#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Әділеттілік – елдіктің іргетасы



Саясаттану ғылымдарының докторы, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, белгілі саясаттанушы Жапсарбай Қуанышев 70-ке толды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан тартып, еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды буындарда қызмет істеген ол Қазақстандағы әрбір өзгерістерден өзіндік ой түйіп, оны баспасөз беттерінде жиі жариялап келеді. Газетіміздің бүгінгі санында тұрақты авторымыз Жапсарбай Ілиясұлының тілшілерімізге берген сұхбатын жариялап, оның елдік сананы нығайту, ұлттық мүддені өзек ету жөніндегі ойларын оқырманға ұсынуды жөн санадық.

– Жапсарбай Ілиясұлы, ең әуелі, 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Сіз зейнетке шыққанға дейін еліміздің билік жүйесіндегі маңызды буындарда қызмет атқардыңыз. Сіздің әлдекімдерше өзіңізді жарнамалайтын, ат үстінде жүргенін абырой санап, өзін жұртқа көрсетуге әуес әдетіңіз жоқ екенін де, тілшілерге де сұхбат бермей, жұрт көзіне көп түспей жүретініңізді біз жақсы білеміз. Оқырман мақалаларыңызды баспасөзден оқып жүргені болмаса, сіз жайлы көп білмесе керек. Ендеше, әңгімені өзіңізді қысқаша таныстырудан бастасаңыз қайтеді?

– Рақмет, мен Жетісу облысы Көксу ауданы Мұқыры ауылының тумасымын. 1979 жылы ҚазПИ-ді, 1986 жылы Мәскеудегі КСРО ҒА Тарих институтының аспирантурасын бітірдім. 1979 жылдан 1992 жылға дейін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында лаборант, кіші, аға ғылыми қызметкер және ғалым хатшы болып жұмыс істедім.

Адам туылғаннан кейін белгілі бір ортада, белгілі бір қоғамда өмір сүреді ғой. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарға дейін Кеңес дәуірінде білім алып, қызмет істеп, сол жүйе­нің шынайы кейіп-кеспірін көріп-біліп өстік. Бізге тәуел­сіздік оңайлықпен келген жоқ. Ол үлкен күрес пен халықтың күшті бұлқынысының арқасында жүзеге асты. Біз ол кезде жалындаған жаспыз, ойы­мызды ірікпей, ашық айтып жүрдік. Мәселен, 1990 жылы менің «Колбиннің портреттер штрихы» атты мақалам жарияланды. Ол мақалада ойымызда жүрген барлық мақсатымыз, халықтың көкейінде жүрген өзекті түйіндер ашық жазылып, биліктің саяси түпкі мақсатын анық ашып көрсетуге тырыс­тым. Осы арқылы өзімнің саяси тұғырымды көрсеттім.

Осылайша еліміз тәуелсіздік алған кезде ұлт болып ұйысу үшін, ел болып егемендікті сақтау үшін не істеуіміз керек екендігін сезінуге талпына бастадық. Еліміздің саяси үдерісіне өз мүмкіндігіміз жеткенше аянбай ат салыстық. 1992 жылы, мен Алматыдағы ғылым академиясына қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет істеп жүрген кезім еді. Бір күні марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлымен кездесіп қалдым. Бұрыннан таныстығымыз бар еді. «Бір ой бар, жақында өзіңізбен хабарласамыз» деді. Қыркүйек айында маған Марат Тәжин телефон шалып, «Президент аппаратында ақпараттық-сараптамалық орталық құрамыз, соған жұмысқа келіңіз» деп шақырды. Менің Президент Әкімшілігіндегі жұмысым осылай басталды. Сөйтіп, Президент Әкімшілігінде 25 жыл жұмыс істедім. 2012 жылы Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болдым. Оның арасында 1996 жылдың мамыры мен 2004 жылдың желтоқсан айына дейін Ахметжан Смағұлұлы Есімов, Әбіш Кекілбаев, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов, Оралбай Әбдікәрімұлы сынды 5 мемлекеттік хатшының кеңесшісі болдым. Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтың хатшылығын басқардым. Одан қайта Ішкі саясат бөліміне ауыстым. Инспектор, сектор меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары болдым. Аз уақыт Қазмедиа орталығында бас директор болдым. Содан кейін Тұңғыш президент кітапханасында директордың орынбасары болып қызмет атқардым.

