Басты ақпаратСараптама

Жәдігерлерге жанашырлық жетіспейді



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар. Cоның салдарынан Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды» деді. 

Тоналып кеткен мұра көп

Құрылтайда ел басшысы археологиялық қазбалардың тоналып жатқанына да айрықша назар аударды. «Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті, еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет» деп баса айтқан еді.

Тарихи жадыны қалыптас­тыратын тарих ғылымдары жүйесінде жазба тарихы аз Қазақстан үшін археологияның алар орны ерекше. Еуразияның кіндігіндегі Қазақстан – әлемдік өркениетке айрықша үлес қосқан, адамзат дамуының қос моделі (қала мен дала) үйлесім тапқан киелі мекен. 1969-1970 жылдары Алматы облысы маңынан табылған «Алтын адам» алыс-жақын елдерді елең еткізгені анық. Кейін Атыраудан, Шіліктіден де «Алтын адам» табылып, еліміздің тарихындағы бағалы жәдігерлерге айналды. Қойнауы құт, адамзаттың сан мың жылдан бері құтты қонысы болған қазақ жерінде мұнан өзге де байлық, құнды мұралар аз емес. Оларды тексеріп зерттеу, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу аса жауапкершілікті жұмыс.

Дей тұрғанмен, еліміздің археологиялық зерттеу жұмыс­тарына айрықша көңіл бөлініп отыр деп айта алмаймыз. Білікті мамандарды қаржылық және саясаттық жақтан қолдау өте аз. Ұлттық тарихымыздың тамырын археологиялық тұрғыдан зерттеу жұмысы да ақсап тұр. Бұл өз кезегінде еліміздегі тарихи жәдігерлердің талауға түсуіне, ақшаға құныққан ашкөздердің бағалы жәдігерлер жатқан ежелгі қабірлерді, жәдігерлік орындарды ұрлап қазуына жол ашты. Тек Жетісу, Алматы облыстарының төңірегінің өзінде талай қабір ұрлап қазылып, талауға түскенін жергілікті жұрт үнемі айтып келді. Бірақ оған құлақ асып, мәселені бақылауға алған құзыр­лы органдар жоқ. Малшылар, жергілікті тұрғындар қымбатты жәдігерлердің тоналып жатқанын заң атқарушы органдарға мәлімдесе де, көбінің соңы жабулы күйде қалып жатыр. Осыдан бірер жыл бұрын «Семей таңы» газеті «Шығыс Қазақстанда тарихи маңызы бар қорымдар тоналып жатыр. Ұрылар Шілікті жазығындағы Алтын адам табылған обалардың бірін белден қазып, табыттарын қиратып кеткен» деп хабарлаған еді. Бұл жөнінде қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыпаров сол кезде «Алтын адам шыққан Шіліктідегі обалар еш қараусыз жатқалы қашан?! 2021 жылдың күзінде бір топ археолог пен облыс әкімі келіп, 2022 жылға архео­логиялық қазба жұмыстарын жоспарлаған обаға жақында қарақшылар түсіп, қазып, обаны қайта көміп кетіпті. Обадағы патша не патшайым жатқызылатын табыт ағашы да шашылып, бетіне шығып қалған. Былтыр қара күзде тағы бір оба тап осылай қазылып кеткен екен. Мынау – тоналған екінші оба» деп ашына айтқаны есімізде қалыпты.

Әлсіз заң – ұрының бағы

Әрине, тек Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде қабыр тонау, алтын іздеп жерді қырық шоқпыт қазып тастау үрдіске айналып барады. Жақында Талдықорған облысының малшылары қорыс-қопасы шыққан жайылымдарының фотосын әлеуметтік желіге салып, «алтын іздегендер жайылымды осылай қазып, астындағы байлығын тонап жатыр. Олар қазған шұңқырға малымыз түсіп өліп жатыр» деп заң атқарушы органдардан бұған тыйым салуды талап еткен еді. Ол да апта өтпей жатып аяқсыз қалды.

Елімізде мұндай жағдайдың етек алуына бастысы заңның әлсіздігі мен заңсыз алтын қазушыларға берілетін жазаның жеңілдігі себеп болып отыр. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, тонаушы мен заң атқарушылармен бірлесе жұмыс істейтін қылмыстық топтар да тарихи жәдігерлерге болған тонаушылықты күшейтіп жіберді. Президенттің «Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады» деп баса айтуының бір себебі осында.

Көршің неге көш ілгері?

