Басты ақпаратМәдениет

Бас қаланы жырға қосты

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың 25 жылдық мерей­тойына арналған «Жасай бер, жайнай бер, Астана!» республикалық мүшәйра жеңімпаздары анықталды. Ақындар аламанына еліміздің әр аймағынан белгілі жыр жүйріктері бастап, жас талапкерлер қостап 100-ден аса ақын қатысты.

Мүшәйраға түскен шығармалардың ішінде көлемді дастандар да болды. Конкурс шартында поэма болмағандықтан, бұл шығармалар қазылар алқасының талқысына ұсынылмады. Белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді.

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйым­ның Астана қаласы филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, белгілі ақын, Мәдениет қайраткері Сұраған Рахметұлы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев болды.

Бас бәйге «Астананың аспаны» атты топтама өлеңдері үшін көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайға берілді. Бірінші орынды жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Шеризаттың «Азаттық мұнарасы» атты өлеңі алды. Екінші екі орынның бірі Мұрат Шаймаранның «Топырақ» атты топтама өлеңдеріне, екіншісі «Тәуелсіздік көшесінің тұрғыны» өлеңі үшін белгілі ақын, республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыр­жан Бабажанұлының қанжы­ғасына байланды. Үшінші үш орын белгілі ақындар Дүкен Мәсімханұлының «Астанам – менің айбыным» өлеңдер топтамасына, Елена Әбдіхалықованың «Астана. Бастау» өлеңдер топтамасына, Әбдіғани Бәзілханның «Бөгенбайдың Қараөткелі» толғауына берілді.

Бес ынталандыру сыйлығы Шырын Толқынова (Алматы облысы), Ұларбек Нұрғалым (Астана), Назгүл Бердіқожа (Қызылорда), Бақытжан Раисова (Өскемен), Бағдат Мүбәрак (Алматы) қатарлы ақындарға бұйырды.

Марапаттау салтанаты 27 маусым күні Астана қаласында өтеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button