Ел тынысы

Бизнес – білім мен білік қосындысы



Бизнес (ағылш. busіness — кәсіпкерлік, сауда-саттық) — өзіңе де, еліңе де экономикалық тұрғыда пайдалы іс, яғни жеке кәсіпкердің іскерлік қадамы. Ол бизнесті қолға алған адамның білімі мен білігіне, ұстанымы мен мінезіне тікелей байланысты жолға қойылары даусыз.
Сондай-ақ, елдің, адамдардың сұранысы мен ұсынысын есепке ала отырып, экономиканың барлық саласын дамыта отырып, бизнестен түскен табыстан салық және тағы да басқа алымдар төлеу арқылы мемлекетке де пайда келтіріп,  елімізді дамытуға, халық игілігіне жаратып, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуге үлес қосады. Қазіргі уақытта Қазақстанға ірі табыс әкелетін бизнес қандай?  Шағын және орта бизнесті жүргізген жеңіл ме? Әлде ірі бизнес дұрыс па? Өндіріс пен өнеркәсіпті жолға  қою қиын ба? Елімізде «BI Group», «Bazis-A» секілді ірі құрылыс компаниялары мен  көптеген мұнай, металл өндірісі, т.б. салалардағы елге танымал компанияларды айтпағанда, бизнестің басқа қандай түрлерін дамытып, табыс табуға болады? Табысты кәсіпкер ретінде Қазақстанда Bekman.Style брендінің негізін қалаған, елімізде ерлерге арналған классикалық және стильді киім үлгілері индустриясын жолға қойған, бұдан басқа да кәсіптерін қоса алып жүретін жас кәсіпкер Аманбек Мағзұмхан «табыс кілті – білімді, қуатты, уақытты басқара алуда» дейді.
Кәсіп көзін қалай табу керек?
2018 жылы телеарнада жұмыс істеп жүрген кезінде Амалбекке кәсіпкерлікпен айналысу туралы ой келеді. Кәсіп жасауға себеп болған «айлықтан айлыққа жету» қиындығы. Оның үстіне таңнан кешке дейін бір айлыққа жұмыс істеу, жұмыс уақытына байлану жағы да еркіндікті жақсы көретін оған ұнамайды.  Бұл ретте ең қолайлысы – кәсіп. Яғни, кез келген уақытта тұрып-жүріп, өзіңе ұнайтын іспен айналыса аласың. Бизнес бастау идеясын ағылшын тілін үйрету курсынан бастайды. Себебі, ағылшын тілін мектептен жақсы оқып, үйренді. 9-сыныптан бастап туристтерге ГИД боп қызмет көрсеткен. Ағылшын тілін еркін меңгергендіктен, ары қарай осы қабілетін монетизацияға айналдыру керек болды. Сөйтіп, мектептегі балаларға ағылшын тілін үйрететін курс ашады… Офлайн курс ашып, ағылшын тілін үйретіп жүргенде ағылшын тілі бойынша жаңа әдістеме әзірлеп, оны pocketbook форматы бойынша басып шығару идеясы ойға келеді. Себебі, қазақ тілді балаларға арналған  қосымша білім беретін ағылшынша-қазақша оқулық пен қолайлы сөздік таппайды. Осыдан кейін ағылшынша-қазақша Pocketbook сөздіктер мен сөйлемдер жинағын шығаруды қолға алып, дайындап шығарды. Кітаптың ерекшелігі – pocketbook яғни, қалта кітап. Күнделікті өмірде қолданылатын сөздер мен сөйлемдер қамтылған. Кез келген жерде өзіңізбен бірге алып, сөздерді, сөз тіркестерін жаттап жүруге ыңғайланып жасалған.  
Bekman.Style бренді идеясы қалай пайда болды?
«Бала кезімнен сырт келбетіме мән беремін, классикалық стильде сәнді киінгенді ұнатамын. Bekman.Style бренді идеясы осы хоббиімнен пайда болды десем болады.   2021 жылы жұмыс бабымен жарты жылдай Түркияда тұрдым. Ол жақта ерлерге арналған киім дүкендері көп, таңдау да жоғары. Бізде ер адамдар үшін қара, көк, сұр түсті классикалық костюмдер «әмбебап гардероб» саналады ғой. Қызметке де, тойға да, іскерлік кездесулерге де сол бір костюмді киіп бара береді. Сондықтан да қазақ жігіттерін стильді киіндіру идеясын іске асырғым келді. Сөйтіп алдын ала жоспар жасауға кірістім. Менің жобама, жоспарыма аға-жеңгем бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетті. Ерлерге арналған Вekman.Stylе киім салоны осылай ашылды» дейді кейіпкеріміз, жас кәсіпкер Амалбек Мағзұмхан.
Патенттеу қиын ба?
