Мәдениет

Балаларды актерлікке баулыды



2022 жылдың қыркүйек айында Балалар жылы аясында Роза ­Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Балалар филармониясы» жобасын іске қосқан болатын. Аталмыш жоба биыл да жалғасын тауып, балалар үшін арнайы концерттік іс-шаралар, лекциялар және шеберлік сабақтары ұйымдастырылуда. Жуырда жоба аясында жас көрермендерге «Театр және актерлік өнер» шеберлік сабағы өтті.

«Baby Shark» балалар әуені, «Арыстан патша» мультфильміндегі музыка қойылым ретінде ағылшын тілінде көрсетілді. Әртістер тек сахнада ғана жүрмей, балалармен ойнап, залды жүгіре айналып өз өнерін көрсетті. Көрермендердің көңіл күйін көтеріп, алдағы уақытта да бірге шеберлік сабағына белсене қатысуға шақырды.

Іс-шара барысында «Astana musical» мемлекеттік театрының әртістері балаларға театр және актерлік мамандықтың қыр-сыры туралы айтып, өнер адамдарының сахнада сенімді болуына көмектесетін бірнеше жаттығуды көрсетті. Сахнаға балалар шақырылып, ойындар ойнатылды. Барлық бала үлкен құлшыныс танытып, ойындарға қатысты. Кішкентай көрермендер сахнада өзін емін-еркін сезіну үшін ішіндегі энергияны шығаратын жаттығулар берілді, айқайлап, секіріп, ішіндегі эмоцияны көрсетіп, өздерін еркін сезіне білді. Шеберлік сабағында балалар мимикамен түсіндірілетін әдіс-қимылдармен қалай жұмыс істеу керек, өз эмоцияларын дұрыс білдіріп, оны көрерменге немесе әңгімелесушіге қалай жеткізу керегін үйренді.

Актерлік өнер баланың өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі, болашақта, қоғамда өзін жайлы сезіну үшін қарым-қатынас дағдыларын және импровизация­лау қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. Шығармашылық пен адам қиялын дамытатын және көпшілік алдында сөйлеу қорқынышын жеңуге көмектесетін шаралар арқылы балалар өзіне деген сенімін арттырады.

Жібек РАХИМОВА,

Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button