Басты ақпаратЕл тынысы

Балуандар бәсекесі



Ақпан айының басында Астана қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты өтіп, оған өңірлерден 600-ден астам балуан келді. Біз балуандардың бабын байқап, күрес түрлерінің даму деңгейін сараладық.

Күрес түрлерінен Қап тауының өкілдерінің деңгейі жоғары. Әсіресе, Дағыстан балуандарының бабы мен бағы артық. Қазір Европа мен Азия елдерінің ту астында дағыстандықтар көптеп өнер көрсетеді. Иранда күрес түрлері ұлттық спорт санатына жатады. Тіпті даңқты балуандарын «ұлт батырына» балап, жастарға үлгі-өнеге етеді. Сондықтан ирандықтар күрестен осал емес. Кейінгі жылдары спорт ғылымы дамыған АҚШ пен Жапонияның балуандары бәсекені қыздырып жүр. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Моңғолия балуандары алтын медальға таласып, ара-тұра тұғырдың биігінен көрінуде. Грек-рим күресінен біздің балуандар 25 жыл бұрын Афинада өткен әлем чемпионатында дараланса,  Атланта Олимпиадасында чемпион шықты. Ал еркін күрес­тен былтыр Белградта өткен әлем чемпионатында тұңғыш рет чемпион шықты. Басқа мақтанарлық жетістігіміз аз.

Әрине, бұған спорт сарапшылары түрлі себеп-салдарын келтіреді: балуандар психологиялық тұрғыдан дайын емес, физикалық әлеуеті мен тактикалық шеберлігі жетпейді, функционалдық дене дайындығына деңгейі төмен, спорттық медицина мен ғылым дамымаған. Олай болса, жыл сайын миллиондаған қаржыны не үшін, кім үшін бөлініп жатыр? Алдымен, осы кемшіліктерді жоятын жүйелі жұмыс жүргізу керек емес пе? Бір құрамаға бір психолог, массажист, диетолог емес, байрақты бәсекеге қатысатын әрбір спортшыға бір-бір маманнан бекітілсе қайтеді? Бұл тәжірибе Жапония мен АҚШ-та бар емес пе?

Биыл – Олимпиадалық циклді түйіндейтін жыл. Енді спортшылар Париж төрінде өнер көрсету үшін барын салады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында осындай аураны сезіндік. Алдымен 10 салмақ дәрежесінде белдескен грек-рим күресінің шеберлері кілемге шықты.

55 келі салмақта алтын медальға басты үміткер Аманғали Бекболатов болды. Бұған дейін екі рет Азия чемпионатында жүлде алған балуан Бішкек қаласында өтетін лицензиялық турнирге баруға үмітті болды. Жартылай финалда Аманғалидың осал тұсын астаналық Айбек Айтбеков тапты. Сөйтіп, Айбек чемпионаттың алғашқы сенсациясын тіркегенімен, финалда жетісулық қарсыласы Нұрзат Қабдырахимовқа шамасы жетпеді.

60 келі салмақта белдескен Азия чемпионы, әлем чемпио­натының жүлдегері Айдос Сұлтанғали жарысқа бабында келіпті. Қарсыластарын оңай жеңіп, алтын медальға қол созды. Әлемде бұл салмақта қырғызстандық Жоламан Шаршенбеков үстемдік құрып тұр. 2022 және 2023 жылғы Белградта өткен әлем чемпионатында «атой салды». 2022 жылы Айдостың жолы жартылай финалда Жоламанмен түйісіп ұтылып қалған еді. Айдосқа шын мықты екенін дәлелдеп, Олимпиада ойынының алтынын алу үшін Шаршенбеков сынды мықтыларды мойындатуы керек.

Біздің назарымыз ауған тағы бір салмақ – 77 келі. Бұл салмақта ұзақ жылдан бері Демеу Жадраев мықты екенін дәлелдеп келеді. Әлем және Азия чемпио­натында ел намысын қорғап, күміс медаль да, қола медаль да алды. Жетіспей тұрғаны – алтын медаль. Ол үшін қырғыз дарасы Ақжол Махмұдов сынды мықтыны ұтуы керек. Қазір Ақжол Токио Олимпиадасындағы күмісті алтын медальға ауыстыру үшін дайындалып жатыр.

