Басты ақпарат

БАС ЖОСПАР: ҚАЛА КЕЛБЕТІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?



2020 жылға қарай елорда халқының саны – 1070 мың адам, тұрғын үй қоры 23,7 млн шаршы метр болады. Елорданы дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспарында Астана Еуразияның іскерлік, мәдени, ғылыми орталығы ретінде танылмақ.


Күні кеше өткен ЭКСПО халықаралық көрмесі елорданың дамуына жаңа серпін әкелді. Қызмет көрсету саласы артып, инфрақұрылым жаңа деңгейге көтерілді. ЭКСПО айналасының өзінде қаншама нысандар салынды. Жаңа теміржол вокзалы, әуежайдың заманауи терминалы, алпысқа жуық мейрамхана мен дәмхана, 36 қонақүй мен басқа да нысандар пайдалануға берілді. Екі жыл бұрын түзетілген бас жоспарға сәйкес қаланың дамуы мұнымен тоқтамайды.

Аспанмен таласқан «Абу Даби»
Астананың бас жоспарының негізгі қағидалары – полиорталықтық, ықшамдылық және аумақтарды дамытудың теңгерімділігі. Бұл ретте көлік инфрақұрылымын дамыту – басым бағыттардың бірі. Қаланың әрбір ауданы тұрғындарға жайлы болмақ. Жұмыс істеуіне, білім алуына, демалуына барлық мүмкіндіктер қарастырылады. Демалыс орындарына, сауда орталықтарына, саябақтарға және қаланың басқа да жерлеріне тікелей көлік байланысы болады. Бұған дейін де жаңа аудандар бой көтер­гені белгілі. Қайталанбас заманауи сәулеттік келбет беретін нысандардың қатарында жаңа әкімшілік орталық, сол жақ жағалаудағы тұрғын үй кешендері, Мыңжылдық аллея­сы, Орынбор, Тұран даңғылдары, «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің ауданы, «Жағалау», «Саранда» тұрғын аудандары, Familу Villagе коттедж қала­шығы бар. 2020 жылға қарай 75 қабатты «Абу Даби Плаза» әкімшілік тұрғын үй кешені, 10 мың орынға арналған мұз стадионы, Тұңғыш Президент кітапханасы және қоры, ботаникалық бағы бар жаңа қалалық саябақ, LRT-ның бірінші кезегі (әуежай – жаңа вокзал), хайуанаттар бағы, қайық есу арнасы, Ғарыштық зерттеулер орталығы, Әскери академия, Олимпиадаға даярлық көпбейінді орталығы, этноауыл, неке қию сарайы, аквапарк (отбасылық демалыс орталығы), «Жасыл орам», «Хан Шатырдың» батысына қарай орналасқан кешенді құрылыс, желілік саябақты жобалау және салу жоспарланған. Ал 2025 жылға қарай салынатын нысандар тізімінде Жастар сарайы, Қазақ драма театры, Орыс драма театры, Жекпе-жек сарайы бар.

Жеті ауданға бөлінеді
Қаланың жоспарлау құрылымында біраз өзгерістер болады. Құрылыс биіктігінің өзіндік қағидалары қалыптаспақ. Яғни, ғимараттар мен құрылымдардың биіктігі қаланың орталық бөлігінен қаланың периферия­лық бөлігіне (шекара) қарай төмендейді. 2030 жылға арналған негізгі техникалық-
экономикалық көрсеткішке сүйенсек, қала аумағы – 79733 га; халық саны – 1220 мың адам, халық тығыз­дығы – 44 адам/га, тұрғын үй қоры 37,2 млн м2 құрайды.
Бас жоспарға сәйкес, қаланың аумағын 7 ауданға бөлу көзделген. Әр ауданның сауда-
іскерлік, мәдени, ойын-сауық, спорттық-рекреациялық орталығы болады. Сондықтан қаланың орталығына қарай келушілер саны азаяды. Поли­орталық принципі арқылы іскерлік белсенділікті қайта орталықтандыру, көлік инфра­құрылымы жүктемесін азайту, негізгі көлік кептелісін болдыр­мау, жаңа жұмыс орындарын құру, жеке инвестиция­ларды тарту және қала қауіпсіздігін арттыру көзделген.
Қазіргі уақытта сол жақ жа­ғалаудағы жаңа әкім­шілік-іскерлік орталық және оң жақ жағалаудағы тарихи орталық бар. Үшінші орталық «ЭКСПО-
2017» аумағында болады. Қалған орталықтар үшін қала аумағында тиісті алаңдар
резервке қойылмақ.

Шет аймақсыз шаһар
Халыққа қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында қала 129 секторға бөлінеді. Әрбір секторда шамамен 10 мың адам болады. Бүгінде 36 пози­циядан тұратын «Жоспарлау секторларының бірінші кезектегі минималды жағдайларын жасау жөніндегі нысандар мен қызметтер тізбесі» жасалды.
«Негізгі мақсат – сектор аумағындағы нысандар мен қызметтердің толық тізбесін орналастыруды жоспарлау. Осы жұмыстың бірінші кезеңінде тізбе бойынша сандық көрсеткіштерді көрсете отырып, алғашқы деректер жиналды. Екінші кезеңде сектор халқының санын ескере отырып, қазіргі және келешектегі нысандар мен қызметтердің нор­мативтік қажеттіліктерін анықтау. Үшінші кезең бойын­ша қолданыстағы 110 және келешектегі 19 жоспарлау секторының әрқайсысында жеке тұрған, қоса салынған, жапсарлас салынған нысандар мен қызметтер түрінде орна­лас­тырылған тұрғындар өмірі­нің сапасын бағалауды сипат­тайтын минималды жағ­дай­­лардың толық тізбесін орналастыру» дейді «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» директоры Сәрсембек Жүнісов.
Сонымен, жуық арада ең алдымен Астана агломерация­сының өзегі ретінде елорданы дамыту жөніндегі әзірленген бірінші кезектегі шаралар кешені іске асырылады. Бұл үшін қаланың шет аймақтары мен оларға іргелес агломерациялық аумақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыс­тары қолға алынады. Іргелес өңір­лермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігі, агломерация аумағында индустриялық ай­мақтарды құру, құрылыс ин­дус­триясын, рекреациялық және туристік қызметтерді дамыту мәселесі шешімін таппақ.

Көшелер көркейеді
Жоспар бойынша көше бо­йындағы ғимараттардың сырт­қы қасбетін қайта жаңарту мәселесіне көңіл бөлінбек. Тұ­жырымдамада барынша тартымды ортаны қалыптастыру үшін ғимараттардың қасбеттерін және ақпараттық конструкцияларды қайта жаңарту көзделеді. Бірінші кезекте Сарыарқа, Бөгенбай батыр, Республика даңғылдары және Есіл өзенінің жағалауы шекараларында алаңы 250 га аумақты абаттандыру жоспарланған. Әрі қарай кезең-кезеңімен Астана қаласының барлық аумағы қамтылатын болады.
Қаланың тарихи бөлігін абаттандыру тұжырымдамасы аясында елорда тұрғындарына діттеген жерге жетудің барынша қысқа жолдары ұсынылады. Осылайша, жаяу жүретін жолдар көбейіп, велосипедпен серуендеуге және қоғамдық көлікті пайдалануға оң әсерін тигізбек.

Гүлмира Аймағанбет




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button