– Өмір жолыңыз идеология саласымен тығыз байланысты екен. Қазір осы «Қазақстанда ұлттық идеология жоқ» деген сөз жиі айтылды. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

– 1993 жылдың көктемінде елімізде алғаш рет идеология­лық мәселеге арналған үлкен кеңес өтті. Осы кеңесте тәуелсіз Қазақстанды өркендетіп, оның мемлекеттілігін нығайту, жаңа жағдайдағы идеологиялық жұмыстың  негізгі бағыт-бағдарларын қалыптастыру проблемасы кеңінен талқыланған еді. Бұл 70 жыл Кеңестер Одағының құрамында болып, өз тізгінін енді ғана қолға алған жас мемлекет үшін аса маңызды бас қосу болды. Осы жиналыстан кейін Үкімет басшысының орынбасары Қуаныш Сұлтанов бастаған Әбіш ­Кекілбаев, ­Қайырбек ­Сүлейменов, ­Нағашбай Шайкенов және тағы басқа мемлекет және қоғам қайраткерлері Көкшетау, Петропавл, Павлодар қалаларына барып, идеологиялық жақтан сүйемелдеу жұмысын бастап кеткені есімде қалыпты. Демек, әрбір мемлекет өз елінің болашақ дамуын негізге ала отырып, мемлекеттік саясатты қалыптастырады. Біздің елде де «ұлттық идеология қалыптастыру» мәселесі әу бастан ескерусіз қалған жоқ. Тек біз сол кездегі демографиялық жағдайға байланысты бұл мәселені мемлекеттік саясаттың ең нәзік буыны ретінде қарап, тым алаулатып, жалаулатып жіберген жоқпыз. Өкінішке қарай, бұл жерде Батыстың ықпалы да күшті болғаны да жасырын емес. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізге көз тігіп, біздің елдің байлығына қызығып, өз ықпалын жүргізуге тырысқан жат пиғылдағы елдер де аз болған жоқ.  Міне осы тұрғыдан алғанда ұлттық мүдде мәселесі, жоғарыда айтқанымыздай, өте өзекті тақырыптар қатарына жататындығын мойын­дамасқа болмайды. Кеңес Одағының шекпенінен шыққан саяси салада еш тәжірибесі жоқ жас мемлекетке өз идеологиясын тықпалағандар да аз болған жоқ. Олар демократия мен адам құқықтарын желеу етіп, Ата Заңымызға мемлекеттік идеология ұғымын енгізуге әртүрлі «кедергілерді» жасап бақты. Сондықтан да біздің заң-түзімдерімізде ұлттық идеология жөніндегі мәселелер ашық жазылған жоқ. Кей жағдайда оны ашық айтудан қалдық. Осыған қарамастан мемлекеттік ­саясат аясында ол кең ауқымда қарастырылып, бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттің саясатын ақпараттық сүйемелдеу немесе ілгерілету тұрғысында атқарылып отырды. Әрине, бұл жұмыста кемшіліктер де бар шығар, бірақ жетістігіміз де жоқ емес. Сондықтан тәуелсіздікті баянды етіп, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде де бізге саяси қырағылық, ұлттық идеология­лық қызметті жалғас­тыруда асқан шеберлік керек. Оның үстіне қазіргі геосаяси жағдай да күннен-күнге күрделеніп және ушығып барады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ұлттық идеология ұранмен қалыптас­пайды. Ұлттық идеологияны өркендеттендірудің бір шарты әділеттілік болмақ. Сондықтан да болар бүгінгі таңда елдегі саяси реформалар шеңберінде ұлттық құндылықтарды дамытуға ден қойылып, осы мәселе жүйелі түрде қолға алына бастады. Алдағы уақытта, яғни Әділетті Қазақстанды құру барысында, елдік сананың да күшейетіндігіне сенімім мол.

