЙ БОЛСАҚ…



«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Астанада аптасына екі облыс­тан мәдени күндерін өткізуде. Сол арқылы өңір басшыларының мәдениет пен өнерді, спортты қолдау жайы, өнерпаздардың ізденіс деңгейі білініп қалып жатыр.

Өз басым Алматы және Атырау облыстарының күндеріне көңілім толды. Бұл аймақтардың мәдени бағдарламасы ауқымдылығымен есте қалды. Ал осы күндері өтіп жатқан Шығыс Қазақстан облысының күндері «әттеген-ай» дегізіп тұр. «Шырайлы Шымкент», «Шұғылалы Шығыс» деген сөз тіркестері құлағымыз­ға әбден сіңісті болды. Бірақ осы жолы «Нұршығыс» деген тосын тіркесті «Фейсбуктен» көріп, талайымыз қайран қалдық.

Өткен жексенбіде «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде Шығыс Қазақстан облысы өнерпаздарының концерті өтті. Концерт бағдарламасы қолға түсіп, ол да біраз күңгірт ойларға жетеледі. Менің ұғымымдағы мәдени күндер сол өңірден шыққан тұғырлы тұлғалардың қазақ өнеріне қосқан үлесін паш ету, Астанадан жырақта жатса да, биік өнерге адалдық танытып келе жатқан адамдарға бір көсілуге мүмкіндік беру. Мен үшін шығыс­тағы сондай өнер иелерінің бірі – Бақыт Үдербае­ва. Әнші сол концертке қатысты, алайда кең көсіле алмады.

Сосын концерт бағдарламасына марқұм Тұрсынғазы Рахимовтің бір-ақ әні енгізіліпті. Жарықтық Болат Сыбановтың әндері мүлде жоқ. Осыны естіп, бағдарламаға көңілі толмаған әнші Серік Оспанов та «Біз Болат Сыбановтың әндеріне тербеліп өскен ұрпақпыз» деген еді.

Осыған қарап, шығыстықтар репертуар­мен мүлде жұмыс істемейді деген ойға
қалып отырмын. Естуімше, Абай атындағы театр бір-ақ спектакльмен келіпті. Оның өзі шетелдік автордікі. Бүгінгі концерттік бағдарламаға Бауыржан Есебаевтың ел күнде естіп жүрген «Сүйгенім бол», орысша бірнеше ән қосыпты. Ау, солардың орнына Тұрсынғазы Рахимов пен Болат Сыбановтың әндерін қосса, тақияға тар келмес еді ғой…

Шыны керек, осыдан кейін өзім туған Қарағанды облысының мәдени күндері абыроймен өтсе екен деп тілеп отырмын. Театр ұлттық спектакль әкеліп (бірнеше қойылым болса, тіпті жақсы), әнші, күйшілердің репертуарына қайдағы жоқ шығармалар еніп кетпесе екен. Ұйымдас­тырушылар жағдайын жасап тұрып, Қорабай Есеновті Астанаға алдыртса, менің ғана емес, тұтас жұрттың алғысын алар еді. Оған себеп те бар, «Жас қалам» әні осыдан жарты ғасыр бұрын осы Астанада, сол уақыттағы Целиноградта туған (келесі жылы ағаның мерейтойына орай елордада шығармашылық кеші өтсе, тіпті ғажап болар еді). Қысқасы, мәдени бағдарламаға абай болыңдаршы, өңірлер!

Аманғали
Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button