Басты ақпаратЖаңалықтар

Биылғы меже – 10 мың пәтер



Елордада жылдың аяғына дейін 4800 пәтер салынып, пайдалануға беріледі. Бұған қосымша дайын 1580 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бо­йынша 1500 және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 2 мың пәтер берілетіні жоспарланған. Осылайша Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес биыл елордада 10 мың пәтер беру жоспары орындалады.

Жақында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары жаңадан бой көтерген бірқатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді аралап, жобалау және құрылыс сапасын тексерді. Аралау барысында бірнеше кемшілік анықталды. Тұрғындардан да шағымдар келіп түскен. Бұл мәселе мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында егжей-тегжейлі қаралды.

 

МЕРДІГЕР КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖОЮҒА МІНДЕТТІ

Алғашқы баяндамашы қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Саттаров дәл қазір 5705 пәтерді жобалау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соның ішінде 4563 пәтердің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл жұмыс алдағы қыркүйек-қазан айларында аяқталуы тиіс. Бұған қосымша әлеуметтік сала қызметкерлерін баспанамен қамту үшін 543 пәтерге арналған жатақханалардың жобасы әзірленіп жатыр.

– Әлеуметтік маңызды жоба болып саналатын әрқайсысы 1200 орындық екі мектептің жобасы дайындалу үстінде. Мұның бірі Қарасай батыр-Бұланты көшелерінің қиылысында, екіншісі «Пригородный» тұрғын алабында орналасқан. Осыған қосымша бір ауысымда жалпы сыйымдылығы 6600 орындық сегіз мектептің жобасы әзірленіп жатыр. Жобалауды аяқтау осы жылдың қараша айында жоспарланып отыр, – деді А.Саттаров.

Оның айтуынша, жобалау сапасын ведомстводан тыс сараптама анықтайды. Құрылыс аяқталған соң, нысанды мердігер, авторлық және техникалық қадағалау органдары және тапсырыс беруші Құрылыс басқармасы іске қосады. Келісімшартқа сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары сапасына ке­пілдік беріледі. Бұл кепілдік ғимараттар сапасына 8 жылға, инженерлік желілерге 3 жыл мерзіміне беріледі.

– Осы жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындысында 320 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Екінші жартыжылдықта 3308 пәтерлік жеті нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламалармен салынған тұрғын үйлердің тұрғындарынан сапаға қатысты іKomek-109 қызметіне шағымдар түскен. Бұл жағдайда Құрылыс басқармасы бірден мердігерге кемшіліктерді жою үшін хат жібереді. Егер мердігер мұны орындамаса, келісімшартқа сәйкес міндеттемелерді орындату үшін сотқа қағаз жолдаймыз, – деді баяндамашы.

 

ТҰРҒЫНДАРДАН ШАҒЫМ КӨП

Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес нысанды пайдалануға беру мемлекеттің қатысуынсыз өтеді. Оның сапасына тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық қадағалау органдары жауапты. Мұны Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айдос Хамиев атап өтті.

Оның айтуынша, осы жылдың басынан іKomek-109 қыз­метіне тұрғындардан 2682 шағым келіп түскен. Оның 963-і – құрылыс салушыға, 875-і – сыртқы әрлеуге, 309-ы – апатты, иесі жоқ және ескі құрылыстарға болған. Осы уақытқа дейін 40765000 теңгеге 134 бақылау субъектісі жауапкершілікке тартылды. Соның 23-і құрылыс-монтаждау кезінде кемшіліктерге орын берген.

Мәслихат депутаты Бауыржан Жанқонақов нысандарды салмас бұрын коммуникация­ларды өткізу керектігін атап өтті. «Елорда құрылысына 20 жылдан асты. Бірақ бәз-баяғы кемшіліктерді жоя алмай келеміз» деді депутат.

Амангелді Саттаров егер мектеп салынса, оның жобасына инженерлік желілер де кіретінін, ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үйлер құрылысымен екі бөлек мердігер айналысатынын, яғни нысанның өзін бір мердігер салса, коммуникацияларды басқа мердігер тартатынын айтты.

 

БЮДЖЕТТІК білім ұясы BINOM МЕКТЕПТЕРІНЕН КЕМ ТҮСПЕУ КЕРЕК

Депутат Алмагүл Сегізбай мектептерді жабдықтау мәселесіне назар аударуды сұрады. Амангелді Саттаров бұл мәселе Білім басқармасының құзырында екенін жеткізді.