Демек, ұлттық идеология қысқа ғана уақыт ішінде қалыптаса салмайды, ол заман көшінде толығып, біртіндеп нығая түсетін дүние. Екінші тұрғыдан, ол қатырып қағазға жазып тастайтын заң емес, ол жалпы халықтың идеологиялық ортақ құлшынысынан, елдік сана негізіндегі арман-мақсатынан көрініс табуы керек. Сондықтан бізде ұлттық идеология жоқ деп ауызды құр шөппен сүрте беру дұрыс емес деп ойлаймын.

– «Әділетті Қазақстан» құру бізге, біздің елімізге не береді деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі» деген еді. Мемлекет басшысы егемендікті нығайтып, елдікті сақтап қалу үшін елдің даму жолындағы кездесетін кедергілердің барлығынан арылу керектігін де жиі айтып келеді.

Шынымен де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғаннан кейін батыл қадам жасап, халықтың мұң-мұқтажы мен тәуелсіздікті және қазақ мемлекеттілігінің қамын ойлаған ауқымды реформаны жүргізуді қолға алып, олардың мақсатты қарқынын сақтап қана қоймай, ауқымды жаңғырту жолын таңдап, саяси реформаларға, яғни саяси жүйені қайта жүктеуге басымдық берді. Көптеген түйткілді мәселенің басын ашып, оларды шешуге кірісті. Бұл жаңа бағыт саяси-­экономикалық монополиясыздандыру мен қоғамдық бақылауды орнатуды талап етті және билікті монополиялауға тосқауыл қойып, популистік ұранмен әуестенуге жол бермеуді көздейді. Мұндағы басты мақсат – Қазақстан халқының ұзақ мерзімдік мүдделерін қамтамасыз ету еді. Біз қазірдің өзінде Мемлекет басшысының халыққа ұсынған әділеттілік, теңдік, бірлік қағидаттарын орнықтыруға бағытталған саяси бастаманың нақты орындалып жатқандығының куәсі болып отырмыз. Саяси реформаларды ілгерілетуге тікелей қатысы бар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңның шеңберінде Президент, Парламент пен оның депутаттарының мәртебесі, сайлау туралы және тағы басқа бірқатар маңыз­ды заңға Қ.Тоқаев жария түрде қол қойды. Бұл халық мүддесіне негізделген ауқымды реформа іске асырыла бастады деген сөз. Ол заңдар елдегі саяси реформалардың баянды болуының кепілі. Ең бастысы, Президент жалаң әкімшілік шаралармен шектелмей, адамды мемлекеттің басты байлығы ретінде қарастырады. Елдік мүддені нығайтудың басты түйінін әділдік ретінде қарастырады.

Басқасын айтпаған күннің өзінде Мемлекет басшысының суперпрезиденттіктен бас тартып, президенттік-парламенттік республикаға бет алып, ықпалды Парламент, халық үніне құлақ асатын мемлекет құру бастамасының өзі біздің еліміздің дамуына тың серпін беретін маңызды саяси қадам. Оның үстіне, Президент айтып қана қойған жоқ, бәрін заңмен шегелеп отыр. Ол азаматтар, бүкіл қоғам заңның талаптарын мүлтіксіз орындауға дағдыланып, соның негізінде өмір сүруі керек дегенді аңғартады. Бұл елдің саяси дамуы үшін өте маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының бір ұтымды жері де, көңілде болашаққа деген сенім ұялататын тұсы да осы ма деймін.

– Аға, сөзіңіз аузыңызда, елімізде «ықпалды Парламент» қалыптастыру мәселесі айтылғалы бірнеше жыл болды. Біз Парламент ықпалының артып келе жатқанын нақты байқай алмай отырған сияқ­тымыз.

