Басты ақпаратМәслихат

Жауапкершілігі мол өкілетті орган



Ақмола облысында туып-өсіп, алғашқы еңбек жолын Астрахан ауданындағы 96-разъезде теміржолда жұмыс істеуден бастаған Сансызбай Есіловтің есімі елордалықтарға жақсы таныс. 1988 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін сол кездегі Целиноградқа қайтып оралып, облыстық партия комитетінде жұмыс істеген ол Одақ тарағаннан кейін облыс басшыларының ұсынысымен Ақмола аймақтық мемлекеттік мүлік комитетін басқарды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, Ақмола облысы әкімдігі аппаратының басшысы, 10 жылдай Астана қаласы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты бола жүріп, 2012-2016 жылдары Астана қаласы мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. Бүгінде қалалық Ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп отыр. Газет тілшісімен болған сұхбат барысында елорда дамуына елеулі үлес қосқан «Астана қаласының құрметті азаматы», «Құрмет», «Достық», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Сансызбай ЕСІЛОВ мәслихаттың өткені, бүгіні және болашағы туралы кеңінен әңгімеледі.

– Астана қаласының мәслихаты – Қазақстан Рес­публикасының заңнамасына сәйкес, елорда халқының еркін білдіретін және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын, олардың орындалуын бақылайтын өкілетті орган. Білуімше, сіз V шақырылымға депутат болып сайландыңыз, сол кезде жұмысты неден бастадыңыздар? Ол тұста депуттардың алдына қандай талаптар қойылды?

default

– 2012 жылдың қаңтар айы болатын. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, оның алдында 10 жыл орынбасар, бірінші орынбасар болдым. Сөйтіп, қалалық мәслихаттағы еңбек жолым осы кезеңнен басталды. Әлі есімде, қақаған қыс, Арқаның аязы ол кезде аса қатты болатын. Мәслихаттың V шақырылымына сайлауға түсуге бел будым. Жанымда көмекшім бар, жылы киініп алып, бірінші округ – осы қалалық әкімдік орналасқан аудан маңайындағы үйлерді аралап, адамдармен бетпе-бет кездесіп, жағдайларымен танысып, бір аптадай белсенді жұмыс істедік. Бұл аудан өзіме етене жақын. Кейбір тұрғындар мені танып: «О, Сәке, сәттілік!» деп сенім артса, танымайтындармен жақынырақ жөн сұрасып, қандай мәселелер алаңдататынын біліп, көмекшім бәрін жазып алып, шамамыз келгенше, бақылауға алып, депутат болып сайланғаннан кейін оларды біртіндеп шешуге белсене кірістім. Сол кезде сайлауға менімен бірге сол округтен 3-4 адам түсті. Қазір мәслихатқа депутаттардың жартысы партия тізімімен өтсе, жартысы сол округтер бойынша тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Ол кезде тікелей қай партия ұсынса да, партиядан тыс адам өз-өзін ұсынса да, депутатты халық сайлайтын. Сол 25 депутаттың бәрі халықтың алдында жүріп, олардың тыныс-тіршілігімен, мұң-мұқтажымен танысып, солардың дауыс беруімен сайланды. Мен бұл сайыста 78 пайыз жерлестерімнің қол­дауымен депутаттыққа өттім. Содан кейін І сессияда хатшы болып сайландым. Сонымен 4 жыл депутат қызметін атқарып, мәслихат хатшысы болып осы қалада еңбек еттім.

– Ол кезде тұрғындарды қандай мәселелер көбірек толғандырды?

– Әр кезеңнің өзіне тән өзекті проблемалары болатыны анық. Мәселен, сол кезде де коммуналдық шаруашылық мәселелері, атап айтсақ, жылу, су, электр жүйесі бойынша шағымданушылар көп болды. Сондай-ақ құрылыс мәселелері, тұрғын үйдің сапасы елді ерекше алаңдататын. Біз, қалалық мәслихат депутаттары, осы ­проблемаларды зерттеп, мәслихатта сол жылдары бірнеше мәрте қарадық. Әкімдікпен бірлесіп, бағдарлама жасап, шешім қабылдадық. Ол жылдары үлескерлер мәселесі көп көтерілді. Жалпы тұрғын үй салу үшін жер бөлу, жобасын дайындап, құрылыс жұмысын жүргізуге рұқсат беру кезінде бизнеске кедергі келтірмеу, бизнес өкілдерін қолдау мәселелері назардан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге білім саласында – мектептердің, денсаулық сақтау саласында емханалардың жетіспеушілігі сол кезде де болды. Тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұл ретте жергілікті бюджеттің қомақты қаржысы депутаттардың белсенді қолдауы арқылы қаланы көгалдандыруға бағытталды.

Мәслихат – жауапкершілігі мол өкілетті орган. Оның жұмыс жоспары мен тұрақты комиссия­лардың бастамалары бойынша сол жылдарда бірнеше көпшілік тыңдау, депутат күндері, дөңгелек үстелдер өтті. Азаматтардың, заңды тұлғалардың хаттарымен жұмыс істеуге мәслихаттағы 4 тұрақты комиссия мүшелері үлкен көңіл бөлді.

– V шақырылым депутаттарының құрамында қала дамуына ерекше еңбегі сіңген азаматтар аз болмады. Олардың аттарын атай аласыз ба?