Демек біздің Айдос пен Демеу Алатаудың арғы бетіндегі балуан­дармен тең өнер көрсеткен кезде ғана алтын медальдің кермек дәмі сезіледі…

Соңғы рет Олимпиада жүлдесін 87 келі салмақта Даниял Гаджиев алған-ды. Содан кейінгі уақытта қазақ балуандарының жолы болмай жүр. Бәлкім, Даниял бағындырған биікті 87 келідегі ел чемпионы Азамат Құстубаев бағындырар. Елордалық балуаннан үміт күтеміз. Қашанда әлемдік деңгейдегі турнирлерде біздің ауыр салмақтағы грек-рим өкілдері медальға таласатын. Сол дәстүрді Олжас Сырлыбай пен Әлімхан Сыздықов жалғастырар.

Енді әйелдер күресіне көшейік. Біздің балуан қыздар үш рет Олимпиада ойындарына қатысып, алты рет жүлде алды. Бұл – еркін және грек-рим күресі балуандарының нәтижесінен жоғары көрсеткіш. Пекин Олимпиадасында Елена Шалыгина жүлделі болса, Лондонда – Гузель Манюрова, сондай-ақ Рио-де-Жанейрода ­–­ Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықова қуантты.

Әйелдер күресінде елордалық балуандар мықты екенін дәлелдеді. 53 келі салмақты Жылдыз Эшимова, 57 келіде Эмма Тисина, 76 келіде Жәмила Бакбергенова алтын медаль алса, 68 келіде белдескен Мәдина Бакбергеноваға күміс медаль бұйырды.

Күрес жанкүйерлерінің назары ауған орталық күрес 76 келіде орын алды. Қарсыластарының осал тұсын тапқан екі мықты – Эльмира Сыздықова мен Жәмила Бақбергенова финалда кездесті. Екеуінің де атақ-даңқынан ат үркиді. Біріншісі – Олимпиада ойындарының жүлдегері, екіншісі – әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін балуандар аңдысып жүрмей, ұтымды әдіс жасауға бірден кірісіп кетті. Жәмиланың соңғы секундтарда жасаған әдісі төрт балға бағаланып, жеңімпаз болды.

Еркін күресте 57 және 65 келіде сенсация орын алды. Жеңіл салмақта белдескен Ерасыл Мұхтарұлы жеңіс жолында Рахат Қалжан, Мейрамбек Картбай сынды чемпиондарды ұтты. Олимпиадалық салмақ – 65 келіде 20 жастағы маңғыс­таулық Майис Алиев мықты екенін дәлелдеді. Ол жартылай финалда халықаралық деңгейдегі спорт шебері Адлан Аскаровты, финалда былтырғы чемпион Санжар Мұхтарды жеңді. Осы салмақта Шымкент қаласының атынан күрескен ресейлік легионер Начын Куулар үшінші орын алды.

Күрестің бұл түрінен орталық күрес 74 және 97 келіде орын алды. Олимпиадалық екі салмаққа ыңғай мықтылар жиналды. Мәселен, 74 келіде бес бірдей Азия чемпионы қатысты. Олар: Санжар Досжанов, Дархан Есенғали, Данияр Кайсанов, Сыр­баз Талғат, Нұрқожа Қайпанов.Финалға соңғы екеуі шығып, Нұрқожа жеңімпаз атанды. Бұл салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов та жүлдесіз қалды. Яғни 74 келіде бәсеке жоғары. Осы бәсеке Азия мен әлемде біздің балуандарды үздік етсе жақсы. 97 келіде әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен Азия чемпионатының көп дүркін жүлдегері Алишер Ерғали белдесіп, 10:14 есебі тіркелді. Сөйтіп, Бішкекте өтетін лицензиялық турнирге Алишер жолдама алды.

Азия күрес федерациясының президенті, Қазақстан күрес түрлері федерациясының басшысы Дәулет Тұрлыханов чемпионаттың жабылу рәсімінде Париж Олимпиадасына жолдама алған, әлем чемпионатының жүлдегері Азамат Дәулетбековке «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын беріп, байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button