Әлеумет

Отбасы – бақыт мекені



Астана қаласындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ұйымдастыруымен отбасы және балаларды қорғау күніне арналған «Отбасы – бақыт мекенім» іс-шарасы өтті.

Жиынның басты мақсаты – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, аз қамтылған отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау.

– Біздің орталық жағдайы қиын отбасыларға жәрдемдеседі. Іс-шара психологиялық түрде қолдау көрсетеді. Бүгін 40-50 отбасыны қамтып отырмыз. Бұл жиынға барлығы келіп қатыса алады, – деді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ директоры Бақтияр Айтпаев.

Аталған жиында «Қуыршақ» театры ұжымы өнер көрсетті. Ата-аналар мен балалар концерттік бағдарламаға белсене қатысып, ән айтып, би биледі. Қатысушыларға демеушілерден ойыншықтар мен азық-түлік топтамасы табыс етілді.

–  Мен ерекше балалар тәрбиелеп отырған анамын. Осындай іс-шараға шақырғанда қатты қуандым. Өйткені өзім танымал ақындардың өлеңдерін оқимын және өлең шығарамын. Маған бұл өз-өзімді көрсетуге мүмкіндік. Аталған ұйым тек материалдық көмек беріп қана қоймай, талай болмысы ашылмай жатқан біз сияқты адамдардың шығармашылық дамуына қолдау білдіруде. Әдетте біз қоғамнан тыс қалып жатамыз. Бұл бізге серпіліс алып келеді және менің өнерімді дамытуға үлес қосады деген үміттемін, – деді қатысушы Гүлнәр Тоқтар.

Былтыр орталық 500 отбасыға арнап іс-шара өткізген. Осы секілді жиындарды «Құрбан айт» мейрамы қарсаңында да өткізу жоспарлануда.

Гүлназ МҰХАНЖАН,

Л.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button