Басты ақпаратҚала мен Сала

Байқоңыр ауданы: Бес жылдағы белестер



Бас қаламыздың бір бөлігінен орын тепкен Байқоңыр ауданы үшін биыл айшықты жыл болғаны белгілі. Жас ауданның құрылғанына жақында бес жыл толды. Сырт көзге қас-қағым сәт болғанымен, осы бес жылдың ішінде бойын тіктеп, елорда жүрегінен жол тапқан ескірмес көне орталығының біріне айналды. Күн санап көркейген ауданның жыл сайын маңызы артып, мәртебесі өсуде. Жалпы аумағы 18 129 гектар жерді алып жатқан аталмыш аудан халқының саны бүгінде 238 мыңды құрады. Газетіміздің осы санында елорданы көркейтуге елеулі үлес қосып келе жатқан Байқоңыр ауданының әлеуметтік-­экономикалық дамуы мен тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн көрдік.

Қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді

Бес жыл ішінде жас аудан Астананың маңызды орталық­тарының біріне айналды. Ел игілігі жолында атқарылған шаруа аз емес. Тұрғындар саны күн санап өсіп келеді. Оларды жарықпен, сумен, жылумен, газбен қамтамасыз етуде іркіліс болған жоқ. Әсіресе, инфрақұрылымды қалпына келтіру және дамыту, экономикалық әлеуетті арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға көп көңіл бөлініп келеді. Игі істердің барлығы аудан тұрғындарының көз алдында жүзеге асырылып жатыр.

Аудан аумағында Өндіріс, Кирпичный, Казгородок тұрғын алаптары және 12 саяжай қауымдастығынан тұратын Қоянды саяжай алабы орналасқан.

Өткен жылы аудан аумағында 7 қоғамдық орын жабдықталды, оның 4-еуі, атап айтсақ, Бараев көшесіндегі, Ақбұлақ өзенінің және Есіл өзенінің жағасындағы, сондай-ақ Шәкен Айманов көшесіндегі Ататүрік саябағындағы кеңістіктер аудан әкімдігінің араласуымен жүзеге асырылды. Қоршаған ортаны қорғау басқармасы мамандарының күшімен Пушкин көшесіндегі 8-үйдің, Абай даңғылындағы 57/1-үйдің және Иманов көшесіндегі 32-үйдің жанындағы қоғамдық кеңістіктер ретке келтірілді.

Ағымдағы жылы аудан аумағындағы тағы 8 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде бес нысан, атап айтсақ, «Беласар» көпірінің астындағы кеңістік – Тәуелсіздік даңғылынан Амман көшесіне дейінгі аралық, Егемен Қазақстан көшесі мен Бейсекбаев көшелерінің арасындағы Кенесары көшесі, Кенесары көшесінен Абай даңғылына дейін және Кенесары көшесі, 73 мекенжайына дейінгі аумақ Байқоңыр ауданының әкімдігі арқылы абаттандырылады. Ал Қоршаған ортаны қорғау басқармасы арқылы Таха Хусейн мен Тәшенев көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Абай, 99 бойында және «Жастар» сарайының алдында орналасқан кеңістік қайта жабдықталады.

Өндіріс алабындағы Үшқоңыр көшесіндегі кеңістік қайта абаттандырылып, тұрғын алап тұрғындары үшін жаңа қоғамдық демалыс аймағы пайда болды. Абаттандыру барысында спорт алаңы, балалар ойын алаңқайы, workout аймағы және демалыс орындықтары мен тербелмелі әткеншектер жайластырылды. Сонымен қатар, жарықтандыру тіректері, қоқыс жәшіктері, шағын архитектуралық формалар орнатылып, абаттандырудың барлық элементтерімен жабдықталды.

Жыл басынан бері бой көтерген қоғамдық кеңістіктердің арасында елорданың 25 жылдығына орай Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен Егемен Қазақстан көшесіндегі «Журналистер» аллеясының орны бөлек. Аталған аллея бүгінде елордалық қаламгерлер қауымының, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің басын қосатын, ортақ жетістіктерді атап өтетін, бұқаралық-мəдени шаралар өткізетін алаңға айналды. Саябақта баспа саласы қызметкерлерінің құрметіне арнайы «Оқырман» мүсіні жəне тілші мен оператордың арнайы мүсіні, сәнді стеллада Ахмет Байтұрсынұлы мен Шерхан Мұртазаның бейнесі орналастырылған.

Кенесары көшесінің бойында биыл ерекше гүлзарлар пайда болды. Аталмыш көшенің Егемен Қазақстан және Бейсекбаев көшелерімен қиылысында, сондай-ақ Кенесары көшесіндегі 73 және 77 үйлердің аумағындағы гүлзарлардың аумағы толығымен абаттандырылып, жарықтандырылды, спорттық және балалар алаңдары орнатылды. Әрбір гүлзар өзіне тән қайталанбас стильге ие.