Әдетте, патенттеу жұмыстары бірнеше айға созылады. Италия дизайнерлерімен жұмыс істейтін, яғни, италиянша сән үлгісін таңдаған кәсіпкер, киім тігетін маталарды сол жақтан алдырады. Әзірге киімдер Түркияда тігіледі. Негізгі мақсат – матаны да, киім тігу өндірісін де өз елімізде қолға алып, отандық өнім етіп толығымен «Made In KZ» таңбасымен шығару.
Бизнес қандай қаражатты талап етеді? Табыс табу кілті неде?
Бірнеше елмен жұмыс істейтін ірі кәсіп бастағанда, инвесторсыз, серіктессіз жүргізу қиын. Дегенмен, сауатты кәсіпкер бірден үлкен шығынға бел бумайды. Нарықты зерттемей кәсіп ашу көп шығын әкелуі мүмкін. Елімізде ерлер киімінің бірді-екілі брендтері бар. Байқасаңыз, шетелде стилистің көмегіне көп жүгінеді. Ал бізде қалай? бұл Стилисттің көмегіне жүгіну бізде тележүргізушілер мен өнер адамдары, не шоу үшін қалыптасқан мәдениет деп қабылданады. Біз осы стереотиптен арылу үшін жұмыс істейміз. Вekman.Stylе киім салонында киім ғана сатылмайды, бізде толыққанды стиль ұсынылады. Ерлер киімі салонына келген әр тұтынушыға арнайы уақыт бөліп, сәнді, сапалы, трендтегі түстерді үйлестіре отырып, ерекше образ ұсынамыз. Ассортименттің жоғары болуына көп мән береміз. Бәсекелестерді ұтатын табыс кілті осындай ерекшелікте.   Кәсібін дұрыс жолға қойып, дамытқан, табысқа жеткен адамдар бір іске қарап қалмайды. Бұл ретте жоғарыда аталған кәсіпкерлік істермен қоса, қолға алған медициналық туризм, IT стартап жобалары бар.   «Егер дұрыстап ізденіп, ойланатын болса, қаржы салмай-ақ кәсіп жүргізуге болатын мүмкіндіктер көп. Қазір жасап жатқан жобаларымның ешқайсысына инвестиция тартып, ақша құйғам жоқ. Ең маңызды валюта, табыс кілті – адамның білімі, энергиясы және уақыты. Осы үш нәрсені дұрыс басқара алсаңыз, жұмыскерлеріңіздің әлеуетін (потенциалын) бағалай алсаңыз, идеяларыңызды өткізе алсаңыз, кез келген кәсіпті «0»-дан бастап кетуге болады» дейді бірнеше бизнес иесі Амалбек Мағзұмхан.
Жетістік. Жоспар. Мақсат.
Ең үлкен жетістігік – жалдамалы жұмыстан шығып, кәсіпкерлікке келу. Кәсіпкерлік жолда табыс пен жетістікке жету табандылықты, тұрақтылықты және ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан бизнесте жеткен жетістік, таза алған біліммен, білікпен, потенциалмен ғана өлшеніп, сараланады. Жаңа идеялар ізденістен туындайды. Сондықтан тоқтаусыз ізденісте, кәсіпкерлер ортасында болған, түрлі саладағы адамдармен араласқан дұрыс. Маркетинге қатысты, сатуға қатысты, инвестицияға қатысты, жалпы бизнес жүргізуге қатысты қандай ақпарат болса, қарап-қамтып жүруге тырысу керек. Күнделікті ізденіссіз, ісің алға жүрмейді. Онсыз өнбейсіз, өспейсіз. Жеке кәсіппен айналысқаннан кейін, өзіңнен көш ілгері кәсіпкерлердің тәжірибесіне көңіл бөлген, олардан ақыл-кеңес алған маңызды. «Менің үлгі тұтарлық менторларым әзірге әлемдік нарықта жүрген кәсіпкерлер. Ағылшын тілін білетіндіктен жасаған дүниелеріне әлемнің көзі жеткен шетелдік бизнесмендерді  онлайн тыңдаймын, қараймын. Себебі, олардан айналысып жатқан нишаларымыздың біз білмейтін құпияларын анықтауға, идеялар алуға болады. Google, YouTube «жол сілтейді», іздеген керегімді табамын. Бәсекелестерімізді зерттей отырып, жаңашыл идеяларымызды нарыққа енгіземіз» дейді жас кәсіпкер. Жоспар – жаңа бизнес идеялар мен жаңа жобаларды қолға алып, нарықта жаңа қызмет түрлерін ұсыну. Мақсат – жұмыс орындарын ашып, ел жастарын жұмыспен қамту. Оларды бизнеске баулу, сөйтіп, еліміз экономикасының дамуына үлес қосу.
Расында, бизнеспен айналысатын кәсіпкер нарықтағы деректерді зерделеу, экономикалық процестерді жоспарлау және болжау, бастайтын ісінің тиімділігін жан-жақты талдау, жобалау арқылы шешім қабылдағанда ғана жетістікке жетпек.
Аянхан Үмбет,
Astana IT University 2 курс студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button