Қытайда 1950 жылдан бері археологиялық зерттеу жұмыс­тарын реттеуге байланысты 20-ға жуық нормативтік құжат қабылданған. Олардың ішінде ең маңыздысы – 1982 жылы жарық көрген «Мәдени мұраларды қорғау» туралы ҚХР заңы. Бірнеше мәрте толықтыру мен түзету енгізілген осы заң Қытайда археология саласының құқықтық негіздерін айқындайды. Аталған заңда «Қытай Халық Республикасының аумағындағы жер астында, ішкі су алабында және аумақтық теңізде сақталған барлық мәдени ескерткіштер мемлекет меншігінде» деп атап көрсетілген. Заңның осы бабына сәйкес, мемлекет Қытай аумағынан табылған кез келген тарихи-мәдени жәдігерлікті аз ғана өтемақымен тиісті мекемелердің коллекциясына жинақтай алады. Сондай-ақ осы заңда «Барлық археология­лық қазба жұмыстары рұқсат беру процедураларынан өтуі керек» деп анық көрсетілген. Бұл заңды және заңсыз қазба жұмыстарын ажыратудың құқықтық негізі саналады.

Қытайдан үлгі алар ендігі бір тәжірибе – археологиялық сауат­тандыру, археологиялық зерттеулерді халық игілігіне асыру, тарихи сананы қалыптастыруға қызмет ету. Сондықтан еліміз де шетел тәжірибесін ескере отырып, мына түйіндерге баса назар аударған абзал. Бірінші, архео­логия ісі бойынша арнаулы сайт ашылып, елдің барлық аумағында қазірге дейін жүргізілген және жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу мен қазба жұмыстарының есептерін жинақтау; қаржылық есебін де азаматтардың бақылауына қоса ұсыну. Екінші, археология­лық сауаттандыру шараларын қолға алып, қазақ даласындағы археологиялық нысандар мен олжалар бойынша балаларға, жастарға және қалың көпшілікке арналған танымдық еңбектер әзірлеу, баспадан шығару жұмысын қолға алу. Үшінші, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бойынша үйлестіру жұмыстарын вандализммен күрестің маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындап, тарихи-мәдени ескерткіштерді бүлдіру, ескі қабірлерді қирату, қазба жұмыстарын рұқсатсыз ұйымдастыру, жәдігерліктер контрабандасы бойынша жазаны қатаңдату, әсіресе қытайлық тәжірибе бойынша ескі молалар мен қабірлерді қазу, мәдени жәдігерліктерді контрабандалық жолмен шетел асыру, т. б. қылмыстарға ауыр жаза қолдану (Қытайда бұндай қылмыстарға өлім жазасына дейін көзделген). Төртінші, археологиялық қазба нысандарында аспан астындағы мұражай немесе туристік кешен салу ісін бір ізге келтіру, құрылыс нысандарының ауданын, учаскелік аумағын, қабылданатын туристердің шекті санын, билет бағасын, түскен табыстың пайдалану мақсатын бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін тетіктер әзірлеу.

Мамандар не дейді?

Зейнолла САМАШЕВ, ­археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Президенттің Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасынан кейін елімізде археология саласына көңіл аударыла бастады. Бірақ барлық мәселе осымен шешім тауып кетеді деп айту қиын. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты лицензия мәселесіне келсек, Парламент заң қабылдап, көп жұмыстарға лицензия берді ғой, сол қатарда археология­лық қазба жұмыстарына да лицензиялау талабы қойылған. Бұрын «ашық парақ» деген бар еді, оны Мәдениет министрлігі археология институтымен келісе отырып, бір жылға, сосын нақты ескерткішке беретін еді. Ал лицензия беріле бастағаннан кейін лицензия құжаттарын дұрыстап өткізген адам өмір бойы археология жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік алды және ол тұтас Қазақстан аумағында қазба жұмыстарын жүргізе алады. Оның арасында мамандары да, маман еместері де бар. Яғни бүкіл Қазақстанда қазба жұмыстарын жүргізуге өмір бақи рұқсат беру дұрыс емес. Мәселен, қолында лицензиясы бар адам Шымкентте отырып, Алтайдағы тоң басқан қорғандарды қазады. Бұл дұрыс емес, оған маман болуы керек. Сөйтіп, лицензия алу және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кәсіпке, бизнеске айналып кетті.

