Басты ақпарат

БАЛЫҚ БАСЫ МОЛАЙДЫ



Кеше елорда маңындағы су қоймаларына асыл тұқымды балық түрлері жіберілді. Атап айтқанда, оның 70 мыңға жуығы Қоянды су қоймасына, 117 мыңы Вячеслав су қоймасына, ал 3 жарым мыңға жуығы Қарасу өзенінің ескі арнасына қосылды.

Шараға Астана қаласы әкімдігі «Жаснұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорны табиғатты қорғау бөлімінің басшысы Жарылқасын Әбді­керімов, Қоянды ауылдық округі әкімінің орынбасары Асқар Шымпеев, Ақмола облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Азамат Қабдығалиев және эколог мамандар мен балық шаруашылығының мамандары қатысты. Жұмыс тобы алдымен балық жіберу үдерісін Қоянды су арнасынан бастады.

Қармақ салу үшін рұқсат керек
Қоянды су қоймасы 410 гектар алқаптан тұрады. Көлемі өткен жылдың қыркүйегіндегі есеп бойынша 7 млн текшені құрайды. Тереңдігі – 15 метр. Мұнда шабақ, көксерке, көкшұбар, алабұға сияқты балықтың жалпы 9 түрі бар. Енді оған мөңке, ақ амур, тұқы балықтары қосылды. Бұл су қоймада бірнеше қорықшы мен балықшылар тұрақты жұмыспен қамтылған. Қайық-тар мен қыстың күндері қарда жүретін көліктер (снегоход) жұмысшыларға берілген. Жа­рыл­қасын Әбді­керімовтің айтуынша, аталмыш су қоймасы Қоянды ауылдық округі мен жақын маңдағы саяжай алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отыр екен.
– Басқа жақтардан әкелінетін балықтардың тұқымдарын жіберу – су қоймасының био­логиялық және экологиялық жағдайын жақсарту үшін жыл сайын жасалатын шара. Егер кез келген судың ішінде тіршілік иесі болмаса, онда ол судың лайланатыны белгілі. Бұл жұмыстар, сонымен қатар, балықтың өсімін молайту үшін, табиғи сапалы өнімдерді халыққа төмен бағамен ұсыну үшін ұдайы жүргізіліп отырады, – деген Ж.Әбдікерімов. – Бұл жерде балық аулауға бұрын 8-9 балықшыға ғана рұқсат берілетін. Қазіргі уақытта балықтың саны молайған сайын балықшылар да көбейе түсуде. Бүгінгі күнде мұнда шамамен 1-2 мың балықшы нәпақасын табуда. Жалпы, қармақ салу үшін олар арнайы рұқсат қағазын алады. Рұқсат беру кезінде оларға 5 келіден артық аулауға болмайды деген сияқты басқа да талаптар қойылады. Содан соң кейбір балық түрлерін аулауға қатаң тыйым салынады. Егер осы ережелерге бағынбаған жағдайда, заң алдында жауап беретін болады, – дейді.

Жаңа жағажайлар салынады
Табиғатты қорғау бөлімі басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Астана қаласының маңында 15 жағажайдың тек үшеуі ғана заңдастырылған екен. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының тапсырмасы бойынша келер жылы жағажайлар мен су қоймаларын салу жоспарланып отырған көрінеді. Сол сияқты Қоянды су қой­масының маңына да жағажай салынбақ. Әйтпесе осы уа­қытқа дейін бұл жерде демалушылар су қоймасының маңайын ластап кетеді екен. Ал қорықшылар ластанған аумаққа өз күш­терімен та­залық жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, мамыр, маусым айларында балық аулауға қатаң тыйым салынады екен. Қыс түскен соң ақпанның ортасынан наурыздың соңына дейін судың бетін ойып, ауа жіберу үдерісі (аэрация) жасалып тұрады. Өйткені судың бетіне мұз қатқан кезде оттегінің жетіспеуінен балықтың қырылып қалуына қауіп төнеді. Бұл тұрғыда балық аулаушылардың өздігінен судың бетіндегі мұзды оюы балық үшін пайдалы болмақ. Ал балықты жаңа жерге көшіру көктем, күз мезгілдерінде ғана жүзеге асырылады. Себебі күннің ыстық-суық кездерінде балық ауа температурасына шыдамайды екен. Судың температурасы 12-14 градус жылы болуы қажет. Қазіргі уақытта судың температурасы тура осындай болып тұрған көрінеді. Осылайша, су таситын кө­лік­пен әкелінген ақ амур, мөң­ке, тұқы балықтарының тұқымдары жаңа мекендеріне қоныстанды.
– Жеткізушілер бізге 1500 балықты артығымен бер­ді. Өйт­кені балықты кө­шіру кезінде кейбіріне от­те­гі жетіспегендіктен, енді бірі қатты жерлерге соғылғандықтан белгілі мөл­­­­­шерде қырылып қалуы мү­м­­­кін. Бірақ қазір ісіміз сә­тімен жүзеге асып, 50 мың балықтан 4-5-еуі ғана шығын болды. Жалпы, балықтар 24-48 сағатқа дейін жол жүруге қауқарлы. Ол үшін судың құ­рамында қажетті оттегі болуы керек, – дейді балық өсіруші Қуат Лұқпанов жұмыс барысында.
Аталмыш балық тұқымда­рының салмағы – 50-60, 180-200 грамды құрайды. Маман­дар­дың айтуынша, келер жылы бұлар­дың салмағы 1 ке­ліге дейін жететін көрінеді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button