Басты ақпарат

БІРЕГЕЙ ТҰЛҒАЛАРЫМЫЗДЫҢ ҚАДІРІНЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?



Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы Өзбекстанға мемлекеттік сапарының қорытындысында 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жарияланғаны белгілі болды. Осы жаңалықты алғаш естігенде, ойымызға ең алдымен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов келді.

Классик қаламгердің өмірінде Ташкент кезеңі үлкен орын алады. Сол қаладағы Орта Азия университетіне тыңдаушы болып, оның аспирантурасын бітірді. Осы шаһарда шығып тұрған «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасып, бұл басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі?», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланды. Бұл қалада алғаш рет ұсталып та кеткен.
Ташкентте Өзбекстан Жо­ғар­­ғы Кеңесінің депутаты мен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болған Ғайнижамал Кутумоваға жолдаған 300-ге жуық хаты әлі де сақтаулы. Бұл хаттардың сырына жыл басында арнайы тоқталғанбыз («Әуезов хаттарының тағдыры» «Астана ақшамы» газеті №7 (3512) 19/01/2017. Сайттағы нұсқа: www.astana-akshamy.kz/auezov-hattarynyng-taghdyry).
Сол мақалада: «…аталмыш хаттарда жазушы жүрегінің лүпілі ғана сезіліп қоймай, қаламгерлік еңбегінің қырлары мен сырлары да ашылады. Мәселен, «Абай жолы» романының жазылу барысы, оны жазу кезінде алдынан шыққан қиындықтар туралы құнды мәліметтер кездеседі…» деп те жазғанбыз. Жазушының ұлы, белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезов пен классиктің ғасырлық мерейтойын өткізу іс-шараларына басшылық жасаған танымал ғалым Тұрсын Жұртбайдың пікірлерін де бергенбіз. Бұл тақырыпқа оралуымыздың себебі, дәл бүгін Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толып отыр. Ал көкейімізде жауаптан гөрі әлі де сұрақ көп…
Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг өткізген еді. Сонда: «Біздің тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Біз 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге келістік. Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу де күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында өткізілетін түрлі іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді» деген еді.
Біздің бір ойымыз, Елбасы айтқан сол түрлі іс-шаралардың арасында Мұхтар Әуезовтің Ташкентте жатқан хаттарының Қазақстан тарапына тапсыру рәсімі өтсе екен дейді. Бұл хаттарды Астанадағы ҚР Ұлттық музейіне немесе Алматыдағы жазушының музей-үйіне қойсақ, бір ғанибет болар еді.
Кейінгі жылдары шетелдерде жатқан мұраларымыз бірте-бірте елге оралуда. Мәселен, Ресей қайтарған Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс батырларының бірегейі Кейкі Көкембайұлының басын жа­қында арнайы соғылған кесенеге арулап қойдық. Әрине, батыр басының орны елордадағы Ұлттық пантеон болуы керек еді, алайда бұл әңгімені әзірге қозғамай-ақ қоялық. Мұны айтатын да ретіміз, бұйырса, келер.
Жуырда Татарстан Прези­денті Рустам Минниханов Алматы облысына сапары барысында өңір басшысы Амандық Баталовқа «Біржан сал мен ақын Сара айтысының» қолжазбасының көшірмесін тапсырды. Енді қуанышымыз еселеніп, Мұхтар Әуезовтің хаттары Ташкенттен оралып жатса, қанеки.
Жалпы, Мұрат Әуезовпен әңгімемізде ол биыл Өзбек­станда әкесінің 120 жылдығы атап өтілетінін айтқан. Елеусіз ғана өтіп кетті ме, әлде алда тойлана ма, әзірге бұл жағынан хабарымыз болмай тұр. Қайта қырғыз ағайындарымыз осыдан он күндей бұрын қазақ қаламгерінің мерейтойына арнап ел астанасы Бішкекте жиын өткізді. Сол кезде Қырғызстан Ғылым академия­сы президентінің орынбасары Мұрат Жұматаев Мұхтар Әуезовтің «Манас» эпосын зерттегені үшін екі жарым жылға сотталып кеткенін, қазақ жазушысының бауырлас елдің ұлттық мұрасын өз мүддесінен жоғары қоя білгенін еске алып, қырғыз жұрты қазақтың клас­сик қаламгерін ерекше құрметтейтінін сездірген.
