Елорда тынысы

Бала таланттар байқауы



Кеше Астанада «Біздің таланттар» республикалық байқауы­ның I қалалық іріктеу кезеңі өтті. Ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтенуі мен шығармашылық талантын ашуға бағытталған байқауға 80-ге жуық бала қатысты.

Байқау алты аталым бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Алтын дауыс» – балалар әндері (жеке айту, дуэт, трио және т. б.); «Үздік декларатор» (өлеңдер, ертегілер, мысалдар); «Кішкентай биші» (жеке би, жұптық би, флешмоб); «Жаңа бастаған әртіс» (театрландырылған қойылым); «Оркестр» (балалардың аспаптарда ойнауы, жеке орындау) және «Бармағынан бал тамған» (сурет салу, мүсіндеу, аппликация және т. б.).

«Өнер байқауы осымен екінші рет өткізілді. Оған 3 пен 10 жас аралығындағы балалар қатысты. Олар сахнада ән айтып, би билеп, өз өнерін көрсетті. Бастысы, әр бала назардан тыс қалмады, байқау соңында өнерпаздарға грамоталар мен сыйлықтар табыс еттік» деді Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің бас маманы Гүлшат Исинова.

Жалпы қазіргі уақытта Астанада ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, интеграциялау және әлеуметтендіру мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Табысты әлеу­меттену шартының бірі – баланың шығармашылықтың сүйікті түрімен айналысып, құрдастарымен қарым-қатынас жасаудың табиғи тәжірибесін және жағымды әсерін алуы. Сондықтан қазіргі заманғы арнайы білім беру жүйесінің басым бағыты – жас ұрпақтың бойында шығармашыл тұлғаны дамыту. Психологиялық тұрғыдан алғанда, мектеп жасына дейінгі балалық шақ – шығармашылық қабілеттің дамуына қолайлы кезең. Бұл жаста балалар өте ізденімпаз, олардың айналадағы әлемді білуге деген құлшынысы зор болады.

Сабина КӘКІМЖАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button