Елорда тынысы

Бағзыдан басталған бауырластық



Кеше Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға ресми сапармен келді. Ақорда резиденциясында мәртебелі мейманды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына рапорт берді, сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанның әнұрандары орындалды.

Одан кейін Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты. «Былтыр тамыз айында мен Бакуге  сапармен бардым. Бұл сапарым аса нәтижелі болды және екіжақты қатынастарға тың серпін берді. Қазір президенттердің екі ел Үкіметіне берген тапсырмаларының орындалу барысын пысықтау қажеттілігі туды. Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер. Біздің тарапымыздан сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты форматтағы және халық­аралық ұйымдар аясындағы саяси қарым-қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге болады деп мәлімдеді. «Сіздің сапарыңыз аясында Жоғары мемлекетаралық кеңес құруды бекітеміз. Бұл екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін берері сөзсіз. Біздің сауда-­экономикалық өзара іс-қимылымыздағы айтарлықтай ілгерілеушілікті де зор қанағаттанушылықпен атап өткім келеді. Тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Экономикалық әлеуетімізді мүмкіндігінше толыққанды ашып, бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізе аламыз деп сенемін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, ИТ, ауыл шаруашылығы өнеркәсіп және басқа да салаларда байыпты қор бар» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент мәдени-гуманитарлық байланыс та рет-ретімен нығайып келе жатқанына назар аударды.

«Екі елдің мәдени онкүндіктерін өткізу туралы уағдаластықты айрықша атап өткім келеді. Қазақстанның мәдени күндері осы жылдың ішінде өтеді. Бүгін біз Әзербайжанның құрметті Президентімен көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің атындағы көшені ашамыз. Бұл іс-шараны әзербайжан халқының ұлы тұлғасының 100 жылдығына орайластырып отырмыз» деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Гейдар Әлиевтің өміріне арналған «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмінің таныстырылымы өтетіндігін айтты. Фильмді Қазақстан телерадио корпорациясы түсірген.

Ильхам Әлиев өзіне сөз кезегі келгенде зор құрметпен және қонақжайлықпен қарсы алған Қазақстан басшысына алғысын жеткізді. «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, арнайы шақырғаныңызға және қонақжайлығыңызға алғыс айтамын! Гейдар Әлиевке көрсеткен құрметіңіз үшін бүкіл Әзербайжан халқының және жеке өз атымнан ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы, біз барша Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз. Әзербайжанға ресми сапарыңыз барысында осындай тілеулестікті Сіз де байқадыңыз деп ойлаймын. Біздің ресми сапарлар аясында жиі кездесуіміз осы қарым-қатынасымыздың сипатын аңғартады және ұдайы байланыста болу қажет екенін көрсетеді» деді ол.

Әзербайжан басшысы екі ел арасындағы бауырластық, ынтымақтастық қарым-қатынастардың шынайы екенін қадап айтты. «Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырлас­тық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие» деді И.Әлиев.

Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Респуб­ликасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы хаттамаға және т.б. құжаттарға қол қойылды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button