Басты ақпаратБілім

БАСТЫСЫ – БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫ



Нұр-Сұлтан қаласының Nur Otan партиясы филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Жиында қалалық Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай барлық оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар (мектептер №27, №53, №59, №83) жайын кеңінен тарқатты.
«Қазіргі таңда баспалардан 1487 оқулық сатып алу үшін келісімшарттарын жасадық. Тамыз айында 2021-2022 оқу жылына арналған Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерге оқулықтар сатып алуға жергілікті бюджеттен 2 млрд 251 млн теңге бөлінді. 1 187 116 оқулық (15 баспамен) сатып алу туралы келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда 947 244 (80%) оқулық алынды, оның ішінде 850 879 (72%) жеткізілді. 25 тамызға дейін 239 872 оқулық жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ білім алушылар 100% оқулықтармен және олардың ақысыз электронды нұсқаларымен қамтамасыз етіледі.

Жалпыға бірдей оқыту Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы қаулысы негізінде – «Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру» бағдарламасы шеңберінде бірнеше санат бойынша оқушыларға материалдық көмек көрсетіледі. Осы бағдарлама аясында ата-аналар балаларына мектеп киімі мен аяқ киімін және мектепке қажетті жазу-сызу құралдарын сатып ала алады.

Сонымен қатар кәсіпкерлік палатамен бірлесіп қатысушы-компаниялар мен сауда нүктелерінің санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргіздік. Өткен жылы «Жаппай бірдей білім беру» бағдарламасына 16 компания және 27 сауда нүктесі қатысса, биыл 18 компания және 30 сауда нүктесіне артып отыр.

Былтыр халықтың әлеуметтік осал топтарынан 13 мың оқушы қамтылса, биыл 15 мың баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Бір балаға көмек мөлшері – 40 мың теңге. Жалпыға бірдей оқыту бойынша көмек алуға өтініш беру үшін ата-аналар бала оқитын мектептің әкімшілігіне өтініш беруі қажет. 11 тамыздан басталған бағдарламаны 31 қазанда аяқтауды жоспарлап отырмыз» деді басқарма басшысы.

Жаңа оқу жылында қалада 7 мектеп ашылады. Атап айтқанда, Майқайың мен А351 көшелерінің қиылысындағы 1 200 орынға арналған №92 мектеп, Тайбұрыл 17 көшесінің бойында Байқоңыр ауданында орналасқан 600 орындық №23 орта мектеп, мемлекеттік жекеменшік серіктестер механизмі бойынша Есіл ауданындағы №28, №38 көшелерінің қиылысында орналасқан 2000 орындық BINOM мектебі, жеке инвестиция есебінен Тұран даңғылы, №89 800 орынға арналған «Tamos Space School» жекеменшік мектебі (Tamos Space School ЖШС), Храпатый-15 көшесінде 1200 орынға арналған жалпы білім беретін мектеп («Нұрлы-Астана» ҚФ), І.Омаров көшесінде 700 орындық балабақшасы бар мектеп («EURO AST KZ2019» ЖШС) пен Қ.Мұхамедханов көшесінде ЖШС «Quantum STEM SCHOOL» (BI Group) 1032 орынға арналған мектеп пайдалануға беріледі.

«Білім беру ұйымдарына санитарлық-гигиеналық өнімдерді сатып алу үшін (үй-жайларды тазалауға, дезинфекциялау­ға және санитарлық тазалауға арналған жуғыш заттар, жеке гигиеналық ережелерді сақтауға арналған құралдар) жергілікті атқару органдары шамамен 27 миллион теңге бөлді. Балалардың қауіпсіздігі – бас­ты назарда. Бүгінде педагогтардың 99,4 пайыздан астамы (19 мың педагогтың 16 158-і) және техникалық персоналдың 98,5 пайызы (5928 техперсоналдың 4992-сі) вакцина алды. Оған қоса, мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері жыл сайын медициналық тексеруден өтуі тиіс. Ashyq жүйесіне барлық білім беру ұйым­дары толық қосылды (100%). Бұл шара оқу процесін карантиндік шектеу кезінде білім беру объектілерін жалғастыруға мүмкіндік береді (дәстүрлі форматта). Ashyq жүйесі ата-аналар мен мектеп қыз­меткерлері үшін енгізілді» деді Шәкәрім Сейсенбай.

Сонымен қатар басқарма басшысы елорданың жалпы білім беретін мектептерінде мүмкіндігі шектеулі оқушыларға жағдай жасау, мектептерде жалпыға міндетті оқытуды ұйымдастыру мен «мектепке жол» акциясына тоқталды.

«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына қатысу үшін «Менің Атамекенім» порталының «Мектепке жол» парақшасында өтінім беру қажет. Акция аясында 7000-ға жуық баланы көмекпен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 4276 оқушыға көмек көрсетілді. Аудандық әкімдіктер 2,1 мың балаға керек-жарақтары бар мектеп сөмкелер табыстады» деді Ш.Сейсенбай.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button