Мәдениет

Балаларды биге баулиды



Мектептегі оқу бағдарламасынан бөлек, қосымша білім мен өнерді үйретудің бала тәрбиесіндегі рөлі зор. Қазіргі таңда елімізде мыңдаған тегін және ақылы үйірме жұмыс істеп, балалардың ерте жастан сан түрлі өнерді меңгеруіне септік етуде. Астана қаласындағы №59 мектеп-лицейінде 9 жылдан бері жұмыс істейтін би үйірмесі де соның бірі. Ашылғалы бері үйірме жетекшісі Әлия МОШАНОВА оқушыларды сұлу өнердің сырлы әлеміне жетелеуде ерінбей-жалықпай ұстаздық етіп келеді.

25 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты педагог-хореографтың мектеп ғимаратына кіргеннен кешке шыққанға дейін талмай үйрететін би өнеріне оқушылар тарапынан қызығушылық басым. Үйірме қатысушыларынан құралған «Гүлшашу» ансамблі талай-талай республикалық және халықаралық өнер байқауында жеңімпаз атанып, мектептің атын асқақтата түскен. Сондықтан үйірменің жұмысына оқу орны басшылығы тарапынан қашанда қолдау көрсетіледі. Қазір үйірмеге мектептің 1-11-сыныптарынан 80 қыз бала 7 топқа бөлініп қатысып, түрлі ұлттың биін кәсіби тұрғыда үйренуге машықтанады.

– Жолдасым әскери адам болғандықтан Қазақ­станның барлық қаласына көшіп-қонып, соңғы 9 жылда Астана қаласына тұрақтадық. Бұған дейін сол барған облыстардың бәрінде би үйірмесін ашып, бала­ларды осы өнерге үйреттім. Негізінен, қыз балаларды ғана қабылдаймын. Аптасына 3 рет қатысады. Жылына 1-2 би қоямыз. Түрлі байқауға қатысамыз, мектеп ішіндегі мерекелік жиындарда өнер көрсетеміз, есептік концертімізді қоямыз. Бұған дейін Ресей, Өзбекстан, Болгария елдеріндегі жарыстарда бас жүлде алдық, балалардың деңгейі өте жоғары, – дейді биші ұстаз.

Білім ошағында би үйірмесі үшін айнасы және станогы бар екі үлкен кабинет берілген. Ансамбльге арнап мектеп жылына бір рет костюм тігіп береді. Осы тұрғыда үйірме жетекшісі өзге мектептерге қарағанда өнерді ерекше қолдайтын, биден бөлек, домбыра, вокал үйірмелеріне де жыл сайын жаңа киім тігіп беруге көмектесетін мектеп директоры Алма Жұмабековаға алғысы зор екенін жеткізді. Осындай қолдаудың арқасында талантты оқушылар бойындағы қабілетін дамытып, жаңа қырынан көрінуге мүмкіндік алуда.

– Биге қатысып бас­тағаннан кейін біраз уақыт өткенде, қыз балалар мүлдем өзгеріп кетеді. Өзін қалай ұстауды, әдемі тұруды, байыппен жүруді, тіпті әдеппен сөйлеуді үйренеді. Олардың көбі, әрине, биші болып кетпесі анық. Дегенмен дене бітімінің сұлу болып қалыптасуында да, болашақтағы өмірінде де бұл өнердің көп кө­мегі тиері сөзсіз, – дейді ­Ә.Мошанова.

Елуден асса да өңін бермей, үш баласы болса да, сымбатын сақтаған бишінің бар өмірі мектептегі осы жұмысына бағытталған. Өнерді сүйген көңілі оны басқа бір театрларда жұмыс істеу немесе қосымша бір табыс көзін ойлауға бет бұрғызбай, тек балаларды биге баулуды ғана асыл ниетіне айналдырған.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button