ЖаңалықтарМәдениетРуханият

Балалар шығармашылығының бастауы



kbb_1088-3-asli

Елордада өткізіліп жатқан шаралардың көбісін «EXPO-2017» халықаралық көрмесімен байланыстырып жататынымыз жасырын емес. Бейбітшілік және келісім сарайында балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Шаттық-2017» шығармашылық бай­қауының гала-концерті де бұл үрдістен қалыс қалмады.

Осымен 11-рет байқау талантты жастарға есі­гін айқара ашты. Фестиваль елордамыздың жақсы дәстүріне айналды. Дәл осы байқау арқылы жас өнерпаздар бойындағы дарынын жалпақ жұртқа жария етіп, үлкен сахнаға жолдама алып жатыр.
Мерекелік кеште «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы төраға­сы­ның орынбасары Еділ Мамытбеков қала әкімі Әсет Исе­ке­шев­тің құттықтау сөзін жеткізді.
– Фестивальде жеңімпаз атан­ған жастарды шын жүректен құттықтаймын. Бұл жеңіс, ең алдымен, оқушылар мен олардың әке-шешелерінің, ұстаздарының еңбегі. Конкурс алдағы EXPO көрмесінің аясында өткізіліп жатқаны – біз үшін ерекше мәр­тебе. Біздің міндет – 25 жылда жеткен жетістіктерімізді паш
ету, қазақи қонақжайлық танытып, ұлтымызға тән қасиеттер­мен бөлісу. Бүгінгі шараға қаты­сып отырған жас дарындарымыз болашақта еліміздің туын биікке көтеретін азаматтар бола­тынына сенемін, – деді ол.
Иә, расымен де, «Шетел­дік қонақтарды немен таңқал­ды­рамыз?» деп дал болудың қажеті жоқ. «Шаттық» фестивалінің маңайында елордамыздың ең талантты өнерпаздары шо­ғыр­­ланған. Ұлттық ән, ұлттық киім, мың бұралған бишілер мен домбыраның құлағында ойнайтын қыз-жігіттер – осы­ның бәрі – ұлттық колорит, ұлттық бренд. Сөзіме дәлел болсын, 2015 жылы Миланда өткен EXPO көрмесінде қа­зақстандық павильонға келу­шілердің қа­тары көп болды.
Оны шетелде жүрген қан­дастарымыз да, ел намысын қорғап, көрмеге ат­салысқандар да айтқан еді.
Концерттік бағдарламада көрермен дүниежүзілік көр­менің тарихымен танысты. Өнерпаздар EXPO көрмесі алғаш ұйымдастырылған Ұлы­британияға, оның ізін жал­ғаған Франция, АҚШ, Германия және басқа елдерге сапар шегіп, театрландырылған музыкалық қойылым қойды.
Фестивальдің биылғы бір ерекшелігі оның қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүр­гізілуі болды.
11 жыл ішінде «Шаттық» шығармашылық қалалық бай­қауы астаналық білім беру ұйым­дарының арасында бас­ты жобаға айналды. Биыл бай­қауға 6000-нан астам өтінім келіп түсті, оның 4000-ға жуығы негізгі айналымға жол­дама алды. Балалар мен жасөс­пі­рімдер музыка, хореография, фотосурет, театр, бейнелеу өнері, хор, вокал, соны жанрлары және киім дизайны бойынша өзара бәсекелесті.
Байқау қорытындысы бо­йынша жеңімпаздарға 32 алтын, 55 күміс және 79 қола статуэткалары салтанатты түрде табыс етілді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button