– Біз оқу орындары жабдықтары жетіспейтінін айттық. Бірақ бұл мәселені Білім басқармасы көтеруі керек. Біз өз тарапымыздан қолдаймыз. Бұл басқарма осы проблемадан сырт қалмауы тиіс. Біз нені, қалай жабдықтау керектігін белгілей алмаймыз. Тек Білім басқармасынан тиісті қорытындыны аламыз, – деді Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына тәжірибелі мектеп директорларымен, білім қызметкерлері кәсіподағымен бірге жиналып, Білім және ғылым министрлігі стандарттарын қарауды ұсынды.

– Сол кезде директорлар қандай проблемалармен жиі жолығатыны анықталады. Білім және ғылым министр­лігінің нормативтеріне де өзгерістерді енгізу керек. Бұл жағдайда құрылысшылар не керектігін салып береді. Қазіргі кезде мемлекеттік сараптама министрліктің стандарттарына сілтеп, қажет нәрсені салдырмай отыр, – деді Е.Каналимов.

Мәслихат хатшысы бүгіндері жаңа стандарттағы Binom мектептері салынып жатқанын, бұл нысандар Назарбаев зияткерлік мектептерден кем түспейтінін, керек жабдықтың бәрі жобаға енгізілгенін атап өтті.

– Бюджеттік мектептер осындай орта білім беру орындарынан кем түспеу керек, – деп шегелеп айтты Е.Каналимов.

Осы жылдың аяғына дейін 4800 пәтерді салып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұған қосымша дайын 1580 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұдан тыс «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1500 және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 2 мың пәтер беріледі

 

БИЫЛ 10 МЫҢ ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ

Депутат Нұрлан Көпешев тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін көтерді. Оның сауалына Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Саттаров жауап берді.

Оның айтуынша, осы жылдың аяғына дейін 4800 пәтерді салып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұған қосымша дайын 1580 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұдан тыс «Бақытты отбасы» бағдарламасы бо­йынша 1500 және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 2 мың пәтер беріледі. Осылайша Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес биыл 10 мың пәтер беру жоспары орындалады.

 

КЕСТЕДЕН НЕГЕ ҚАЛДЫ?

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов депутаттар аралау барысында Р.Қошқарбаев, Айнакөл және №23-17 көшелерінің қиылысында салынған әлеуметтік тұрғын үйдің тұрғындары көтерген мәселелерді 25 тамызға дейін жоюды тапсыр­ды. Осы күні үй аумағына қайтадан барып, тексеретіндерін жеткізді. Құрылыс материалдарының 80 пайызы әлі күнге дейін шетелдерден әкелінетінін айтты.

– Жоғары технологиялық материалдарды есептемегенде, құрылыс материалдарының 90 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Бірақ жұмыс неге баяу? Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін араладық. Соның екеуінің құрылысы енді ғана аяқталуда. Екеуінің құрылысы кестеден қалып жатыр, – деді Е.Каналимов.

Кестеден қалып бара жатқан нысандар мердігері «Байсана» фирмасының техникалық директоры Влади­слав Александрович құрылыс материалдары 30-40 пайызға қымбаттағанын, қазір қажет болып отырған сэндвич-панельдер Түркия мен Польшада ғана өндірілетінін айтып, депутаттардың мұндай құрылыс материалдары Қазақстан мен Ресейде де өндіріледі деген сөздеріне жеңістік бермеді.

Бұл нысанға авторлық қадағалау жүргізетін «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының өкілі Василий Швейн нысанға керек сэндвич-панельдер энерго­үнемдегіш екенін, мұндай материал елімізде жоғын айтып, мәселені түсіндірді.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл мәселені тексеретіндерін, егер мердігер сөзі расталмаса, олар қатаң жауапқа тартылатынын ескертті. А.Храпатый, 10 мекенжайындағы №91 орта мектептің жобасында мүгедектерге арналған лифт бар екенін, бірақ мердігер оның шахтасын неге бекітіп тастағаны түсініксіз болып отырғанын айтып, Құрылыс басқармасына мәселені анықтауды тапсырды. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы инспекторларының жұмысына көңіл толмайтындарын айтты. Бұған мәслихат депутаттарының нысандарды аралау барысында тұрғындар айтқан көптеген шағымдары дәлел.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button