Басты ақпаратҚоғам

Балаға «Тәйт» демеу дұрыс па?



Астана қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бұған дейін де бірнеше акция өтті. Ер адамның әйелге қол көтеруін, баласын сабауын қоғам қатаң айыптайды. Мұндай адамдарға тоқтау салу, оларды жазалау дұрыс деп санайды. Отбасындағы әйел мен балаға қатысты кез келген жуан жұдырықтық аяусыз әшкереленуі қажет. Осыған орай елордада наурыз айында қоғам белсенділері ұйымдастырған «Ана мен баланың құқығын қорғау – елдік мүдде» деген тақырыпта дөңгелек үстел мәжілісі өткен еді.  Онда айтылған пікірлерді күні кеше елдің Парламенті мақұлдап, Мемлекет басшысы жаңа заңға қол да қойды. Енді ол биыл 16 маусымынан бастап күшіне енеді.

Заңды қатайту – негізді

Бірақ осы жерде үшбу заң туралы пікір екіге жарылып тұр. «Әрине, қылмыскерді жазалаған жөн. Дегенмен, баласына «тәйт» демейтін әке бола ма? Әкеміз бала күнімізде талай қамшының астына алып, сарайға қамап қоятын. Қазір ойлап отырсам, соған ол кісіні өзім мәжбүрлейді екенмін. Шектен шыққан тентектік жасаймын. Қыңырлық танытып, айтқанын тыңдамаймын. Сосын жүйкесі шыдамаған әкеміз бір күні таяқтың астына алады. Қазір өзімнің төрт балам бар. Жасыратыны жоқ, бір балам сәл еркелеу. Сабаққа бармай, көше кезгені үшін бірнеше рет шапалақтадым да. Енді жаңа заң бойынша мен балам қандай қыңырлық танытса да, қол көтере алмайды екенмін» дейді елорда тұрғыны Серік Сағынтайұлы.

Біреулер «Еуропа елдерінде бала тәрбиесі бізден өзгешелеу» дегенді айтады. Онда балаң «дүкеннен ойыншық әпермедің» деп жер тепкілеп жылап жатсын, ұйықтамай, түнімен музыка тыңдап шықсын, оған ешқандай дауыс көтермей, тек мұнысы дұрыс емес екендігін айтып, мән-жайды түсіндіруіңіз керек екен. Кез келген әрекетіне төзімділік танытып, кәмелетке толмаған балаңызбен әрқашан терезесі тең сөйлесуіңіз қажет. Олай болмаған жағдайда ювенальды полиция қыз­меткері мұны балаға көрсетілген психикалық қысым деп бағалап, сізді әкімшілік жауапкершілікке тартуы әбден мүмкін.

Сондықтан «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңға енгізілген түзетулер мен толықтырулар отбасына ойран салатындардан бұрын кейбір ата-­аналарды да қатты алаңдатып отыр. «Қазақстанның ата-аналар одағы» қоғамдық бірлестігі деп аталатын ұйымның сайтын ашып қалсаңыз, Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдап, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейінгі осы құжаттың айналасында күн сайын талқылаулар мен пікір таластар орын алып келеді. Кейбір адамдарда «енді баламызға ұрысып, дауыс көтеруге де құқығымыз жоқ па?», «артық қылымыз деп тыртық қылып жүрмейік» деген сыңайдағы үрей мен дүрбелең байқалады.

Дегенмен, қолданыстағы заңды бұлай қатаңдатуға толық негіз де бар еді. Қазақстан Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспановтың айтуынша, жыл басынан бері перзенттеріне дұрыс қарамаған алты мың ата-ана есепке алынып, 12 мыңының үстінен әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде іс қаралған. Сондай-ақ, 600 отбасы ата-аналық құқығынан айырылып, 340 азаматтың ата-аналық құқығы шектелген. Бұл тек ресми түрде анықталып, қағазға түскені ғана. Осы салада тер төгіп жүрген еріктілердің айтуынша, шын мәнінде бұл сандарды батыл түрде екі-үш есе көбейтіп көрсетсе, ақиқатқа бір табан жақын болатын көрінеді. Өйткені қоғам белсенділерінің қамқоршылық пен қорғаншылық органдарына көбіне даусы жетпей жатады екен.

Бір-екі мысал. Елордада патронаттық отбасынан қашып кетіп, қаңғыбастық жолға түскен баланы жарты жыл бойы ешкім іздемеген. Ақыры арып-ашып, өлімші күйге жеткен жеткіншекті базарда біреу ұрлық үстінде ұстап, ұрып-соғып жатқан жерінен полиция көріп, аман қалған. Сол жарты жыл бойы ол не мектебіне, не асырап алған отбасына керек болмаған.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласында сегіз жасар баланы өгей әкесі күнде ұрып, күн көрсетпейтін болған. Үшінші баласына аяғы ауыр шешесі асыраушысынан айырылып қаламын ба деген қауіппен жұмған аузын ашпаған.

Міне енді жаңа заңнан кейін құқық қорғау органдары, атап айтқанда, Астана қаласының прокуратурасы мен білім мекемелері, қорғаншылық орындары мен психологтар бастама көтеріп, бала тәрбиесі күмән туғызатын отбасыларды тексеруді қолға ала бастады.

