ӘлеуметБасты ақпарат

Баланың қалтасында ақша болсын!



Байлық, дәулет, ақша, қорлану, қаржылық сауаттылық туралы аз айтылып жатқан жоқ. Сонда да қаржы саласына келгенде, көбіміздің орныққан көзқарасымыз бар. Одақтың кезінде ақша табуға көзқарас басқаша болатын, мол ақшаның артында «арамдық» жатқандай байлыққа кенелгендерге жиіркенішіті көзбен қарауға үйретті. Саясат солай болатын. Одан кейінгі жылдарда да небір жылпостар кәсіпкер атанып, жаман атағы жария болып, дәулетті болуға апаратын жолдан жаңылыстырып жіберді. Өз ақылымен, маңдай терімен дәулеттенгендер аз айтылып, олардың өнегесі көпшілікке мәлім еместіктен басына бақ қонып, дәулеті тасығандар көпке өнеге бола алмады. Айналып келгенде, жалпыға ортақ қаржылық сауаттан көбіміз құралақанбыз. Осы жағдай басымызға  келгенде білетіндерден сұрап,  оны да түсіне алмай, біреудің жетегінде жүргенге ықтиярмыз.

Әлемді ақша билеген за­манда бұл, әрине, ке­шірілмейді. Өзіміз шала сауатты болсақ та, болашақты бүгіннен бастап ойлағанымыз дұрыс болар. Бала әке-шешесінің жанында жүргенде білінбейді. Алайда мектеп бітіріп, үйренген ортасынан ажыраған кезде, қаржы мәселесі алғаш рет алдынан шығады. Егер отбасында ақша ұстап, оны орынды жұмсауды білсе, қинала қоймас. Дегенмен, ақшаның жауапкершілігі көбін жаңылдыратыны рас.

Отбасы – өзіңіз білетіндей, баланың қоғамға бейім­деліп, әлеуметтенуінің алғашқы ортасы. Басты мектебі. Дәл солай, әрбір адам өз отбасында ақшаның мәнін ұғып, ауыздықтанады. Баланың өзіне, қоршаған ортаға деген көзқарасы отбасында қалай қалыптасса, әрі қарайғы тірлігі де осыған тығыз байланысты.  Оны бір сөзбен «ұшқанда соны ілерсің» деп те айтып кеткен. Ақшаны да жұмсау, қорлану, қаржы әлемінің құпия сырларына қанығу осы жерде басталады. «Отбасылық ақша мәдениеті» деген ұғым бар. Ол – үлкен ілім. Оны әркім әрқалай реттейді, қал-қадірінше басқарады. «Басқарады» деген сөз соңғы кезде санамызға сіңіп келеді, әйтпесе қалтадағы теңгені кім қалай басқарып көріпті дерсіз. Ақша ең момыны қайда жұмсасаң сонда кетеді. Тиімді жұмсау, артық жұмсамау, айлық жалақыны есептеп, санап, келесі жалақыға дейін жеткізіп, артылғанын жинау… Айта берсеңіз, бұл да бір  жұмыс. Қиын жұмыс. Өйткені мол ақша болса жақсы, тиынға тиын қосып  қарызданып та кететін жайымыз бар. Осындайда «ақша ұстау білмейсің» деп  өзімізге өкпелеп жатамыз. Оған кім кінәлі?!

Қазіргіні қайдам, жас кезімізде қолымызға ақша ұстатпайтын. Оған қажеттілік те болмайтын. Жас бала ата-анасына қарап өседі. Ересектердің өздері қорлануға құнтсыз болып, қолдағы ақшаны оңды-солды жұмсауға бейім болса, онда оны көріп өскен бала да қаржысына мықты бола бермейді. Сол себепті, ерте бастан баланың қолына ақша ұстатып, оның не екенін ерте білгенінің артығы жоқ.

Шетелдік зерттеу­шілер баланың қалтасындағы ақша бала үшін қаржылық тәуелсіздігінің алғашқы баспалдағы дейді. Бұл баланың ақшаның қызуын сезініп, беталды жұмсай бермей, үнемдеуге үйретеді. Бала өзін ақшасы арқылы толыққанды адам ретінде сезінуі керек дейтіндер де бар. Жас болса да жауапкершілікпен жұмсауды және өз бюджетін есептеу­ді тез үйренеді дейді

Алғаш рет баланы дүкенге жұмсап, алғашқы қаржылық сауатын ашамыз. Бәлкім, одан да ертерек болар, ағайын-туыс­тары баланың туған күні, немесе айтарлықтай бір оқиға болса, балаға ақша ұстататын кездері болады. Бұл да алғашқы тәжірибесі болып есептеледі. Мектепке барғанда күнделікті жұмсайтын ақшасын да беріп отырады. Үлгерімі жақсы болып, бестіктердің де бес тиынға баланатын кездері болады. Бұл – баланың қаражат көздері.

