Басты ақпаратҚоғам

Сағадат батыр –туған жерінде



1999 жылдың мамыры. Сол кезең кешегідей көз алдымда. Жоғарыдан Сағадат Нұрмағамбетовтің 75 жылдығын туған жерінде атап өту туралы нұсқау түсіп, бізді аудан әкімі Р.Керейбаев жинап алып, іс-шараны өткізудің жоспарын талқыладық. Маған берілген ­тапсырма – Ақмола облысы Еңбек ауылындағы және өзі оқыған №1 мектепті дайындау, оқушылармен жұмыс жүргізу. Осы дайындықтың басы-қасында жүріп, сапалы болуына көңіл аудардым.

Белгіленген күні Сағадат ағамыз зайыбымен, жанында бірнеше әскери адамдар бар Еңбек ауылының мектебінің жанына ат басын тіреді. Мектептің жанында соғысқа қатысқандарға арналған мемориал бар да, соған барып тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Содан кейін сол жерде біраз жерлестерімен кездесіп, әңгімелесті. Мектептің мәжіліс залына жиналған оқушылармен, ұстаздармен және ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу кезінде Сағадат Қожахметұлы өзінің балалық шағына ой жүгіртіп, байларды қалай кәмпескелегеніне, жазықсыз жерлестерін «халық жауы» деп жер аудартып жібергенін өз көзімен көргенін тебірене әңгімеледі. Залда жастар көп болатын, соларға қарап: «бірде аш, бірде тоқ, тек табан ақы, маңдай тер еңбекпен есейген біздің кездің балалары Отан қорғауға қашан да дайын болатын» деп егемен елімізді ішкі және сыртқы жаудан қорғау өскелең ұрпақтың мойнындағы борыш екенін еске салды.

Сол күні кешке туысының үйінде болдық. «Мен батыр­мын, генералмын» деп қарап отырған жоқ, өз үйіндей бізге қызмет жасап, өзінің қарапайым­дылығын көрсетті.

Келесі күні ол кісіні қошеметтеу Ақкөл қаласында өтті. Бұрынғы орталық Ленин көшесін Сағадат ­Нұрмағамбетовке өзгертіп, соны рәсімдеу шарасы өтті. Бұл іске облыс әкімінің орынбасары марқұм Қ.­Алпысбеков жауап беретін. Содан өзі оқыған №1 орта мектептің оқушыларымен, ұстаздарымен кездесу өткізді. Онда өзін оқытқан ұстаздарымен сол кездегі мектеп директоры Козловты еске алып, жылы лебізін білдірді.

Ең соңында сол кездегі облыс әкімі Сергей Кулагин батырды туған ауылы Қосымға ұқсас қарағайлы орман ішінде қабылдау жасады. Үш киіз үй тігілген. Онда да біраз адам болдық. Облыс атынан Сергей Витальевич ол кісіге жеңіл машина сыйлады. Орман ішіндегі отырыс кішігірім концертпен (суретте) жалғасты. Менің еңбегіме риза болды-ау деймін, маған қол сағатын сыйға тартты. Кейін аудан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мерейтойлық медальмен марапаттады.

Ағамыздың өмірден өткеніне толық 10 жыл. Ол кісінің екінші өмірі, халқына сіңірген еңбегі, жастарды патриоттық тәрбиелеуге пайдаланатын батырлық істері, егеменді еліміздің қорғаныс саласын дамытуға қосқан үлесі туралы көптеген материал қалды. Ол үшін ең бірінші «Ер атына елі сай болу керек» деген айдармен біраз іс атқарылды.

Бұл елді мекен – астанадан Бурабай бағытына шыққанда тоқсан шақырымдай жерде орналасқан Еңбек ауылы. Сағадат деп отырғанымыз – Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының №1 Халық қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов. Кезінде өзінің қатысуымен туған жерінде мерейтойлары аталып өтті. Ол кісі 2013 жылы 89 жасында дүние салды. Сол тасжолмен Еңбек ауылының тұсынан өтіп жүріп, жолаушылардың басым көпшілігі батырдың елі екенін білмейтініне көзім жетті. Онымен қоса, ол кісінің кім екенін білмейтіндер де кездесті. Осы кемістікті қалай жою керек екенін ойлап жүріп, кішкене бағдарламаның жобасын жасап, аудан әкімінен қолдау таптым. Бұл жобаны іске асыру үшін біраз қаржы қажет еді. Демеуші табу үшін ағамыздың атындағы «Жас ұлан» мектебіне бірнеше рет бардым, ақырында «бізде артық қаржы жоқ» деген жауап алдым. Қорғаныс министрлігінің кейбір азаматтарымен сөйлесіп едім, олар да мүмкіншілігі жоғын білдірді. Ақмола облысы әкімінің қабылдауында болып, мектеп пен мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаражат сұрап алдық. Таяуда Еңбек ауылына барғанымда, бұрынғы мектеп директоры ­Қ.Баймолдина айтады: «…мен осы мектепте қырық жылдан астам қызмет істеймін, мұндай жөндеу жұмысы ешуақытта болған емес. Ұстаздар да, оқушылар да, ата-аналар да дән риза».

Осы бағдарлама бойынша ауылға дейінгі төрт шақырым жолды жөндеу, орталық көшені жарықтандыру, автобанның Еңбек ауылы тұсына билборд қою қарастырылған болатын. Осы жұмыстарды бұрынғы аудан әкімі Алпысбай Қуандықұлы аудан бюджетінен қаржы бөліп, орындап шықты. Мәдениет үйінде Сағадат Қожахметұлына арналып музей жабдықталды. Осы шаруалардың уақытында сапалы орындалуын қадағалап, тіпті кейбір басшылармен сөзге келіп қалып жүрген Еңбек ауылының бұрынғы әкімі Сағындық Шәкірұлы Абахановқа және де осы ауқымды істерді атқаруда өз үлесін қосып жатқандарға зор ризашылығымды білдіргім келеді.

Ауданның орталығына ескерткіш қою туралы Қорғаныс ­минис­трі Р.Жақсылықов мырзаның қабылдауында болдым. Ол кісі орындады. Ақкөл қаласында ол кісіге арналған саябақ дайындалуда. Алла жазса, туған күні ескерткіш ашылмақшы. Сағадат ауылына келіңіздер, мерейтойдың куәсі болыңыздар!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі,

Қазақстан журналис­тері

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button