Қоғам

Бақұл бол, аға!

Құрал Сансызбайұлы СЕРГЕКБАЕВ (14.05.1963. – 14.01.2022 ж.ж)



Адам анадан туады, дүниеден өтеді. Бұл – заңдылық. Өмірден өткен адамның ғұмырының әрбір сәті тарихқа айналып, сарғайған парақтардай артта қалады. Әке-шешесінің адал перзенті, бауырларының қамқоршысы, ардақты да аяулы ағамыз, Тілеубай әулетінің қара шаңырағының отын сөндірмеген Құрал ағамның жалған дүниеден озғанына да бір жыл толды. Құйындай соққан мынау жалғанда небәрі 58 жыл өмір сүрді. Жалған дүние-ай! Мұзарт шыңдағы мұзбалақтай, асқақтаған асқар таудай, толқыған телегей теңіздей Құралдың бұл тірліктегі орны бір бөлек еді.

Кеншоқыда орта мектепті үздік бітірді. Бірақ жоғары оқу орнына түспеді. Кітап оқуға деген құштарлығы керемет еді. Ауылдың кітапханасынан ай сайын 10-15 кітап әкелетін. Соның бәрін аз уақытта оқып бітіріп, ең қызықты дегендерін әңгімелеп береді. Аға-апаларым әдеби кітап оқудан жарысатын тамаша дәстүріміз болатын. Құрал ағама таң қалатыным, кітаптардың оқиғаларын, кейіпкерлерінің есімдерін ешқашан шатастырмайтын. Оқыған кітаптарының санынан жаңыласың. Орысша, қазақша бірдей, әрі тез оқиды. 200-300 беттік кітапты екі-үш күнде оқып бітіреді. Не деген жылдамдық?! Далада қой бағып жүріп те, үйде ас ішіп отырып та, трактормен шөп шауып жүріп те кітап оқудан шаршамайтын.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ. Құрал қаршадайынан өзара сыйластық, көргенділік, ізгілік, өнегелілік, бабалардың рухы мен дәстүрі салтанат құрған ортада ержетті. Бекзаттық пен парасаттылықты өн-бойына, санасына сіңіріп өскендіктен, оның басқа адам болуы мүмкін емес-тін. Содан шығар, жастайынан өте бауырмал, мейірбан, көпшіл, халықшыл болып өсті. Құралдың өн-бойындағы жақсы қасиеттерін санап шығуға саусақтарың да жетпей қалады. Мейірімді, жанашыр, бауырмал, шыншыл, турашыл, ақкөңіл, еңбекқор, батыл, малсақ, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жаны құмар, қиындыққа төзімді, қарапайым, кішіпейіл, әділ, салт-дәстүрге жетік, қазақшыл деп тізбектеле береді.

Ерекше бауырмалдығы мен қиындыққа төзімділігі – өне-бойындағы тамаша қасиетінің бірі еді. Әлі есімде, әкеміз инсульт алып, ауруханаға түскенде екі апта бойы жерге киімдерін төсеп жатып, балаша күтіп-баққанын ақ халатты дәрігерлер маған жыр ғып айтқан. Сырқаттанған адамды күні бойы күтудің қиындығы мен азабы көп. Құрал ағам әкесін балаша көтеріп, дәретін алдырып, ас-суын дайындап, түні бойы кірпік ілмей, күзетіп шығатын. Асқан қажырлылығының арқасында әкеміз сауығып, үйге оралды. Одан кейін анамызды да тура солай күтті. Науқастанған адамды бір сәт те шөлдетпей, дәрісін, сұраған нәрсесін тәуліктің кез келген уақытында қолына ұстатып, бар ынта-ықыласымен мейірімге бөледі. Адам баласының жүрегіне қуаныш сыйлау, соның ішінде өз әкесі мен анасына, туған бауырына мейірімділікпен қарау – Аллаға ең сүйікті пендесінің ісі емес пе?!. Өзі де жаратылысынан пейілі ізгілікті сүйетін, жаны жақсылық жасауға құмар адам еді.

Малсақтығы мен еңбекқорлығының арқасында әке-шешемізден қалған мал-жанды аман-сақтап, басын көбейтіп қана қоймай, қара шаңырақты қастерлеуде бәрімізге үлгі-өнеге көрсетіп кетті. Ақжүрек және ақ адал болмысымен күллі ел-жұртқа қадірлі болды. Біз қатыбас қаланың тірлігінен шаршап келгенде құшағын жайып қарсы алып, асты-үстімізге түсіп, хан баласындай күтуші еді. Қойын сойып, етін пісіріп, өзеннің жағасындағы жасыл құраққа дастарқан жаятын.

Қайран дүние-ай! Қаралы қаңтарда аңқылдаған ақжүрек Құралымның жүрегі мәңгілікке тоқтап, ет-бауырымызды езіп, жүрегімізді қан жылатып кетті! Кеудесіндегі асыл арманын айта алмаған арда азаматымызды қабаты қалың қара жерге қалай қиямыз-ау?!. Алланың жазуына не шара? Жатқан жерің жарық, топырағың мамық болсын, жан ағам! Мінгенің – пырақ, мекенің жұмақ болсын, бауырым! Асыл бейнең біздің жан-жүрегімізде мәңгіге сақталады!

Бауырлары атынан еске алушы Төлен




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button