Екінші бір мәселе, лицензия алып қазба жұмыстарын жүргізіп, есеп тапсырмайтындар көбейді. Қазба жұмыстарының нәтижесі есептерде көрсетіліп, олардың барлығы бір жерге жиналып тұруы керек. Бұрын ол археологиялық институттың архивінде жиналатын. Ол сонда ғана ғылыми айналымға түседі. Лицензия алған адам қазба жұмыстарын жүргізіп, тапқан затын бермей, есеп өткізбесе, онда археология­лық қазба жұмыстарының қажеті қанша?! Археология­лық қазба жұмыстары не үшін жүргізіледі? Лицензия не үшін берілді? Кез келген археологиялық қазба жұмыстары біздің көне, орта ғасырлық тарихымыздағы бізге белгісіз мәселелерді шешу үшін жүргізіледі.

Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша заңсыз археологиялық қазба жұмыстарының саны көбеюде. Оның ішінде «қара археологтардан» келетін залал жетерлік. Бүкіл Қазақстанда қаптап жүр. Оны заң атқару тараулары да біледі, ұсталғандары да бар. Бірақ оның біреуі де сотталған жоқ. Бұған қатаң шара қолданбаса, оларды тоқтату мүмкін емес.

Ақан ОҢҒАРҰЛЫ, Ә.Мар­ғұлан атындағы ­Архео­логия институтының бас директоры:

– Қазақстанның әр өңірінде ескерткіштерді тонаудың қарқын алғаны рас. Археологиядан хабары жоқ қолына таяқ ұстаған малшы баласынан бастап, жәдігерлерді тонауды арнайы табыс көзіне айналдырған қалталы азаматтарға дейін қазір «алтын іздеуді» кәсібі мен нәсібі етіп жүр. 2015 жылға дейін мұндай қадамға бірен-саран адамдар барса, қазір бұл біреулердің табыс көзіне, кейбіреулердің хоббиіне айналды.

Археологиялық лицензия дегеніміз, қарапайым сөзбен айтқанда, қазба жұмыстарын жүргізуге қажетті рұқсаттама құжат. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті береді. 2019 жылдың желтоқсанында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» жаңа Заң қабылданды. Дегенмен бұл заң саладағы мәселені шешпеді. Биыл Атыраудағы III Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар» деп нақты тапсырма берді. Соған сай бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің арасында арнаулы жұмыс тобы құрылып, аталған Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу мен ескерткіштерді тонауға қатысты заң талаптарын қатайту және далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуден бастап алынған материалды өңдеп, ғылыми айналымға енгізуге дейінгі барлық кезеңді мемлекеттік бақылауды енгізу. Себебі мәдени мұраның жойылуы, жоғалуы барлық елде ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады. Сондай-ақ аспан асты мұражай деп есептелетін еліміздегі ескерткіштердің біріккен ақпараттық жүйесін – электронды мәліметтер қорын жасақтайтын кез келді.

Әрине, археология ғылымы тұрғысынан айтсақ, ең басты ескеруге тиісті мәселе – Қазақстан бойынша жүргізілген археологиялық жұмыстардан табылған жаппай табылымдар, материалдар (зооархеология­лық, палеоантропологиялық) мен ғылыми үлгілерді бір орталыққа жинау, ғылыми зерттеу әдістері күн сайын өзгеріп жатқан мына дәуірде ғылыми материал ретінде болашаққа сақтау және қолда бар ғылыми кадр әлеуеті және құрылғыларды пайдалана отырып, шетелдік әріптестерді тарта отырып, кешенді, мақсатты түрде зерттеу жұмыстарын жүргізу. Әрине, ондай депозитарийді әр өңір өзінде құрса, халықаралық стандартқа сай материалдар сақталса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай, оған өңірлер әзір дайын емес. Сонымен қатар Қазақстан археологиясында нашар зерттелінген ақтаңдақ өңірлер (Қаратау, Абай елі, Ұлытау, Маңғыстау мен Үстірт, Атырау, Бетпақдала, Қызылқұм)  мен әр өлкеде ғылыми түйіні шешілмеген тарихи кезеңдер де (қола дәуіріндегі Сырдария мен Қаратау, Торғай, Қазақ Алтайы, Тарбағатай, Алакөл, Қазақстанның батысы, орта ғасырдағы Сарыарқа, Батыс және Шығыс Қазақстан т. б.) бар. Сондықтан тарихи толық мәлімет алу үшін кешенді далалық зерттеулерді жалғастыру да өзекті.

 

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button