Басты ақпаратБілім

Білім беру саласы тұрақты дамуда



Бүгін барлық мектепте соңғы қоңырау соғылады. Елордада қанша түлек бар, жазғы демалысты мектеп оқушылары қайда өткізеді, 1 қыркүйекте Астанада қанша мектеп пайдалануға беріледі, қала колледждерінде қандай мамандықтар тапшы және басқа да өзекті мәселелер туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ тілшілерімізге берген эксклюзивті сұхбат барысында әңгімеледі.

 МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ

 – Қасымхан Сенғазыұлы, биыл елордада қанша жаңа мектеп салынды және жаңа оқу жылының басында қанша мектеп пайдалануға беріледі?

– Астанада 263 мыңнан астам оқушыны қамтитын 175 орта білім беру ұйымы, соның ішінде 102 – мемлекеттік мектептер, 66 – жеке, 7 республикалық мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын бас шаһар халқының саны артып келеді, сәйкесінше мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар саны да көбеюде. Осыған орай астаналық әкімдік тұрақты негізде мектептер салып жатыр. Орын тапшылығына байланысты қалада 8 үш ауысымды және 16 тығыздалған мектептер жұмыс істейді. Оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында өткен жылы 12 мектеп салынды.

Қазіргі уақытта екі ауысымда 102 мың оқушының дәріс алуына арналған 34 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 23-і (шамамен екі ауысымда 64 мың орынға арналған) жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Бұл мектептер барлық аудандарды қамтиды. Осылайша, Есіл ауданында – 8 , Нұра ауданында – 6, Байқоңыр ауданында – 2, Сарыарқа ауданында – 2 және Алматы ауданында 5 мектеп салынады.

Жоспар бойынша 23 мектептің 18-і қыркүйек айында жұмысын бастайды. Олардың ішінде ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім беру объектілері де бар. Жалпы, ұлттық жоба бойынша 2024-2025 жылдары 90 мың орындық 24  жайлы мектеп салынады. Олардың 15-і елордадағы қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. 2028 жылға қарай екі ауысымдағы  200 мың оқушыға есептелген барлығы 80-нен астам мектеп салу жоспарланып отыр.

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

– Биыл соңғы қоңырау салтанаты мен түлектердің мектеп бітіру кештері қалай өтеді?

– 2023-2024 оқу жылы биыл 25 мамырда аяқталады. Мектептің 1-10 сынып оқушыларына арналған «Білім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттары 24 мамырда өтеді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады. Мамыр айында «Ынтымақ айы» айлығы басталды. Оның аясында білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан», «Игі істер», «Каникулда кітап оқиық» және басқа акциялар өтуде. 11 230 мектеп түлегі үшін 25 мамырда соңғы қоңырау соғылады. Бұл ретте аниматорларды, агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік отырыстар ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктермен қала ішінде көшпелі экскурсиялар өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ, әкімшіліктер мен педагог қызметкерлерге ақша жинауға және сыйлықтар алуға тыйым салынады.

9 (10) сыныпқа арналған қорытынды емтихандар 29 мамырдан 10 маусымға дейін 4 пән бойын­ша өтеді. Бұл сыныптардағы оқушылар саны – 19 952. 11 (12) сыныптарға арналған мемлекеттік қорытынды емтихандар 28 мамырдан 11 маусымға дейін 5 пән бойынша болады. Мұндағы оқушылар саны – 11 230. Елорда түлектеріне аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 14 маусымда өтеді.

ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

– Астанадағы білім беру мекемелерінде қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

– Оқу орындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда қаланың барлық білім беру ұйымдары автоматты өрт дабылы жүйесіне қосылған, сондай-ақ сандық бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық камералар мен дабыл түймелері елордадағы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Мектептерді цифрлық бейнебақылаумен қамтамасыз ету 100%-ды құрайды. Орнатылған камералар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы №69 «Ұлттық бейнемониторинг жүйе­сінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес келеді. Сондай-ақ, барлық білім беру мекемелерінде күзетті 1-санатты лицензиясы бар фирмалар қамтамасыз ететінін атап өткім келеді. Сонымен қатар, барлық мектептерде, колледждерде, қосымша білім беру нысандарында турникеттер бар. 2023-2024 жылдары бөлінген бюджет қаражаты шеңберінде барлық білім беру ұйымдары өрт сөндіргіштермен қамтамасыз етілді.