Қырғыз ғалымы айтқанының жөні бар. Қарапайым жұртты есептемегенде, Шыңғыс Айт­матовтың Мұхтар Әуезовті ұстаз тұтқанын білеміз. Ал қырғыз режиссерлері Болот Шамшиев «Қараш-Қа­раш» повесін, Төлөмүш Өкеев «Көксерек» әңгімесін кино­туындыға айналдырды.
Өзге жұрттар өздерінің астаналарында қазақтың классик қаламгерін ұлықтап жатқанда, қазақ астанасы Мұхтар Әуезовтің мерейтойынан хабарсыз сияқты. Бірегей тұлғаларымыздың қадіріне қашан жетеміз? Рас, жазушының мерейтойы өзі туған Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүркіретіп тойланды. Бүгін Алматыда «М.Әуезов және ұлтымыздың рухани жаңғыруы» атты ха­лық­аралық ғылыми симпозиум өтпек. Осыған қарап, кейінгі жылдары Астана тұлға­ларымыздың мерейтойлары­на қатысты шараларды Алма­тыға немесе аймақтарға ысы­ра салатын болған ба деген ой келеді. Сонда Мемлекет басшысының «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарындағы Астананы зерттеушілерді, сту­денттерді, кәсіпкерлерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскер­лік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру туралы тапсырмасы қайда қалады?
Осы орайда елордаға жұртты тұлғалармен де тарта аламыз дегіміз келіп отыр. Мәселен, жоғарыдағы халықаралық симпозиумға АҚШ, Нидерланды, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Ұлыбритания, Түркия сияқты елдердің әдебиетті зерттеуші белгілі ғалымдары қатысады деген ақпарат тарады. Ал оларды Астанаға жинай білсек, кедейленбес едік.
Ойымызды әрі қарай тар­қат­сақ, жуырда көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның туғанына 75 жыл толды. Мерейтойына орай бірқатар газеттерде мақалалар шықты. Оның ішінде біздің басылым да бар. Шынын айтқанда, жазушы залы жұмыс істейтін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханадан белгілі бір әрекет күткенбіз. Бірақ қаламгер мерейтойын кітап ордасы елеусіз қалдырды. Қаламгер бейнесі тағы Алматыда еске алынды.
Жақында Қаздауысты Қазы­бек бидің 350 жылдығы, Жұмат Шаниннің 125 жылдығы да туған аймақтарында ғана тойланды. Астана бұл жолы да бейтарап қалды. ҚР Ұлттық музейі Қарағандыға бидің шапанын апаруымен шектелді. Кейінгі күндері Жапон, Корей сияқты елдердің мұраларын насихаттап жатқан бұл музей Астанада қазақтың қабырғалы биіне арнап шара өткізуге жарамай отыр.
Осыдан екі жыл бұрын Қазақ ұлттық өнер университетінде «күй тәңірісі» атанған Тәт­тім­бет Қазанғапұлының 200 жылды­ғына арналған кон­цертті тама­ша­лаған едік. Сол жерде таныс күйші ағамыз осы шараны өткізу жолында қалай са­былғанын, әупірімдеп жүріп ұйымдастырғанын айтқан. Ақиқатында сол кезде Астанада Тәттімбеттің мерейтойына арналған осы бір-ақ шара ғана өтті. Күйші ағамыз және табандап тұрып алған тиісті министрліктің бас маманы Қуанышбек дейтін бауырымыз болмаса, ол да өтпейтін еді.
Мұхтар Әуезовке оралсақ, биыл оның 120 жылдығы ғана емес, классик қаламгердің «Еңлік-Кебек» пьесасының киіз үй сахнасында қойылғ анына да 100 жыл толып отыр. Осы туынды – 1925 жылы қазақтың тұңғыш кәсіби театры құрыл­ғанда репертуарға енген спек­такльдердің бірі. Бұл датаны да Астанада елеп, ескеру керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Астана, біздіңше, жұртқа түк берері жоқ флеш-мобтарға үйір болмай, мәнді, мағыналы шараларға ұйытқы болса дегенді айтқы­мыз ке­леді. Осылардың ішінде тұлға­лардың мерейтойлары үлкен орын алады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button