– Әрине, қалалық мәслихаттың V шақырылымындағы 25 депутаттың ішінде 4 ғылым докторы болды. Олар: Абай Байгенжин, Ерлан Сыдықов, Ақылбек Күрішбаев, Мәжит Шайдаров. Сонымен бірге 3 ғылым кандидатының болғанын, жалпы сол шақырылым депутаттары Зәуре Жүсіпова, Қаршыға Құлмұқанов, Гүлнәр Данбаева, Мейрамбай Оралов, Бауыржан Исабаев, Қайрат Жау­ханов, Сапар Ахметов секілді шетінен іскер, білімді, абыройлы азаматтардан құралғанын ерекше атап өткім келеді. Олармен әлі күнге дейін байланысымыз үзілген емес, бір-бірімізбен хабарласып, кездесіп, ақылдасып жүреміз.

Біз мәслихатта қызмет еткен жылдарда әкімшілікпен бірлесе отырып, қаладағы біраз мәселені шешуге атсалыстық. Жалпы депутаттың жұмысы қай бағытта болсын жауапты. Халық сайлағаннан кейін олардың көңілінен шығуға тырысу керек. Жергілікті жұртшылықпен тікелей кездесіп, олар көтерген мәселелерді шама келгенінше орындау қажет деп есептеймін.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық. Қоғамды демократияландыру процесінде жергілікті өкілетті органдарға – мәслихаттар мен халық билігінің негізгі формасы саналатын жергілікті өзін-өзі басқару органдарына маңызды рөл беріледі. Мәслихат – тұрғындар сайлайтын, олардың еркін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білдіретін, оларды жүзеге асыруға және бақылауға қажетті шараларды белгілейтін жергілікті өкілетті орган. Ол өзінің өкілетін Конституция мен Қазақстан Республикасының заңдарына, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға, Президенттің, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ мәслихат жұмысының регламентіне сәйкес жүзеге асырады. Бұл ретте өзім жылына екі рет қала тұрғындарымен бетпе-бет кездесу өткізетінмін. Әсіресе мына ескі қалада, өткен ғасырда салынған ескі үй тұрғындарының шағымы бітпейтін. Абаттандыру жұмысының көптен бері жүргізілмегені, кейде жоғары қабатқа судың көтерілмейтіні, жылудың жетпейтіні, қардың тазаланбауы және т. б. ол кезде үлкен проблема болатын. Соларды шамамыз келгенінше орындауға тырыстық.

Депутат болған соң сайлау­шылармен тікелей жұмыс істеу керек. Сонда олардың мұң-мұқтажын жақынырақ біліп жүруге мүмкіндік туады. Халық сайлағаннан кейін соның бәрін ұғынып қана қоймай, тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, өтінішін орындау – міндет. Жалпы жергілікті жерлерде депутаттарды халық сайлауы керек деп есептеймін.

– Сіздің өміріңізде Астананың алатын орны ерекше екені белгілі. Бас қаламыздың болашағын қалай елестетесіз?

– Астана – мен үшін үлкен бір қуаныш әрі мақтаныш. Өйткені бала кезімнен бұл қалада өстім. Біраз ауданда қызмет атқарғаннан кейін туған қалама қайта келіп, облыс әкімінің орынбасары, одан кейін қала әкімінің орынбасары бола жүріп, елорда дамуына қолымнан келгенінше үлес қостым. Бұл ретте сол кездегі әкімдіктің қолдауын, қазіргі қала басшысының еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Мен үшін Астананың орны, әрине, бөлек. Әсіресе ескі қаланың әрбір бұрышы маған өте ыстық. Кейде көліктен түсіп, жаныма жақын көне көшелермен жаяу жүргенді ұнатамын. Сондай кездерде көңілім толқып, өткенді, осы қаланың гүлденуі жолында атқарылған азды-көпті істі ой елегінен өткізетін сәттерім болады. Бұрын бұл қалада адам тым аз болса, бүгінде өте көп. Кейде сол байырғы жүзі таныс тұрғындарды көргенде, туғанымды көргендей сезімде боламын. Олардың жүзінен жылу байқаймын. Бәлкім, бұл менің ұзақ жылғы еңбегімнің өлшемі шығар.

Астана бүгінде әлемге танылды. Төрткүл дүние көз тіккен ғажайып шаһарға айналып келеді. Туған қаламның одан әрі қарай гүлденіп, дами түскенін қалаймын. Білімді де білікті жастар өсіп, елорданың көркеюіне үлес қосар, ел игілігі жолында аянбай тер төгер беделді әрі адал азаматтар қатары көбейсе екен деймін.

Жалпы мәслихат депутаттарының басты міндеті – еліміздің бас қаласында жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасау. Елордалық мәслихаттың жұмысы осыған негізделген. Ол үшін қалалық әкімдіктің барлық мемлекеттік органдарымен және құрылымдық бөлімшеле­рімен белсенді ынтымақтастық орнады. Алдағы уақытта осы үрдіс жалғасын табады деген сенімдемін.

Мәслихаттың 30 жылдығы құтты болсын! Астана өсіп, ­өркендеп, қанатын кеңге жайып, дами берсін!

 

 

 


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button