2023-2024 оқу жылына арналған өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғау саласындағы оқулар мен жаттығуларды өткізу жоспарына сәйкес барлық білім беру ұйымдарында қалалық ТЖД мамандарымен бірлесіп табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ апатты жағдайлар туындаған кезде қызметкерлер мен оқушылар қалай әрекет етуі керектігі жөнінде уақытылы жаттығулар өткізіледі.

ҮЙІРМЕЛЕР МЕН СЕКЦИЯЛАР

– Қосымша білім беру жағдайы қалай?

– Елордада 12 қосымша білім беру ұйымы, 135 филиал, мектеп базасында (№20, 24, 42, 68, 69, 80, 90) 8 комьюнити-орталық, «Шуақ» ҚОО бар. Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес оқушылардың 81,5%-ы (213 556 бала) қосымша біліммен қамтылған, ал 41,8%-ы (84 377) спорт секцияларына қатысады. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында 875 спорт секциясы жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы өткен жылдың шілде айында қосымша білім беру нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау мақсатында әкімдікпен 2029 жылға дейін 15 Оқушылар сарайын салу, оның 4-інің құрылысын ағымдағы жылы бастау жоспарланған. Жеке инвестициялар есебінен қазірдің өзінде екі оқушылар сарайы – Тұран даңғылындағы Sana және Қажымұқан көшесіндегі «Santa sport» спорт және шығармашылық орталығы ашылды. Жергілікті бюджет есебінен тағы екі сарай – Сарыарқа ауданындағы Земляничная көшесі және Алматы ауданындағы Төлебаев көшесінде Оқушылар сарайы салынып жатыр.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ

– Балабақша тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

– Астанада 66 953 баланы қамтитын 546 мектепке дейінгі мекеме, оның ішінде жобалық қуа­ты 29 617 бала болатын 32 808 тәрбиеленуші контингентімен 100 мемлекеттік ұйым, 33 439 бала контингентімен 443 жеке меншік, 3 ведомстволық балабақша (706 бала контингентімен) бар. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мақсатында 2019 жылдан бастап елордада «Индиго» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.

Балабақшаларға орын бөлу 12 маусымнан басталады деп болжануда. Ол үшін графиктің жобасы және жинақтау алгоритмі жасалды. Мониторинг бойынша мектеп жасындағы балаларды ескере отырып, 28 мыңнан астам бос орын анықталды. Кесте Білім басқармасының ресми интернет-ресурстарында орналастырылатын болады. Туындаған мәселелер бойынша ата-аналар басқарманың мектепке дейінгі бөліміне: 55-68-92, 55-68-64, 55-68-74 телефондары бойынша және мемлекеттік балабақшалардың консультативтік пункттеріне хабарласа алады.

Мектеп жасына дейінгі балалар контингенті жыл сайын бала туу мен көші-қон процестерінің өсуіне байланысты артып келеді. Бүгінгі күні «Индиго» электронды порталында кезекте 0 жастан 6 жасқа дейінгі 47899 бала, 2 жастан 6 жасқа дейінгі 37596 бала тіркелген. Алдағы 5-6 жылда 60 мемлекеттік балабақша салу көзделуде. Атап айтқанда, 2024 жылы 3000 мың орындық 10 мемлекеттік балабақшаның құрылысын бастау жоспарланып отыр.

КОЛЛЕДЖ ЖЕЛІСІ

– Елордада арнаулы орта білім қалай дамуда?

– Қазіргі уақытта Астанада 32 колледж, оның ішінде 9 мемлекеттік, 23 жекеменшік колледж жұмыс істейді. Оларда 35923 оқушы (мемлекеттік – 10 446, жеке – 25 477), оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша – 20 289 (56%) оқушы дәріс алуда. Кадр­ларды даярлау 73 мамандық және 121 біліктілік бойынша (білім беру – 14,8%, медицина – 20,7%, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 7,1%, бизнес, басқару және құқық – 6,7%, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 14,8%, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 22,3%, қызметтер – 13,3%) жүргізіледі.

Жаңа кәсіптер картасына сәйкес, алдағы 3-7 жылда еңбек нарығына кіретін бірқатар жаңа кәсіптердің: онлайн оқыту бойынша тьютор, инклюзивті білім беру бойынша маман, коммуналдық жылжымайтын мүлікті басқарушы, құрылыс­тағы сапаны басқару жөніндегі маман, құрылыс технолог-инноватор, BIM-технологияларды ескере отырып, жылжымайтын мүлікті пайдалану жөніндегі маман, цифрлық коммерция және толықтыру орталықтарының логистика маманы, автомобиль дизайнері-жөндеушінің пайда болуы болжануда. Жыл сайын ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп түлектерінің саны артып келеді, осыған байланысты арнайы (инклюзивті) топтарда кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс өсіп, 4 колледже үш мамандық бойынша 74 орын бөлінді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша елордалық колледждерді 7 677 түлек бітірді, олардың 6 602-і (86%), оның ішінде 3 499-ы (53%) мамандығы бойын­ша жұмысқа орналастырылды немесе әртүрлі қызметпен айналысып жүр.

