Басты ақпаратЕлорда тынысы

Балаларға жаз маусымы қауіпсіз бе?



Биыл Астана қаласында оқу жылы 1 маусымда аяқталып, елорданың жалпы білім беретін мектептерін 18443 оқушы бітірді. Енді олар жазғы демалысын қалай өткізеді? Жазғы лагерлерге бара ала ма? Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндігі жасалған ба? Ең бастысы, осы каникул кезінде балалардың қауіпсіздігі қалай қорғалады?

Жақында еліміздің ­Премьер-министрі Әлихан Смайылов оқушылардың мектеп бітіру емтиханын тапсыру кезінде толық қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, әсіресе, ауылдық жерлерде олардың спорт алаңқайларын молынан салып, бос уақытын тиімді өткізу үшін көпшілік-мәдени шараларды жоспарлы түрде өткізіп тұруды тапсырды. Бұған қоса, әкімдіктерге сауықтыру орындары мен жазғы лагерлерге әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын бірінші кезекте жіберу мәселесін шешу міндеті қойылды.

Жаңа жобалар

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, биыл лагерлер мен сауықтыру орындарына 1-10-сынып оқушыларының 85,3 пайызы жолдама алмақ. Бұл – шамамен 2,8 миллион оқушы. Олардың 500 мыңы – арнайы санаттағы отбасылардың балалары. Биыл балалар үшін қала сыртында – 218 (олардың 118-і – мемлекеттік, 100-і – жекеменшік), мектеп жанында 10,2 мың профильді және лагерь-­шатыр дайындалыпты.

Сонымен қатар, елі­міздің жетекші университеттері жанында жазғы және олимпиадалық мектеп резервтерінің жұмысы мен дәстүрлі-мәдени құндылығын таныстыратын «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобалары да жүзеге асырылмақ. Бұған тек елорданың өзінен 2600-ге тарта оқушы қатыспақ.

Мұндай жаңа жобаларды қолдай отырып, Денсаулық сақтау министрлігі барлық емханада жазғы лагерге баратын балалардың медициналық тексеруден өтуін барынша ыждаһатты ұйымдастыруда. Өйткені денсаулық жағдайы туралы иммундық дәрежесі мен эпидемиологиялық жағдайы көрсетілген қорытынды анықтама болмаса, оқушы сауықтыру орны мен лагерге жіберілмейді. Айта кету керек, қала сыртындағы лагерлер 400-ге тарта медицина қызметкерімен де қамтамасыз етіліп отыр.

Жазғы мектеп жұмысы

Қазір «жазғы мектеп» деген түсінік бар. Мұнда оқушылар қалаған секциясына барып, таңдаған үйірмесіне қатыса алады. Бірақ олардың көбі тегін болмайды. Астана қаласында үш-төрт мектептің жанында ғана ақысыз жүргізілетін осындай үйірмелер бар екен. Қалғандарына хабарласқанмен, ешқандай мәлімет ала алмадық.

– Жазғы мектеп бізде індет кезінде онлайн форматта оқыған оқушылар үшін ұйымдастырылды. Оған балалар да, ата-аналар да үйреніп қалып еді. Ол бір жағынан кемшін қалған оқу үдерісін толықтыру үшін қажет болса, екінші жағынан балалардың тынығып, демалуына да, ой-өрісін жетілдіруіне де мүмкіндік туғызатын жағдай деп ойлаймыз. Сондай-ақ жазда қала сыртындағы лагерге немесе ауылдағы атасы мен әжесіне бара алмай қалған бастауыш сынып оқушылары үшін мектеп жанындағы лагерлер де жұмыс істейді. Онда оқушылар таңертеңгі 9:00-ден 15:00-ге дейін болып, түрлі бағдарламаға қатысады, – дейді Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова.

Бір жақсысы, мұнда балалар мұғалімдер мен вожатыйлардың толық бақылауында болады. Бұдан басқа, елордада бос уақытты тиімді өткізу орталығы жұмыс істейтінін айтқымыз келеді. Жасөспірімдер мұнда вокалға, биге, шығыс жекпе-жегіне, шахмат пен қолөнер ісіне, актерлік шеберлік, бокс, дзюдо, таэквондо, тағы басқа да спорт үйірмелеріне жазыла алады.

Табыс табу жайы қалай?