Үміттен күдік басым

«Қиын балалар» мен ішімдікке салынған ата-ана елордада да аз емес. Астана қаласы Алматы ауданы ювеналдық  полициясының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың басында аудан көлемінде осындай 342 ата-ана есепте тұрған. «Кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңның 12-бабы 1-тармағына сәйкес оқу орындары мен медициналық мекемелердің қызметкерлері мұндай жағдайлар анықталса дереу құқық қорғау органына дабыл қағуы міндетті. Өйткені енгізілген түзетулер мен толықтырулардан кейін баласы велосипедтен құлап қалса да, ата-ана дәрігерге жүгінбеуі мүмкін. Неге десеңіз, қазір баланың үстіне түскен кез келген жарақатты құқық қорғау органдары отбасында балаға қатысты зорлық-зомбылық болды ма, болған жоқ па деп әбден тексеруі мүмкін. Міне осы жайдан сақтанатындар перзенттерінің жарақаттарын жасырып жүр.

Мамыр мерекесі қарсаңында елорда тұрғыны Саятбек Кемелжанның сегіз жасар баласы самокаттан жарақат алып, ауруханаға түскен екен. Медбикелер баланың жарақаты туралы полицияға хабарлама түсіріпті. Сосын сынып жетекшісін шақырып, ата-анасының көзінше қоғамдық тәртіп сақшысы  жасөспірімнің үстіндегі жарақат шынында да өзі құлағаннан болды ма, әлде оған отбасында зорлық-зомбылық көрсетіле ме деген мәселені анықтаған.

Енді балабақшаға немесе мектепке бала беті көгеріп, денесі ісіп келсе, ата-анасының уәжіне қарамастан ең бірінші кезекте полицияны хабардар етуі тиіс. Бұл талап бұрын «Педагогтың мәртебесі туралы» заңда бар еді. Енді оның қолданыс аясы кеңейтіліп, баланың өміріне қауіп төнуі мүмкін деген күдік болса,  күзетші де, техникалық қызметкер де дабыл қағуы керек болып тұр.

«Әрине, 2009 жылы қабылданған заңға кейбір толықтырулар енгізу заман талабы шығар? Алайда қазақы ұғым мен ұлттық менталит тұрғысынан ойлап қарасақ, бұл жерде көңілге қонбайтын нәрселер де бар. Балаға дауыс көтеру отбасындағы жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық деп саналатын болса, күйеуіне тиісерге себеп таба алмай жүрген кейбір пәлеқор, шайпау әйелдердің айы оңынан тумас па екен деп қауіптенемін» дейді ардагер ұстаз Ермахан Әлімқұл. Оның үстіне осы тұрғыда анонимді хабарламалар да тексерілетіні айтылып қалды.

«Ата-ана – іштен шыққан баласын өзіне Алланың берген сыйы деп түсінеді. Шығарда жаны солардың үстінде болады. Енді келіп «баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, тәрбиесіне әке-шешесі жауапты» деп заңмен бекіту, оның ішіне психологиялық, тұрмыстық жайттарды тәптіштеп енгізу ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық педагогикаға, ұлттық тәрбиеге көлеңкесін түсірмес пе екен» деп күдіктенеді ардагер ұстаз.

Қолдау орталығы көбеймек

– Заң қолданысқа енді ай жарым уақыттан кейін енеді. Дегенмен, қазірдің өзінде елдің ірі қалалары мен өңірлерінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұрынған отбасыларын қолдау орталықтарының қызметі жанданып, жағдайды шұғыл анықтау топтары жасақтала бастады. Олардың қатарына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер кірді. Басты мақсат – қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды табу. Олар көршілердің, мұғалімдердің, дәрігерлер мен еріктілердің, сондай-ақ журналистердің қатысуымен қоян-қолтық жұмыс жүргізетін болады. Бұл топтарды жатырқаудың қажеті жоқ. Олардың міндеті – баланы ата-анасынан айыру  емес, қиын жағдайға тап болмас үшін оның алдын алу болып табылады, – дейді  заңгер Юлия Овечкина.

Ендігі жерде осы топтарға кез келген адам балалардың тағдыры мен отбасындағы жай-күйі туралы ақпарат бере алады. Барлық ақпарат пен хабарламалар ескерусіз қалмайды. Ақпарат расталмаса да ол үшін ешкім кінәланбайды. Себебі, бейкүнә сәбилер зардап шеккеннен гөрі, бірер сағат артық жұмыс істеу ештеңе емес.  Бұл жерде азаматтық сана өте маңызды дейді мамандар.

«Астана қаласында да қазір оңтүстік қазақстандықтардың бастамасын қолдап, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жалғасуда. Бұл отбасын қолдау қызметі тобында негізінен заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, теологтар жұмыс істейді.

Орталық отбасында ойран шығаратындардың кесірінен қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға ең болмағанда, алғашқы күндері кем дегенде бір бөлме беріп (екі-үш кереует қойып), қолұшын созуды ұсынады. Бұл әсіресе, дағдарыс орталықтары жоқ, қаладан 200-500 шақырым жерде орналасқан аудан орталықтары мен елді мекендерге аса қажет.  Алдағы уақытта мұндай орындар барлық жерде ашылса, құба-құп болар еді» дейді тәжірбиелі заңгер.

 


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button