Шетелдік зерттеушілер баланың қалтасындағы ақша бала үшін қаржылық тәуелсіздігінің алғашқы баспалдағы дейді. Бұл баланың ақшаның қызуын сезініп, беталды жұмсай бермей, үнемдеуге үйретеді. Бала өзін ақшасы арқылы толыққанды адам ретінде сезінуі керек дейтіндер де бар. Жас болса да жауапкершілікпен жұмсауды және өз бюджетін есептеуді тез үйренеді дейді. Ол қателіктерге жол берсе, жоғалтып алса, не болмаса керек емес заттарды сатып алып, ақшаны тауысса, ата-аналары шығындарды түсіндіріп, кез келген  іс-әрекетінің салдарын болжай білуге үйретуі керек.

Шынымен де бала өмірінде ақша ұстап көрмесе, өзіне тиесілі теңгесі болмаса ақшаның не екенін қайдан біледі? Өсе келе қаражатын ұқсата алмайтындар, былапыттап әр нәрсені сатып ала беретін, ақшаның қадіріне жетпейтін дүмбілез біреу болып шықпай ма? Баланың қолына ақша ұстатпаудың бір жаманы, аспаннан теңге жауғандай қарап ата-анасының ақшасын судай шашуға дағдыланады.

Балаға ақша бергенде оны тек ойын-сауыққа және өзінің жеке рахатына  жұмсау керек деген де ой болмауы керек. Өзі таппаса да, өзгелердің тап­қан-таянған ақшасының құнын біліп, бағалап өсуі керек. Сайып келгенде, ақшаны дұрыс басқаруды осы жерде түсінеміз.

Әр нәрсе ұсақ-түйектен басталады. Баланың қалтасындағы ақша ең алдымен, оның есебін шығарып, тиынға тиын қосып санауды үйретеді. Нан мен сүт, балмұздақ қанша теңге тұрады дегендей сұрақтың жауабын ерте бастан біледі. Қалтасындағы ақшаға қарап таңдауды, өзіне не ұнайтынын, нені қаламайтынын білетін болады. Ұнаған затына ақша жетпесе қорланудың қажет екенін біле бастайды. Бұл да керек нәрсе. Яғни өсе келе несиеге ұрынбай, қорлану арқылы да керек затына қол жететінін білетін болады. Қызыққан затынан бас тарту да бала үшін оңай нәрсе емес. Алайда ақшасын қимаса, қажеті аз, сапасыз нәрседен, тауардың басқа да басымдықтарын анықтап білетін біледі.

Қалтасында үнемі тиыны жүретін бала өзін-өзі бағалауды үйренеді деп те айтады. Ақша дегеннің қызуы бар ғой. Кейде қалтасындағы ақшасын ата-анасына «қарызға» беріп кісімсіп қалатындар да бар. Бұл да дұрыс тәрбие. Осылайша өзін «тең дәрежеде сезініп, келісімшарт жасасу, қарыз алу, ортақ іс үшін үлес қосу мүмкінідіктерін басынан өткереді. Баланың жеке ақшасы қалтасында болса, жұмсай бермеуге өздігінен төселеді. Адам психологиясы солай, өзінен гөрі өзгенің ақшасын жұмсауға бейім келеді. Сол себепті оларға  әке-шешесінің ақшасын жұмсау жеңілдірек. Сол себепті қаржының басы құралуы  үшін балаға болса да, қалтасына ақша салып сену керек.

Бір жағынан алсаңыз, ақша баланы бүлдіреді деп қорқамыз да. Кейде  тәрбиелік, не көңіл бөлмей өзге де олқылықтарымыз­ды толтыру үшін ақша беріп құтыламыз. Өкінішке қарай, бұған да еті ерте үйреніп, ата-анаға деген махаббат пен сүйіспеншілікті теңгенің көлемімен алмастыра бастайды.

Қанша дегенмен, ата- аналар өсіп келе жатқан перзенттері үшін баланың қалтасына салатын ақшасы оларды үнемділікке, аздап еркіндікке, кейде жауапкершілік өз алдына, тәуелсіздікке тәрбиелеудің маңызды тұсы екенін түсінеді. Балаларға қалтаға ақша беру көбінесе 6-7 жастан басталады. Бұл жаста, әдетте, бала ақшаны пайдаға жұмсау керек екенін түсіндіріп, қамқорлап отыру керек. Берілетін ақшаның мөлшері отбасының мүмкіндігіне байланысты, бірлескен келісімнен, құрдастарының ата-анасынан алған орташа көлеміне қарап белгілеген жөн.

Берілген ақша баланың алған мектеп бағасына әсер етпеуі керек дейді. Меніңше, бір жақсы баға үшін, немесе қиын кітапты оқып тағы басқа жетістіктері үшін ақшалай қолдаудың зияны жоқ.

Баланың қолына ақша беру әркімнің жеке шешімі, бала жасынан ақша  ұстап көрмесе, ысырапшыл болып, ақшасын мүлде басқара алмауы оның өз дәрежесінде жеткіліксіз әлеуметтенуінің бір себебі дейміз.

Ата-аналар балаларын ақшаны дұрыс басқаруға уақытында үйретпесе, үлкейгенде орны үңірейіп қалуынан сақтанған жөн.

Баланың экономикалық әлеуметтенуінің маңызды факторы ақша екенін білуіміз керек. Оның жетіспеушілігі дамуына ықпал етіп, қыз­ғаныш, ашкөздік, ақшаның күшін асыра бағалау, ысырапшылдық, басқа да жағымсыз қасиеттерге жеткізуі әбден мүмкін.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button