Қоғам

Сабақты құндылықтарға қалай негіздейміз?



«Баланы ең әуелі мейірім-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген хакім Абайдың даналық сөзін барлық көшенің, мектептің төріне үлкен әріптермен жазып қоюымыз қажет. Өйткені әр баланың бойын­дағы білімге деген шырағын жағатындай жағдай туғызу үшін мұғалім мейірбан болса ғана іс оңға басады. Біз мектепте сапалы білім береміз десек, оны ұлттық дүние­танымымызбен байланыстырып, әр пәнді құндылықтарға негіздей отырып, қызықты да пайдалы етіп жүргізуіміз керек. Осы орайда өзімнің педагог ретіндегі табысымның құпиясымен бөліскенді жөн көрдім.

Кез келген пәнді құндылықтарға негіздеп, баланың білім мен ғылымға деген қызығушылығын оята аламыз ба? Әлбетте, солай. Сапалы білім мен ұлттық құндылық – табысты мектептің кепілі. Осы екі бағытты тең ұстаған жағдайда ғана жақсы нәтижеге жете аламыз. Мәселен, мен география пәнінің мұғалімімін. Әр сабақта ұлттық және адамзаттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру мақсатымен әртүрлі педагогикалық тәсілдерді қолданамын. Мысалы, ең алдымен әдебиеттерге шолу жасаймыз. Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика», Фридрих Ницшенің «Балалықтан даналыққа», Кэрол Дуэктің «Ойлау» сияқты еңбектерін оқушыларыммен бірге оқып, талқылаймыз. Ондағы мақсатым – өз шәкірттерімді ойлауға үйрету.

Құндылықтар оқушылардың өзі өмір сүретін қоғамдағы рөлін түсінуге және жауапты шешімдер қабылдай алатын қабілетті азамат болып қалыптасуына көмектеседі. География пәні бойынша негізгі мектептің оқу бағдарламасын жүзеге асыру барысында мынадай құндылықтарды белгілеп алдым: жалпы адамзаттық құндылықтар (жер бетіндегі халықтың әдеп-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, мәдениеті, басқа ұлттармен татулықта өмір сүруі, кедейлік, климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы); ұлттық құндылықтар (отансүйгіштік, қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрыптары, отбасы құндылықтары мен дәстүрлері), адами құндылықтар (еңбекқорлық, шығармашылық жұмыс, адалдық, ашықтық, құрмет, денсаулық пен әл-ауқат).

Әр мұғалім ең алдымен, өзі оқытатын пәнді жетік білуі керек. Одан кейін сол пәнді құндылықтар арқылы әр баланың ой-өрісіне, санасына жеткізе алатын болуы тиіс. Мен оқушыларды тақырыпқа қызықтыру үшін нағыз қажет жерінен бастаймын. Мысалы, жер шарындағы халықтардың әдеп-ғұрыптары, мәдениеті алуан түрлі. Осыны түсінікті формада, нақты мысалдармен айтып жеткіземін. Сол халықтардың әрқайсысының басқаларымен татулықта, бірлікте өмір сүруі дегенге ең басты мәселе ретінде тоқталамын.

Климаттың өзгеруі – өте күрделі мәселе. Мемлекет басшысы 2023 жылы Дубайда өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатқанын мәлімдеді.

«Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр» деді Президент.

Қазақстан басшысы 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келетінін ескертті. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Осы мәселені оқушыларға көрнекі құралдардың көмегімен түсіндіремін.

