ӘлеуметЖаңалықтар

БАЛА БАҚЫТЫ – ҚОҒАМ БАҚЫТЫ



БАЛА ДЕГЕНДЕ ӘРКІМНІҢ ЖҮРЕГІ ЕЛЖІРЕЙДІ ЕМЕС ПЕ?! БАЛАҒА МЕЙІРІМ ТӨГІП, ОНЫ БАУЫРҒА БАСЫП, ЕРКЕЛЕТКІҢ КЕЛІП ТҰРАДЫ. МЕЙЛІ, ОЛ ӨЗ ҚАТАРЛАСТАРЫНА ҚАРАҒАНДА ЕРЕКШЕ БОЛСА ДА. СЕБЕБІ АУТИЗМ, ДАУН СИНДРОМЫ ЖӘНЕ САЛ АУРУЫНА ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАР ҚОҒАМНЫҢ ЕКІ ЕСЕ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫНА, АЙРЫҚША КӨҢІЛІНЕ ЗӘРУ. АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ОСЫ ҚАҒИДАТҚА СҮЙЕНЕ ОТЫРЫП, БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ БҮЛДІРШІНДЕРГЕ МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ.

kbb_6847

Сол күні орталықтың игілігін көріп жүрген мұқтаж жандар мекеменің кіреберісінде 10 шақты мамыргүл бұтағын екті. Шығармашылыққа ерік беріп, «Менің бақытты Қазақстаным» тақырыбында сурет салды. Дегенмен, балалардың өміріндегі ең үлкен қуаныш – өздігінен жүріп-тұру, қоғаммен еркін қарым-қатынас жасау және сол бақытты сезіне білу.
Қ.Сәтпаев көшесі, 31 мекенжайында орналасқан орталықтың ашылғанына көп болған жоқ. Бірақ жетістіктері қуантарлық. Бір жылдан астам уақытта 9 бала аяққа тұрып, дәл осы мекемеде тәй-тәй басты.
Мерекеге қатысқан Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, орталық Астананың үш ауданында болған сегіз әлеуметтік көмек бөлімін біріктірді. Соның арқасында қызмет көрсетудің ортақ стандарты қалыптасып, жұмыс ілгеріледі. Биыл немесе келер жылы мекеме тағы бір ғимаратқа қол жеткізуді армандайды.
Мекеме «ерекше» балалармен қатар, қараусыз қалған қарттарға да қарайласады. Бүгінде орталықтың қызметін 640 адам пайдаланып отыр. Оның ішінде көмекке мұқтаж 320 қарт пен I, II топ мүгедектері болса, қалғаны кішкентайлар. Жақын арада орталық тағы 160 азаматты қабылдауға дайындалып жатыр. Соған байланысты осы жаздан бастап ересектер мен балаларға арналған екі бөлімше ашылады.

Әлеуметтік қызметкер – мейірімді жан

Орталық басшысы Рысты Баймағамбетова әлеуметтік қызметкер дегеніміз кім, оның атқаратын жұмыстары қандай деген сұраққа жауап берді.
– Сегіз қартқа қарап, бес-алты баланы бағу – бір қызметкердің мойнында. Жауапкершілік өте жоғары. Әлеуметтік қызметкерлер қарттар мен мүгедектерге барын салып көмектеседі. Үй жинау, коммуналдық қызметтерді төлеу, анықтама алу, азық-түлік сатып алу, тегін дәрі-дәрмекті алу үшін біздің мамандарға жүгінеді. Себебі жалғызбасты әжелер мен аталар өздігінен жүріп-тұрудан қалған. Ал қызметкерлердің алатын жалақысы мардымсыз – оларға 40 мыңнан 65 мыңға дейін жалақы тағайындалған, – деп өзін алаңдатқан мәселемен бөлісті мекеме директоры.
Не дегенмен Рысты Баймағамбетова жағдайдың жақсы жаққа өзгеретініне сенімін жоғалт­пақ емес. «Қазіргі таңда жалақы аз болса да, бұл салада жұмыс істеп келе жатқан мамандардың еңбегі еленіп, абыройы артады деп ойлаймын» дейді ол. Бұл ойды қызметкерлердің өзі де ұстанатын секілді. Қосымша бөлімдер ашылғанына байланысты, олардың қатары 25 маманға толықты. Былтыр орталыққа университеттен түлеп ұшқан 17 жігіт жұмыс істеуге келді.

kbb_6817
Мекемеге күн сайын келіп тұратын Балқия Сабыр есімді әйел орталықтағылардың еңбегін ерекше бағалайды. Себебі қызы Нұрайша Даун синдромына шалдыққан. Баланың денсаулығын жақсартып, бірқалыпта болуы осы қызметкерлердің арқасы дейді «ерекше» баланың анасы. «Орталыққа келгенімізге екі айдың жүзі болды. Өте жақсы, қызыма ұнайды. Мекеменің мамандары ынты-шынтысымен беріліп жұмыс істейді. Әр балаға шын көңілімен қарайды» деп ризашылығын білдірді ол.

Тәй-тәй басып кетеді…

Баланың саулығы бір ғана маманға байланысты емес. Орталықта психолог, логопед, музыкалық терапевт, дефектолог сияқты мамандар жұмыс істейді. Бүлдіршіндердің денсаулығын атшабар мен бассейнде жасалатын жаттығулар жақсартады. Кейде қызметкерлер аптасына 2-3 рет балалардың үйлеріне барып тұрады.

kbb_6832
Сауықтыру сабақтары сәтті болуына арнайы жабдықталған бөлмелердің тигізетін пайдасы зор. Балалардың тәй-тәй басып кетуі үшін грос аспалы конструкциясы, вертикализатор атты құрылғы пайдаланылып, «Атлант» костюмдерінде жаттығу жасалады. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың қозғалысын осындай озық медициналық құралдар жақсартады.
Ал логопедтер баланың сөйлеу қабілетін дамытып, зейі­нін арттырады. Психологтар балақайлардың емін-еркін ойнап, тынығуына барын салады. Олардың бөлмесінде күндіз де жарық жанып тұрады. Психологтан шығып балалар массажға, одан кейін жаттығуға кетеді. Осындай ауыр жүкті арқалаған жандарға оңай емес, әрине. Сондықтан біз ел болып, жұрт болып, балалардың бақытына себепкер болуымыз керек. Себебі бала бақыты – қоғам бақыты.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button