Елорда тұрғындары кешкі уақытта бақтар мен гүлзарларда жиі серуендей бастады. Осыны ескере отырып, аудан аумағындағы «Ақбұлақ» өзенінің жағалауы (Амман көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейін) және Ж.Жабаев саябағы, сондай-ақ «Ақбұлақ» өзенінің жағалауы (Абылайхан даңғылынан Ш.Құдайбердіұлы даңғылына дейін орталық кеңістік) толығымен абаттандырылып, бүгінгі күні ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, Ш.Уәлиханов көшесі бойында жаяу жүргіншілер кеңістігін қайта жаңарту арқылы А.Бараев көшесінен С.Сейфуллин көшесіне дейінгі кеңістік, «Ақбұлақ» өзенінің жағалауы, нақтырақ айтсақ, Пушкин көшесіндегі №2, №4 және №6 үйлер мен Тәуелсіздік даңғылының аралығы, сонымен бірге М.Ганди ескерткішінің аума­ғындағы қоғамдық кеңістікті, «Ақбұлақ» өзенінің жағалауындағы гүлзарды жайғастыру жұмыстары жүргізілді.

Аудан ажары – абаттандырылған аулалар

Аудан аумағындағы әр үйдің ажарын кіргізетін жері – аулалары. Байқоңыр ауданының аулалары да күн сайын көркейіп келеді. Бүгінгі таңда мұндағы аулалардың жалпы саны – 239. Олардың 180-і немесе 75 пайызы абаттандырылған. Соның ішінде өткен жылы Астана қаласының Байқоңыр ауданында 55 аула абаттандырылды, оның 15-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілді.

2019 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба аясында аталмыш ауданда заман талабына сай барлық қажетті құралдармен жабдықталған аулаларда әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары мен түрлі-түсті қондырғылар, әткеншектер мен асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдары бар. Олардың бәрі тұрғындарға лайықталған. Мұнда немерелерін ойнатуға шыққан ата-әжелер үшін де әңгімелесіп, дидарласуға арналған жайлы орындықтар мен қоқыс жәшіктері, тіпті спортпен айналысамын дегендердің шынығуы үшін де барлық жағдай жасалған.

Аудан аумағында аулаларды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Биыл қала күні қарсаңында А.Бараев көшесі 9; Ж.Тархан көшесі, 17; Ш.Иманбаева көшесі 2; 8/1 мекенжайлары бойынша жаңадан абаттандырылған аулалар пайдалануға берілді. Аталған аула алаңдары жаңа ойын алаңқайларымен, футбол, баскетбол алаңдарымен, арнайы демалыс орындықтарымен, воркаут аймағымен жабдықталды. Бұдан бөлек, жарықтандыру тіректері, асфальт жабыны, шағын архитектуралық формалар да жайластырылды. Тұрғындардың тұрмысына қолайлылық жасап, жайлы орта әзірлеу үшін істелген бұл жұмыстарға аудан тұрғындары дән риза.

Байқоңыр ауданның инфрақұрылымдарын дамыту, аумақтарды көгалдандыру жұмыстары туралы аудан тұрғыны Арман Батырұлы былай деп әңгімеледі.

– Бұрын біздің үйлер Сарыарқа ауданына қарайтын, соңғы бес жылдан бері Байқоңыр ауданының қарамағындамыз. Ескілеу болғанымен, үйіміз жылда жүргізілетін жөндеудің арқасында жарқырап тұр. Былтыр ауламыз адам танымастай өзгерді. Балалар алаңына неше түрлі ойын құралдары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жол кеңейтілді. Көшеміз де көріктендіріліп, көшеттер отырғызылып жатыр. Осы істердің басы-қасында жүрген аудан әкімдігіндегі іскер, білікті азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Алла разы болсын! – деді аудан тұрғыны Арман Батырұлы.

Жарықтандыру жұмысы жалғасады

Аудан бойынша күнделікті көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелер мен аула аумақтар жарықтандырылып жатыр. Ескірген жарық шамдары айырбасталып, заманауи диодты шамдар орнатылса, электр энергиясын тиімді пайдалану және үнемдеу үшін энергия үнемдейтін жарықдиод­ты шамдар орнатылуда.

Тұрғын алаптардағы көше және аула аумақтарын жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың басынан бастап Кирпичный, Казгородок, Өндіріс тұрғын алаптары бойынша барлығы 50-ден аса бағаналы шамдар ауыстырылды, сондай-ақ жыл соңына дейін қосымша тағы 100-ге жуық бағаналы шамдар ауыстыру жоспарлануда.

