Басты ақпаратҚоғам

Оралхан оқулары орала ма?

Кейінгі жылдары елімізде оқушылар арасында жалпақ жұрт танымайтын қаламгерлер, ­әншілер, композиторлар атында шығармашылық байқаулар өткізу белең алып барады. Бұл санасы қалыптаспаған балалардың талғамын өсіру емес, өшіру деп есептейміз. Осындайдан кейін өскелең ұрпақ асылы қайсы, жасығы қайсы айырмайтын болады. Біздіңше, мұндай байқауларға келгенде жоқтан бар жасамай, барды ұқсата білу керек. Бірақ бізде осы жағы кемшін. Біреулердің тақиясына тар келген бе, қызғаныштың қызыл иті тартқылады ма, әйтеуір, бірнеше жыл бұрын Оралхан Бөкей атындағы республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауы тоқтатылды. Күні кеше ғана елорданың Алматы ауданындағы А30 жобалық көшеге көрнекті жазушы-драматургтің аты берілді. Оралхан оқуларының оралатын кезі де келді.

Алдымен бұл байқау тарихына тоқталайық. Жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызының айтуынша, 1998 жылы Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы тіл мерекесі аясында Оралхан Бөкей оқуларын өткізуді ұсынды. Көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет байқау ережесін жазды. Кейін бұл үш деңгей бойынша өтетін маңызды шараға айналды. Байқауға қатысушылар поэзиялық, прозалық және драмалық шығармалардан үзінді оқыды. Оралхан атындағы байқау болғанмен, мұнда Қазақстанның барлық қаламгерлерінің шығармалары насихатталды. Аталмыш оқуларға Оралханның аты берілуінің де өз мәні бар.

Жазушының әу баста таңдаған мамандығы әртістік еді. Сол арманды арқаланып, Алматы консерваториясына оқуға түскені де бар. Онда Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетовамен бірге оқыды. Бірақ әке-шешесі әртіс болуына қарсы шығып, Оралхан ҚазМУ-дің журналистика факультетіне ауысты. Бірақ бойындағы әртістік дарынын жоғалтпады. Көзкөргендердің айтуынша, жазушы кейбір поэзиялық және прозалық шығармаларды кәнігі әртіс­терше оқыды. Соның ішінде ұлы Абайдың, Лермонтовтың шығармалары, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесі болды.

Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауында, шынымен де, Оралханның ғана емес, еліміздің барлық қаламгерлерінің шығармалары оқылды. Бір атап өтерлігі, Оралхан оқулары алдымен облыстық, қалалық деңгейде өткізіліп, онда топ жарғандар қорытынды рес­публикалық кезеңге жіберілетін. Осыдан тура 20 жыл бұрын біз де бұл байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан едік. Сол жылы қазақтың үш арысы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің 110 жылдығы атап өтілді. Байқауға қатысушыларға осы қаламгерлердің шығармаларынан үзінді оқуы да міндеттелді. Сол кезде өзіміз поэзиядан Ілиястың «Күйші» поэмасын, прозадан Оралханның «Кербұғы» әңгімесін, драматургиядан Сәкеннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасын таңдадық. Бізбен қатар байқауға қатысқандар «жыр қағаны» атанған Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдерін, көрнекті ақын Есенғали Раушановтың жырларын оқығаны да есімізде қалыпты.

Жалпы бұл байқау 18-35 жас аралығындағы жастар арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талапты және талантты жастарды табу мақсатында өткізіліп, талай дарынға өнерге, әдебиетке жолдама берді. Мәселен, 1998 жылы Астана қаласында өткен алғашқы Оралхан оқуларына қатысқан Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының сол кездегі 2-курс студенті Күнсұлу Шаяхметова бас жүлдені иеленді. Қазір ол танымал ­актриса, дубляж маманы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет істейді. «Мәдениет саласының үздігі» атағын да иеленді. Ал сол байқауда 1-орын алған Райхан Қалиолдина кейіннен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды, бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының актрисасы, кино өнері арқылы да жұртқа таныс.

Ғалия БӨКЕЙҚЫЗЫ, жазушының қарындасы:

– Оралхан Бөкейдің атына Астана қаласында көше беріліп жатыр. Биылғы мамыр айына қарай сол көшенің ашылуын қарастырамыз ба деп отырмыз. Өйткені қайтыс болған күніне орай бір іс-шара өткіземіз бе деген ой да бар. Ал Оралхан оқуларын жандандыру әртүрлі деңгейде көтерілді. «Астана ақшамы» газеті де үнемі көтеріп жүр. Сіздерге көптен-көп рақмет! Былтыр «Оралхан оқулары керек» деп оқырмандар тарапынан да, зиялы қауым тарапынан да, Астана, Алматы, Өскемен қалаларында өткен конференциялар барысында да айтылды. Сенатор Нұртөре Жүсіп те қозғады осы мәселені. Қазақ­стан Жазушылар одағына да хат жазылды. Бірақ Мәдениет және ақпарат министрлігіне байланысты болғаннан кейін бір министр келеді, мәселе оған жете бергенде ауысып жатады, сол себептен министрлік тарапынан әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ.

Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Өткен жылы Оралхан ­Бөкейдің 80 жылдығы атап өтілді. Өзінің туған жері Қатонқарағайда, оқыған мектебінде, Өскемен, Астана қалаларында іс-шаралар ұйым­дастырылды. Мерейтой нүктесі Алматыда қойылды. Оған бюджеттен көк тиын жұмсалмады, соның бәрін елдегі меценаттар көтерді. Оралхан Бөкей оқуларын осыдан ширек ғасыр бұрын Алтынбек Сәрсенбайұлы бастады. Әдемілеп тұрып екі адамның концепция­сы жасалды. Бірі – Оралхан оқулары, екіншісі – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы журналистер арасындағы футбол турнирі. Екеуі де тоқтап қалды. Кейін қозғау салып, Оралхан оқулары жалғасты. Бірақ министрлер ауысқан сайын күн райы бұзылғандай қайтадан жоқ болып кетті. Соны енді министрлікке де, басқа өкілетті органға да артпай, меценаттар қолға аламыз деп отыр. Мен мүмкіндігімше мұны бақылауға алып отырмын. Сондықтан Оралхан оқулары қайтадан жаңғырады деп ойлаймын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button