Мәдениет

Қаламгерліктен қайраткерлікке көтерілген



Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада рәмізтанушы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шәймерденұлының 70 жылдығына арналған ­ғылыми-танымдық конференция өтті. «Ғасырлар қолтаңбасы немесе рәміздік танымның баспалдақтары!» тақырыбындағы іс-шара аясында «Мәңгілік мұра»: Елтаным..» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай еске алу жиынының өтуіне Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мұрындық болды.

Конференцияға қатысқан қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары, Парламент депутаттары, мәдениет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен жалпы зиялы қауым өкілдері қазақ елінің тұңғыш рәмізтанушысы және Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы Ербол Шәймерденұлының мәдениет, тіл және геральдика саласына сіңірген еңбектерін баяндап, жалпы азаматтық, адами қасиеттері туралы көзкөргендер мен бірге қызметтес болған замандастары жылы естеліктерімен бөлісті. Жиын барысында рәмізтанушы туралы түсірілген «Ербол Шәймерденұлы: Тұлға» деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.

– Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы бола жүріп, мемлекетімізде әлі іске аспаған тұңғыш рәміздердің жүзеге асуына Ерболдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның сыртында Тіл комитетінің төрағасы бола жүріп, талай сан қилы мақалалар жазды. Ерекең жайында Ә.Нұрпейісовтен бастап, Ә.Кекілбаев, Ә.Тарази, Қ.Сұлтанов сынды еліміздің зиялы қауым өкілдерінің бәрі жылы сөздер айтқан. Олардың бәрі кітаптарда жазылған, сақтаулы. Алпысқа жетпей-ақ соншама еңбектің бәрін қалай жазғанына әлі күнге дейін таңғаламыз. Оған сенім артқандар көп болды, тіпті Әбдіжәміл ағамыздың өзі «Қан мен тер» романын кезекті түзетуден кейін оған алғысөз жазуды жап-жас жігіт Ерболға тапсыр­ған. Бұл атақты қаламгердің Ерболды танығанын, бойындағы қабілетті, шығарманы талдаудағы шеберлігі бар екенін байқағанын білдіреді, – деді конференцияны жүргізген жазушы Қуаныш Жиенбай.

Әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахманов Ербол Шәймерденұлының қайраткерлік бастамаларынан мысалдар келтіре отырып, шығармашылық қырына да тоқталды, оның мақаланы әбден зерттеп, барлық фактіні тізіп, түзіп, қолына жинап отырып жазатын нағыз журналист болғанын атап өтті. Елтаңба авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы қазақ деген халықта мыңдаған жылдар бойына болмаған мемлекеттік рәміздерді қалыптастыруда марқұмның еңбегі зор болғанын жеткізді. Ол естелік ретінде өзі жасаған Елтаңбаның төс белгісін Е.Шәймерденұлының жары Күләш Қайыржанқызына табыс етті.

– Ербол аға Шәймерденұлы сан қырлы азамат, шығармашылыққа адалдығын сақтаған, өзіндік орны бар үлкен қаламгер болды. Оның жазғандары әдеби ортада, публицистика саласында, жалпы шығармашылық әлемінде жақсы мойындалған. Сонымен қатар ол қаламгерліктен қайраткерлік биікке көтерілді. Сөйтіп көп қаламгердің маңдайына жазылмайтын абыройды, мәртебені ұстап тұрды және соған дақ түсірмей өмірден өтті. Сондай-ақ ол ұлтжанды азамат болды, оның барлық еңбектері ұлт мәселесімен сабақтасып жатады, өзі солтүстіктің тумасы, жас кезінен ұлтқа не қажет екенін, басқа ұлт арасында өзіміздің мәртебеміз қалай болуы керек екенін сезініп өскен, ұлттық санасы ерте оянған азамат, – деді  Президент кеңесшісі, публицист-ғалым Бауыржан Омарұлы.

Жиында қазақ әдебиетінің өзге де қазіргі танымал өкілдері, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары Е.Шәймерденұлы туралы айтқанда оның азаматтық, қаламгерлік, қайраткерлік қырларын шынайы ой-пікір, құнды естеліктерімен барынша ашуға тырысты. Биыл мамыр айында тірі болғанда 70 жасқа толатын қаламгердің өмірден өткеніне 12 жыл болса да, жақсының атын өшірмеуге ниет білдірген жандарға оның жары мен туыстары алғыс білдірді.

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button