Өз елін сүйетін әрбір адамның бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезім болуы шарт. География сабағында оқушыларға Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін, геосаяси жағдайлар мен халықаралық қатынас­тарды, еліміздің шетелдермен, өңірлік және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасын, қоршаған ортаны қорғауға қатысты түйткілдерді жай сөзбен ғана емес, нақты мысалдармен түсіндіремін. Ең бастысы, ең мәнді нәрсені екінші қатардағы мәселеден ажырата білуге баулимын. География­лық ерекшеліктерге келсек, Қазақстан Республикасы  аумағының өлшемі жөнінен әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді және ішкі құрлықтық мемлекеттердің ең ірісі болып саналады. Жерінің көлемі жөнінен дүниежүзінде 9-орын алады. Жалпы аумағы бүкіл жер шары көлемінің 2%-ын, Азияның 6,1 %-ын құрайды. Еуразия құрлығында Ресей, Үндістан, Қытайдан кейін төртінші орында, ал ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында тұр. Осындай ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан тәуелсіз Қазақ елінің әр азаматының отансүйгіштік деген ең ізгі сезімі болғанда ғана туған еліміз өркендеп дамиды.

Біз сабақ барысында адами құндылықтарды дамыту мақсатымен практикалық жұмыстарды көбірек жүргіземіз. Өйткені, оқушылардың өздері жасайтын жобалар білімі мен дағдысын өмірде қолдануға мүмкіндік береді. Әлбетте, әр жобаны жүзеге асыруда күш-жігер, ынта-ықылас қажет. Бұлардың бәрі бірлесіп, адамның еңбекқорлығына ұласады. Людвиг Бетховеннің:  «Талантты әрі еңбексүйгіш адамға тосқауыл жоқ» деген тамаша нақыл сөзі бар. Мен оқушыларға жобаны толық жүзеге асыруда географиялық деректермен жұмыс істеу дағдысын кеңейтіп, шығармашылық қабілетін шыңдауға құлшындырып отырамын. Сабақ барысында ашықтық, адалдық, құрмет сияқты құндылықтарға айрықша назар аударамыз.

Адалдық пен әділеттілік деген құндылықтардың маңызы зор. Бұл орайда балалар қоршаған ортаға және басқа адамдарға адалдық пен әділеттілік тұрғысынан қарап, өзекті мәселелерді ашық талқылайды. Мен шәкірттеріме әрқашан өз ойындағысын ашық айтуға әзір тұру керектігін түсіндіруден жалықпаймын. География пәні әлемдегі халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін, табиғатын, экологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Әрине, жер шарындағы қандай да бір елдің немесе халықтың мәдениетін білу үшін олардың географиялық картада орналасқан жерін, тарихы мен өмір сүру салтын тануымыз керек. Бұл бағытта біз алуан түрлі мемлекеттердің табиғатына, экологиясына, мәдени ерекшеліктеріне толық талдау жасап, салыстыру арқылы үздік тәжірибесін үйренеміз, жетістіктерін тізбелеп шығамыз. Мысалы, әлемде табиғатты қорғауға қатысты өте сәтті, табысты тәжірибесі бар елдер көп. Солардың мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қараудың өзі – өркениетті ел азаматының ұстанымы. Осы қағидатты әр оқушыға құндылық ретінде сіңіру – біздің парызымыз.

Ұлттық құндылықтардың ішінен отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін бөлек қарастырамыз. Ол жерде әртүрлі ұлттардың мәдени ерекшеліктерімен танысу барысында қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен дәстүрлеріне кеңірек тоқталамыз. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығына әсер ететін құбылыстарды тереңірек түсіндіруге мысалдар көп. Үнемшілдік пен ысырапшылдықты алып ­қарайық. Қазір бозбала мен бойжеткендер күн сайын уақытын ысырап етумен күн кешеді. Пайдасы аз әлеуметтік желілерде күніне 10 сағатқа дейін отырып, бір-бірімен қажетсіз, зиянды ақпаратпен алмасады. Қазақ халқында «уақыттың босқа өткені – өмірдің бос өткені» деген мақал бекер айтылмаған. Міне, осылардың барлығын қамтып, әр мұғалім сабағын құндылықтарға негіздеп өткізсе, оқушылардың жансарайы ашылады.

Гульжазира НУРЖАНОВА,

Астана қаласы Бауыржан ­Момышұлы

атындағы №53 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары, география пәнінің мұғалімі

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button