– Әрине, бәрі бір күнде өзгере салмайды. Президент батыл қадамдарға барғанымен, біздің мемлекеттік органдардың белсенді қадам жасай алмай жалтақтап отырғандығы рас. Бірақ бұл уақыттың мәселесі. Бізде көп нәрсе жоғарыда айт­қанымдай, заңмен нақтыланып жатыр ғой. Оның үстіне көне жүйеден қалған «мұра» әлі де баршылық. Мүмкін ұрпақ алмасуы барысында  осы жалтақтың бәрінен құтылатын шығармыз. Бір ауыз сөзбен айтқанда, заң түзелсе, қоғам өзгерді, Президент ықпалды Парламент құруға үлкен мүмкіндік берді. Ендігі мәселе біздің заң шығарушы органдар мен халықтың саяси сана-сезіміне байланысты деп ойлаймын. Елімізде заң жұмыс істеген кезде жастарымыздан бастап қарияларымызға дейін жауапкершілікті сезініп, сол заңдардың орындалуын халық талап еткенде, ықпалды Парламент те жұмыс істей бастайды.

– Өкініштісі, қазір халық бір нәрсені талап етсе, оның бәрі бірден орындалып жатқан жоқ қой.

– Демократияны құру оңай шаруа емес. Ол туралы біз сөзіміздің басында айттық. Керек десеңіз, демократия деген сөздің өзін қаншама жыл бізге «түсіндіріп», бізден демократия­ны талап етіп келгендердің өздері қазір демократиялық құндылықтарды белден баса бастаған жоқ па?! Демек, демократия деген әркімнің ойына келгенін талап ету емес, ол да елдік сананы, ұлттық мүддені, мемлекетшілдік идеяны негіз етуі керек. Мемлекеттің негізгі күші – халық. Біз «халық қаласа хан түйесін сояды» деген идео­логиядан нәр алған ұлтпыз. Халық қаласа орындалмайтын нәрсе жоқ, бірақ халықтың талабы да елдік мүддені, ұлт болашағын, ұрпақ келешегін негізге алу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, «халық үніне құлақ асу» мәселесінде заң атқарушы органдарда қызмет істеп отырған азаматтардың саяси танымымен, елдік мүддеге қызмет ету санасымен қатысты екенін естен шығармаған жөн. Президент бәрін айтып, тапсырма беріп жатыр, соны іліп әкетіп, жұмыс істеу жағында біздің азаматтар әлі де сылбырлық танытып жатқаны рас. Оны мойындау керек. Дегенмен оларды тек сынай бермей, жұмыс істеуге мүмкіндік те беріп, үміт артуымыз да керек шығар.

– Мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйі туралы не айтасыз?

– Тәуелсіздік алғандағы елімізде өте өзекті тақырыптың бірі осы тіл мәселесі болды. Сол кезеңде тіл мәселесі қатты сая­саттандырылып кетті. Өкінішке қарай, саясаттандырылған мәселеде береке болмайды. Кезінде мемлекеттік тілді дамытуға қаншама қаржы бөлінді? Қаншама мекемелер құрылды? Олар қазір қайда? Меніңше, бұл саясиландырмай-ақ шешуге болатын мәселе. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезімен салыстырғанда қазір мемлекеттік тіл саясаты жолға қойылған. Бірақ осылай екен деп бұған шүкір деп отыра беруге тағы келмейді. Мемлекеттік тіл – ол еліміздегі әр түрлі этностарды біріктіретін негізгі күш. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы ұлтымыздың рухани мінберіне айналып үлгерген Ұлттық құрылтай жиынында тағы да тоқталып, «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек» деді. Бұл өте дұрыс пайым. Біз осы мақсатты жүзеге асыруға құлшынуымыз керек.

Ақерке БАЗАРҒАЛИЕВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button