Басты ақпаратМәселе

Бензин неге қымбаттайды?



2023 жылдың 12 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы аумағында бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайды.

Осыдан тура жиырма күн бұрын, дәлірек айтқанда, 14 наурыз күні Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысынан кейінгі журналистердің «Бензин бағасы қымбаттай ма?» деген сауалына: «Қазақстанда бензин мен дизель отынының мол қоры жасалды. Сондықтан бензин бағасы өспейді» деп жауап берген еді. Осы екі аралықта жағдай күрт өзгеріп кетті. Атап айтқанда, 2023 жылдың 3 сәуірі күні ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы сол Болат Ақшолақов АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін – 11 пайызға, дизель отыны литріне 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін – 20 пайызға өсетінін мәлімдеді. Бұған қоса, елдің бас энергетигі «Бұл – амалсыздан алынып отырған шара. Бұлай істемеске амал болмай тұр. Дүние жүзіндегі бағасы ең арзан бензин бізде екен. Егер көршілерімізбен арадағы баға айырмашылығы мәселесін тап қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта біз үлкен тапшылық пен зәрулікке ұшырауымыз әбден мүмкін. Бұған қоса, біз экономикалық маңызды саланы дамыту мүмкіндігінен айырыламыз, ол еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де кері әсер етеді» деді.

Біз Құдайдың берген қара алтынына бай елміз. Шымкентте, Атырау мен Павлодарда үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Соңғы бес жылда осы аталған өндіріс орындары бензин өндірісін 70 пайызға, ал дизель отынын 30 пайызға арттырыпты. Сөйте тұра жағдайымыз жақсармай келеді. Тапшылықтан көз ашпай отырмыз. Кейбір статистика деректері өткен жылы дизель отынын өндіруде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткенін мәлімдегенмен, республиканың көптеген аймағында бұл өнімнің тапшылығы тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрды. Ал биылғы сәуір айында елімізде жанар-жағармай көлемі бұрын-соңды болмаған дәрежеде пайдаланылған. Бұл не деген сөз? Бұл – қолымыздағы бар өнім сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Өйткені статистика бойынша жақын мемлекеттер 140-150 литрден артық ЖЖМ жұмсамаса, Қазақстан әр жан басына шаққанда жылына 300 литр ғана сұйық отын пайдаланады. Тек сәуір айының өзінде ғана 510-550 мың тонна жанар-жағармайға сұраныс болып отыр.

Болат Оралұлының айтуынша, бұл жерде бағаны көтеруден басқа жол жоқ екен.

«Егер біз осындай қадамға барып, өз өнімімізге деген басқалардың экономикалық қызығушылығын төмендететін болсақ, көп кешікпей тапшылық пен зәруліктен құтыламыз. Өйткені біздің жанар-жағармайымыздың ауқымды бөлігін көршілер тасып кетіп жатыр. Салыстырсақ, Ресей Федерациясында дизель отынының әр литрі орта есеппен – 345 теңге. Бізден 45 пайызға қымбат. Ал Қырғызстанда 64 пайыз жоғары болса, Өзбекстанда екі есе қымбат» деді.

АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне ­182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін – 11 пайызға, дизель отыны литріне ­230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін – 20 пайызға өседі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов та бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасап, жанар-жағармай материалдары бағасының көтерілу себебін түсіндірді.

«Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз. Наурыз айының өзінде жанар-жағармай материалын тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өсті. Егер республика баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тоннаға дейінгі көлемде жанармай тапшылығына ұрынады.

Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүддемізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елімізден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ» деді Премьер-министр.

Оған қоса, ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель толығымен бөлінді. Оларға баға 204 теңге болып қала бермек.

«Үкімет отынның ішкі нарығын қолдау және заңсыз әкетудің жолын кесу үшін басқа да тиісті шараларды қабылдайтын болады» деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Расында да, Үкімет бұған дейін жанар-жағармайдың көрші елдерге тасымалын тоқтату үшін қолдан келетін барлық шараны қолданып бағыпты. Теміржол мен автокөлік тасымалына ты­йым салынған. Ресурстар қоры сақталатын кәсіпорындарға жанар-жағармайды тікелей автомобиль май құю стансаларына сату міндеттеліп, ортадағы делдалдар жойылған. Шетелдіктер үшін литріне 450 теңгеден 300 литрден артық бермеуге шекті баға тетігі белгіленген. Алайда көлеңкелі экспорт осы аталған шектеулердің барлығын айналып өтіп отыр. Міне, осының салдары елде бензин бағасының қымбаттауына алып келді.

– Енді бұл жағдай дүкендер­дегі тауар бағасының көтерілуіне қалай әсер етеді? – деген сұраққа Болат Ақшолақов: «Жанар-жағармайға баға 2021 жылдың күзінен бері өзгерген жоқ. Ал азық-түлік бағасы одан бері қаншама рет құбылды. Меніңше, оның басқа тауарларға әсері болмауы керек» деп екіұшты жауап берді. Сөйтіп, алдағы аптадан бастап елімізде жанар-жағармай бағасы көтерілетін болды. Енді көптің көкейінде осы бағаны Үкімет ұзақ ұстап тұрса деген тілек бар.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button