Ел тынысы

Бірлік пен келісім – басты құндылық



ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысындағы жұмыс ­сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесті. Президент бұл ­өлкенің өзіне ерекше ыстық екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұрынғы ­Алматы ­облысының жер көлемі тіпті үлкен болғанын, жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлу туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Президенттің айтуынша, бұл мұқият ойластырылып жасалған қадам және тұрғындар үшін қолайлы екені анық. Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді. ­Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Жетісу өңірінің дамуына тың серпін беретін кейбір мәселелерге арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімдігі туризм саласын дамытуға айрықша мән беруі керек екенін айтты.

– Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. «Алтын­емел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі – экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Текелідегі әйгілі Шажа және Қора сайлары керемет көріністерге толы. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық. Әрине, туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек. Бұл оңай шаруа емес. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылды, – деді Президент.

Сонымен қатар жиында облыстың экологиясы туралы да айтылды. Текелі қаласын қорғасын-мырыш комбинатының қалдықтарымен ластау мәселесі көтеріліп, жердің құрғап кетуіне жол бермеу үшін Балқаш жағалауын көгалдандыруды қолға алу маңызды екеніне мән берілді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды үйлестіруді Экология министр­лігі жүзеге асыруы керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ уәкілетті органдар Қытаймен бірлесіп, трансшекаралық Іле өзеніне судың жіберілуін бақылауға алуы қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы бүгінде әлем аумалы-төкпелі геосаяси жағдайға және бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезеңіне қадам басқанын айтты. Президент қақтығыс­тар мен соғыстар көбейіп, елдер арасындағы сенімсіздік күшейе түскенін атап өтті. Сондай-ақ осындай күрделі жағдайда халқымыздың бірлігі, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Бұған Қазақстан халқы ­ассамблеясы зор үлес қосып келеді. Реформалар кезінде ұлттық диалогтың әмбебап алаңы ретінде танылған Ұлттық құрылтайдың маңызды рөлі туралы да сөз қозғалды. Бұл институттың қызметі билік пен қоғам арасындағы ынтымақтас­тық негізінде халқымыздың бірлігін нығайтуға мүмкіндік береді.

– Мұндай жағдайда әр азамат өзінің сөзі мен іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл, ең алдымен, қоғамда белгілі тұлғаларға, саясаткерлерге, журналистерге, блогерлерге қатысты. Ағат айтылған сөздер мен орынсыз мәлімдемелердің салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақ «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деп бекер айтпаған. Пікірлердің плюрализмін сақтай отырып, біз радикализмнің, экстремизмнің және сепаратизмнің кез келген көріністеріне жол бермеуіміз керек. Біздің қоғамға іріткі салу әрекеттеріне заң аясында қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп бірінші орында тұруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде саяси ­реформалардың жүргізіліп жатқанын айтып, оның мән-мағынасын түсіндірді.

– Шын мәнінде, әділдік болмаса, ешбір сала дамымайды. Халқымыз «Әділ істің бәрі игі» деп бекер айтпаған. Құзырлы органдар, лауазымды тұлғалар шешім қабылдағанда осыны әрдайым есте ұстауға тиіс. Әділетсіз шығарылған шешім биліктің беделін түсіреді. Қоғамға іріткі салып, халықтың наразылығын тудырады. Сондықтан ешқашан әділдіктен аттауға болмайды, – деді Мемлекет басшысы.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button