2024 жылы 9 983 бала колледж бітіреді деп күтілуде, олардың 6,8 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыды. Экономика салалары бойынша техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлауды жүйелеу, сондай-ақ елордалық колледждерді заманауи білім беру инфрақұрылымына айналдыру мақсатында оларды жоспарлы бейіндеу жүргізілуде.

КАДР САПАСЫ ҚАНДАЙ?

– Педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі сақтала ма?

– Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметтері бойынша, 2023-2024 оқу жылында елорданың орта білім беру ұйым­дарында 17 049 адам, оның ішінде мемлекеттік білім беру мекемелерінде 12 457 адам жұмыс істейді. Бұл ретте мұғалімдердің 60%-ы (10 214) жаңа форматтағы біліктілік санаттары бар, оның ішінде педагог-модератор – 3 558, педагог-сарапшы – 2 755, ­педагог-зерттеуші – 3 505, педагог-шебер – 396. Мамандардың 94,4%-ы, яғни 16 103 педагог жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) білімі бар. ­Биылғы оқу жылының 3-тоқсанындағы білім беру сапасының деңгейі ­58,77%-ды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,08%-ға артық (56,69%). Оқушылардың үлгерімін ­талдауға сәйкес, елордалық мектептердің жартысында білім беру сапасының көрсеткіші 58%-дан жоғары.

Білім беру сапасын арттыру мақсатында Астана қаласы Білім басқармасының кешенді жоспары бекітілді. Оны іске асыру мақсатында әдістемелік орталықпен мұғалімдердің кәсіби деңгейін жетілдіру бойынша кешенді, мазмұнды іс-шаралар, атап айтсақ, семинарлар, шеберлік сыныптары, коучинг, практикалық алаңдар, түрлі жобалар («Профессор сабағы», «8 минуттық оқу», «Шеберден тәлім», «Кәсіби мұғалім», «ОқуTIME» және басқалар) өткізіледі, әдістемелік көмек ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында мерзімді түрде тақырыптық курстар өткізіледі. 2023 жылы 7 597 педагог (мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарынан 1 182, жалпы білім беру ұйымдарынан 5 619, оның ішінде 57 мектеп директорлары, 111 орынбасарлар, 257 сынып жетекшілері, 210 психолог, 84 әлеуметтік педагог және т. б.), кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінен 447, қосымша білім беру ұйымдарынан 195 адам мемлекеттік тапсырыс негізінде оқып шықты (2024 жылы 154-арнайы білім беру мекемелерінен). 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде 5 539 педагогты біліктілікті арттыру курстарын өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 1 199 педагог курстардан өтті.

Мектептер мен балалар санының артуына байланысты алдағы жылдары қалада 5 000-ға жуық педагог тапшылығы туындауы мүмкін. Кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында әкімдік жоғары оқу орындары үшін мамандар даярлауға 1 000-нан астам мемлекеттік тапсырыс бөлді. Соның арқасында 360 жас маман жұмысқа орналастырылды. Алдағы жылдары мемлекеттік тапсырыс арқылы жастарды жұмысқа орналастыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғасады.

Педагогикалық кадрларға деген қажеттілікті елорданың үш жоғары оқу орнында: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, «Астана» халықаралық университеті, Еуразия гуманитарлық институтында мамандар даярлау есебінен қанағаттандыру жоспарлануда. Олардың барлығының «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік лицензиясы бар, аккредиттеуден өткен, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің біліктілік талаптарына сәйкес жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Астана әкімдігінің гранты бойынша 2 262 студент оқиды, оның ішінде аталған жоғары оқу орындарында педагогикалық бағыт бойынша 1 923 адам дәріс алуда.

Педагогикалық кадрларға деген қажеттілік жыл сайын жоғары оқу орнын бітірген түлектер есебінен жабылады. 2023 жылы барлығы 363 жас, оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша 114 адам, яғни бітірушілердің 80%-дан астамы жұмысқа орналастырылды, қалғандары магистратурада оқуын жалғастырды немесе бала күтімі бойынша демалысқа шықты.

           Мансия СӘКЕНОВА




Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button