Басты ақпарат

БАҚ ҚОНҒАН БАСЫЛЫМ



18-19

Елімізді егемендік елесі кезіп жүрген елең-алаң шақта ақпарат айдынына шыққан бұл басылымның басына бақ бұйырып, бүгінде тәу етер Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ақордалы Астананың айнасы атанды. Елорда өміріндегі ең маңызды жаңалықтарды жалпақ жұрт алдымен осы газеттің беттерінен оқиды. Қазақстанның кіндік қаласында өтетін дүниежүзілік деңгейдегі дүбірлі жиындардың барысымен танысады. Республика орталығының ресми үні болғандықтан редакцияда жұмыс істейтін журналистеріміздің бір тамыры артық соғып, астаналық мәртебелеріне сай болуды өздеріне басты борыш санайды. 

Осы орайда талпынып, қол жеткізген табыстарымыз да аз емес. Кезінде шығармашылық ұжым Журналистика академиясының «Алтын жұлдызын» алды. Әр жылдары бізбен әріптес болған айтулы азаматтардың алды БАҚ саласындағы Президент сыйлықтары мен гранттарының лауреаттары атанды. ҰҒА корреспондент-мүшесі дәрежесіне көтерілген бұрынғы қызметкерлерімізді де лайықты мақтан етеміз. Жас құрақтай желкілдеген кейінгі толқын өкілдері, алдыңғы буын-ағалар қалыптастырған жақсы дәстүрлерді жалғастыруға дайын.
Нағыз науша жігіт жасындағы «Астана ақшамының» алар асуы әлі алда екені анық. Ол үшін ойға алған мақсатымызды орындау жолында ерінбей еңбектеніп, талмай талаптануға тиіспіз. Парасатты Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында Ұлы дала төсінде алаңсыз өсіп-өнген Алаш ұрпақтарының арман-аңсарлары мен асыл мұраттары туралы тұщымды ой толғамасақ, қаламгерлік қадірімізге сын. Елдік мәселелерді екшеп, ұлт ұпайын түгендеуге ұмтылған қаламдастарымызға мынау торқалы тойымыз тұсында тек сәттілік тілегіміз келеді. Оқырманның рухани олжасына айналып үлгерген ширек ғасырдың ғибратты шежіресі алдағы уақыттарда да ақшамдықтардың айын оңынан туғызып, асығын алшысынан түсіруге жол ашарына сеніміміз мол.
Той тойға ұлассын!

Талғат БАТЫРХАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button