Жарықтандыру аспаптарын орнату бойынша жұмыстар аудан­ның барлық көшелерінде жүргізіліп жатыр. 2022 жылы аудан аумағында 216 көше бойынша 131 жаяу жүргіншілер өткелінде электр желісі ауыстырылды. Жарықтандыру аспаптарын орнату бойынша жұмыстар ауданның барлық көшелерінде, сондай-ақ 446 көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберістерінде, балалар алаңдарында жүргізілді, орамішілік кіреберістер мен өтпелер жарықтандырылды, жарықтар саны 1251 дана болса, биыл Байқоңыр ауданындағы Алаш тас жолы, әл-Фараби даңғылы мен Пушкин көшесінде ұзындығы 18,81 шақырым кабельдік желілерді ауыстыру көзделіп отыр. Сонымен бірге Уәлиханов, Иманов, Пушкин, Кенесары, Жаңажол көшелеріндегі уақытша әуе кабельдік желілерін ауыстыру, жұмыс істеп тұрған 13 кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларды қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының тілегімен А.Сембинов, 9/1, Кенесары, 70, А.Бараев, 10/4, Кравцова 5/2, Т.Хусейн, 3, С.Рахымов, 22, Көктомар, 18, Игілік, 4 мекенжайларында жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Техникалар қысқа дайын

Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ришат Тұрдыбеков қысқы мезгілге арнайы техникалардың дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында мердігер ұйымдардың жұмыс базасында тексеру жұмыстарын өткізді.

Мәселен, қысқы кезеңде аудан бойынша қар жинауға әр ауысымда орта есеппен 160 бірлік арнайы техника жұмылдырылатын болады. Оның ішінде 5 бірлік күреу техникасы, 11 бірлік грейдер, 56 бірлік КаМАЗ, 21 бірлік сыпырғыш, 6 құм таратқыш, 15 бірлік МТЗ, 8 бірлік МКСМ, 18 бірлік алдыңғы тиегіштер және 360-тан астам жол жұмысшылары бар. Сондай-ақ кварталішілік аумақты тазалау үшін 15 бірлік КаМАЗ, 10 бірлік фронтальды тиегіштер, 5 бірлік МТЗ жұмылдырылатын болады.

Алдағы қысқы кезеңде пайдаланылатын арнайы техниканың дайындығын тексерген Ришат Тұрдыбеков өндірістік базадағы қар тазалайтын және басқа да мамандандырылған техникалардың саны мен сапасы және қосымша дайындығы бойынша мердігер ұйым басшылары мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берді.

4 700 тонна қоқыс шығарылды

Байқоңыр ауданында стихия­лық қоқыс үйінділерін жою және орынсыз жерлерде қоқыс төгетіндерді жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Күн сайын экологиялық полициямен бірлесіп мониторинг ұйымдастырылады. Сонымен қатар, бұл мәселеде тұрғындар, әлеуметтік желілердегі сұраныстар мен «Ғарыш сапары» суреттері көмектеседі. Бұзушылар рұқсатсыз қоқыстың жергілікті нүктелеріне орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен анықталады.

Соңғы мониторинг нәтижесінде Байқоңыр ауданында рұқсатсыз қоқыс төгілген 26 нүкте анықталды. Оның 15-і басқа жер пайдаланушыларға тиесілі болса, 9-ы расталды. Бүгінгі таңда расталған 9 нүктенің 8-і жойылды. Жетіген көшесі, 40 мекенжайда орналасқан бір нүктеде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде аудан аумағынан полигонға 2 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ 2023 жылдың басынан бері 64 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 931 500 теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Аудан әкімі аппаратының қызметкерлері экологиялық полиция өкілдерімен бірлесіп тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, күл мен басқа да қалдықтарды шығаруға шарттар жасасуға шақырады.

Көрікті көшелер қатары артты

Қазіргі кезде Байқоңыр ауданы­ның аумағында 216 көше бар. Жалпы ұзындығы 194 шақырымды құрайтын аудандағы 177 көше асфальтталған. 39 көшеде немесе 32 шақырым аумақта асфальт жоқ. Өткен жылы жолдардың 6,5 шақырымында орташа жөндеу жүргізіліп, 34 учаскеге фрезерлік материал төселді. 2022 жылы 11 көше, ұзындығы 6,426 км жолдар орташа жөндеуден өтті. 2023 жылы ұзындығы 11,7 шақырымды құрайтын 11 көше жөнделеді.

Байқоңыр ауданында 211 аялдама нүктесі бар. Соның ішінде 147-сі – вандалдыққа қарсы типте, 28-і – жылы аялдама. Ал 22 нүктеде аялдама жоқ. Былтыр 8 жылы, 3 вандалдыққа қарсы павильон орнатылды. Биыл 10 жылы, 8 вандалдыққа қарсы аялдама орнату жоспарланып отыр.

Көгалдандыру бойынша өткен жылы біраз жұмыстар жүргізілді. Мәселен, өткен жылы аудан аумағына 2 мыңға жуық ағаш пен 10 мыңнан астам көпжылдық бұта отырғызылды. Биыл тағы 10 мыңнан аса бұта мен 3 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button