Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

БАЛАБАҚША АШУ ОҢАЙ МА?



erm_8488-asli

Астанадағы Оқушылар сарайында елордадан жеке­меншік балабақша ашамын деп қызы­ғушылық білдірген азаматтарға ашық есік күні өтті.

МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСТЫ  ОРЫНДАЙДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік аясын кеңейту кәсіпкерлікті дамытуға зор мүмкіндік беретіні жайында тереңірек айтылған еді. Осы бағытта бас қаламызда бірқатар жұмыстар басталып та кетті. Әсіресе, кейінгі кездері елордада жекеменшік балабақша ашқан бизнес өкілдерінің қатары көбейді. Оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Оған кешегі шарада анық көзіміз жетті.
Ашық есік күні аясында қалалық Білім басқармасы, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, қазақстандық мектепке дейін­гі ұйымдар қауымдастығы, ҚР Бас прокуратурасы, «Атамекен» ҰКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктерінің құрылымдық бөлімшелері мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері «бір терезе» қағидаты бойынша келушілердің талап-тілектерін қабылдап, оларға қажетті ақпараттар ұсынып, заңдық тұрғыдан кеңес берді.
Шараға қызығушылық білдірген 140-тан астам адам келді. Оның ішінде 61 азамат жекеменшік балабақша ашуға тікелей ниет танытса, 18 кәсіпкер өздері ашқан мектепке дейінгі ұйымның жұмыстарын келушілерге көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік тапсырыс туралы кеңірек мағлұмат алды.
– Бүгінде елордада 95 мемлекеттік, 116 жеке балабақша жұмыс істейді. Жеке­меншік мектепке дейінгі ұйымдар­дың дені мемлекеттік тапсырыс алады. Жыл санап жеке балабақшалардың қатары көбейген сайын кезек те азайып келеді. Бүгінде қалалық әкімдіктің шешімімен мемлекеттік пен жекеменшік балабақшаның төлемдерін теңестіру үшін жұмыстар жүргізілуде. Айталық, мемлекеттік балабақшаның ай сайынғы төлемі 16 800 теңге болса, жекеменшік ұйым 20 800 теңгені құрайды. Соншалықты айырмашылық жоқ. Алайда, балабақша ашу оңай емес. Кәсіпкердің жекеменшік немесе жалға алған ғимараты болып, ол санитарлық нормаларға сәйкес болу қажет. Тізім бойынша құжаттар дайындайды. Содан кейін талапқа лайық болған жағдайда мемлекеттік тапсырыс ала алады, – дейді Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу бөлімінің басшысы Анар Смакова.

Бүгінде елордада 95 мемлекеттік, 116 жеке балабақша жұмыс істейді. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың дені мемлекеттік тапсырыс алады. Жыл санап жеке балабақшалардың қатары көбейген сайын кезек те азайып келеді. Бүгінде қалалық әкімдіктің шешімімен мемлекеттік пен жекеменшік балабақшаның төлемдерін теңестіру үшін жұмыстар жүргізілуде. Айталық, мемлекеттік балабақшаның ай сайынғы төлемі 16 800 теңге болса, жекеменшік ұйым 20 800 теңгені құрайды. Соншалықты айырмашылық жоқ.

КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Мемлекет басшысының бастамасымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынды. Соның нәтижесінде еліміздегі шағын және орта бизнестің бойына қан жүгіріп, көптеген азаматтар «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, өз шаруаларын дөңгелетіп әкетті. Әсіресе, соның ішінде әлеуметтік салаға көп басымдық берілген. Содан болар, шараға келушілер алдымен «Даму» қорынан келген өкілдермен жүздесіп, ұтымды жауаптар алды.
«Бизнестік жол картасы – 2020» бағдарламасымен жекеменшік балабақша ашамын деген азаматтар көп. Соған байланысты екінші деңгейдегі банктерден адамдарға жылжымайтын мүлік сатып алу, оны кеңейту және жабдықтар сатып алуға жеңілдетілген несие қарастырылған. Мәселен, бағдарлама аясында екінші деңгейдегі банктер 14-16 пайызбен несие береді. Бірақ 19 пайызға дейін берілетін несиенің 7 пайызын «Даму» қоры арқы­лы мемлекет төлейді. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша 30-дан астам жекеменшік мектепке дейінгі ұйым­ға қолдау көрсетілді» дейді «Даму» кәсіп­кер­лік дамыту қоры» АҚ-ның Астана ай­мақ­­тық филиалының директоры Мереке Сыздықов.
Сондай-ақ, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлия Қожабаеваның айтуынша, елорда әкімдігі «Старт-бизнес Астана» деп аталған бағдарламаны іске қосып, соның аясында өз ісін енді бастаған кәсіпкерге екінші деңгейдегі банктерден 8,5 пайыз мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие беруді қолға алған. Сонымен бірге аталған бағдарлама шеңберінде мектепке дейінгі оқуды ұйымдастыру жобасы бойынша жаңа балабақша салған кәсіпкерге тегін инфрақұрылым тартылады. Әрине, бұл үлкен қолдау деп айтуға болады. Осындай мемлекет тарапынан қолдау көрген «Мерей» жекеменшік балабақшаның директоры Самал Айтқожина бізге өз тәжірибесімен бөлісті.
– Кейінгі жылдары елімізде сәбилердің өмірге келу көрсеткіші өте жоғары. Бір күнде перзентханда 35 бала дүниеге келеді. Әуелі балаларды дамытатын орталық аштым. Соған жеткіншектерін әкелген ата-аналар «сіз неге балабақша ашпайсыз?» деген идея берді. Содан «Даму» қорына барып, барлық құжаттармен танысып, бір айдан кейін несиеге қол жеткізіп, ғимарат сатып алып, 2012 жылы алғашқы балабақшамның жұмысын бастадым. Елорда әкімдігі де қолдау білдірді. Қазір менде екі жекеменшік мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 150 бала қабылданған. Балғындарды қазақ және орыс тілінде тәрбиелейміз. Қызметкерлердің бәрі жоғары білімді мамандар, – дейді ол.

ӘДІСТЕМЕДЕ ӨЗГЕРІС БОЛМАЙДЫ

Шара барысында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың өкілдері көрме ұйым­дастырды. Онда түрлі бағыттағы жүр­­­гізілген жұмыстар жұртшылыққа ұсынылды.
– «Baby-Village» жекеменшік балабақ­шасы бас қаладағы экологиялық таза ай­мақ­­та орналасқан. Біздің ұйымда 2 мен 7 жас арасында 170-тен астам балғын бар. Олар жас ерекшеліктеріне қарай қазақ және орыс тілінде екі топқа бөлінген. Бір топта 20-25 бала орналасқан. Балаларды логикалық-математикалық жағынан дамытамыз. Осы бағытта әдістемелік нұсқаулық шығардық. Типтік бағдарламаны негізге алып, инно­вациялық бағытта сабақ жүргіземіз. Бала­ның ақыл-ойын дамытатын ойындар өткіземіз. Ұлттық ойындарға ерекше мән береміз. Өткен жылы 35 балаға биыл 115 жеткіншекке мемлекет тапсырыс алдық. Ата-аналар соған қатты қуанышты, – дейді аталған балабақшаның логика-математика пәнінің оқытушысы Айнұр Русланқызы.
Жалпы мемлекеттік пен жекеменшік балабақшаның оқу-әдістемелік жүйесінде ешқандай айырмашылық болмайды. Еліміз бойынша жалпыға бірдей стандарттық типтік бағдарлама бар. Сол жүзінде әдіс­темелік сабақтар жүргізіледі.
Қысқасы, ашық есік күніне келіп, жеке балабақша ашуға қызығушылық біл­дірген азаматтардың бәрі де жауапты ма­мандарға өз ұсыныстарын жеткізіп, нақты жауаптар алды. Қалай болғанда да, бал­ғындарымыздың ең бір тәтті шақтары бақытты өтсе екен дейміз. Енді Астана әкім­дігі осындай елге пайдасы бар акцияны алдағы уақытта жиі өткізіп тұратын болады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button