Бұлардың барлығы ­қуанарлық жай. Дегенмен қалада лагерь мен сауықтыру орнына да, ауылдағы ата-әжесіне де бармайтын балалар бар. Олар, негізінен, жазғы каникул кезінде өзіне тиын-тебен тапқысы келетін, жұмыс істеуге құлшынысы зор жасөспірімдер. Ата-аналарды қазір, негізінен, солардың қауіпсіздігі алаңдатады. Бұл жеткіншектер көбіне мейрамхана, дәмхана мен Chocofood, Glovo, Wolt, Яндекс.Еда, ABR компанияларының филиалдарында жұмыс істейді. Өйткені елордада тамаққа онлайн-тапсырыс беретіндерге қызмет көрсететін, негізінен, осы компаниялар. Тағамдары да «қазір әзір» деген сияқты тез дайындалады. Бұл енді бізге шетелден жеткен үрдіс. Сосын ол кешегі елімізде індет өршіген карантин кезінде сұранысқа көбірек ие болды.

«Қазір үйінде құрбы-құрдастар немесе байырғы дос­тар бас қоса қалса, дап-да­йын осы онлайн-тағамдарға тапсырыс беретіндер жетіп артылады. Оларға сол компанияға жазғы демалысында жұмысқа тұрған жасөспірімдер велосипед, мопедіне отырып алып тағамын алып, зымырап жетіп барары сөзсіз. Әрі олар тапсырысын дәл үйі­не дейін жеткізіп беруді талап етеді. Жасыратыны жоқ, неше түрлі адам болады. Кейбіреуі ішімдік ішіп отырады. Осы тұрғыда ата-аналардың жасөспірімдердің қауіпсіздігіне алаң­даушылығы заңды емес пе?!» дейді елорда тұрғыны Сәрсен Ермекұлы.

Біз осы сауалды Glovo компаниясының әкімшілік қызметкері Нина Плетневаға қойдық. Ол былай деді:

«Біз жеткіншектерді жұмысқа ата-анасының келісімімен 14 жастан бастап аламыз. Онда да тек ер балаларды ғана. Сосын ұлдардың ынта-ықыласына, пысықтығына қараймыз. Расы керек, жаз мезгілінде онлайн-тағамға сұраныс көп болады. Оның үстіне ылдым-жылдым жеткізетін тағамдарға осындай жеткіншектер ыңғайлы. Қаланы жақсы біледі, көпқабатты үйдің жоғарғы қабатына тез көтеріледі. Ал қауіпсіздік жағына келсек, бізде тапсырыс берушінің аты-жөні, мекенжайы, телефоны – барлығы толық жазылған. Сосын қызметкерімізбен үнемі байланысып отырамыз. Онлайн-тапсырысты алып, тиісті клиентке жеткізгенше барлығы біздің бақылауда болады».

«Сақтықта қорлық жоқ» деген. Ата-ананың да алаңдауы орынды. Өйт­кені кейбір мейрамхана мен дәмхананың алақол иелері ұл-қыздарды ешқандай келісімшартсыз бір ай жұмыс істетіп, «сен сынақ мерзімінен өтпей қалдың» деп еңбекақысын бермей әуре-сарсаңға салатын көрінеді. Тіпті бар ынта-ықыласымен қызметін адал атқарып жүрген жеткіншектердің де «жұмыстан кешіктің, ерте кетуге қамдандың немесе ыдыс-аяқ сынды» деген желеумен еңбек­ақысынан ақшасының белгілі бір бөлігін ұстап қалатындар да бар екен. Міне, осының барлығы өмірді жаңа бастап, еңбек етуге деген құлшынысы бар жас өркендердің меселін қайтаратын келеңсіз жайлар екені сөзсіз.

«Мұндай жағдайды ата-аналар назардан тыс қалдырмауы керек. Мейрамхана, дәмханаға даяшы немесе оның көмекшісі етіп жұмысқа алса, уақытша болса да келісімшарт жасауды талап еткен жөн. Олай болмаған жағдайда, баланың заңды өкілдері араласып, мән-жайды анықтаған дұрыс» дейді Астана қаласының ювеналды полиция қызметкері Нұрғаным Имашева.

P.S:Үш ай жазғы каникул кезінде балалардың демалғаны да, еңбекке араласқаны да дұрыс. Бірақ қай кезде де қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы өте маңызды.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button