Басты ақпаратЕл тынысы

Болашақты бағдарлаған бетбұрыс



«Астана» – көңілге қонымды атау

Астана күніне орай, газеттердің тігінділерін ақтарып отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше мақаласын көріп, бастан-аяқ оқып шықтым. Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылғы 10 маусымда шыққан санында «Қазақстан мәртебесі» деген тақырыппен мақала жазып, Қазақстан егемендік алғалы бері бірінші рет астанасының орнын ауыстыруда тұрғылықты халықтың мүддесін ескере отырып, дербес шешім қабылдағанын жазыпты.

«Шын мәнінде Қазақстан астанасының орын ауыстыруы қандай геосаяси мәнге ие? Еуразия құрлығының дәл «жүрегінде» орналасқан Астананың XXI ғасырда халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналу мүмкіндігі бар. Жаңа астананың Алматы қаласына қарағанда көркеюі үшін өндірістік нысандар, әлеуметтік инфрақұрылымдар, әуежайлар, әлемдік деңгейдегі офистер және қонақүйлер салу жағынан көптеген перспективалық артықшылықтары бар. Еліміздің астанасын көшіру халықаралық байланысты тереңдетуге үлкен септігін тигізбек. Мемлекет астанасының орналасу орны болашақта жолау­шылар және жүк тасымалдаудың, сонымен қоса телекоммуникацияның, үлкен халықаралық транзитті жолдар торабының түйісетін орталығы болмақ. Атап айтқанда, кіндік қала Еуропа елдерін Азия, Тынық мұхит аймағының жылдам дамумен келе жатқан аудандарымен тез және сенімді түрде байланыстырады» деп жазады аталған мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал бүгінгі таңда Қазақ елінің бас қаласы халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналды. Биылдың өзінде елордамызда қаншама халықаралық жиындар, саммиттер өтті. Рим Папасының келуінің өзі төр қаламыздың әлемдік деңгейдегі абыройын асқақтатып, бақ-беделін өсірді. Астанада күллі әлемнің назарын аударған ғажайып ғимараттар бой көтерді. Бас қаламыз халықаралық транзиттік жолдар торабының түйіскен нүктесіне айналды.

Назар аударарлық жайттың бірі, Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақаласында бір кездері кеңінен талқыға түскен Астана атауына қатысты өзінің мынадай ой-тұжырымдарын келтіреді: «Бас қаланың Астана деген жаңа атауына келетін болсақ, оның бірнеше негіздері бойынша артықшылығы бар. Атап айтқанда, оның бір ғана түсіндірмесі бар және де бұл сөз нақты айшықталған мәнге ие. Астана атауы ешқандай да келеңсіз саяси немесе тарихи ұғындыруларға салынбаған. Жаңа атау құлаққа жағымды естіледі және графикалық тұрғыда мемлекеттік тілде де, сондай-ақ негізгі халық­аралық тілдерде де сәтті көрінеді, оның үстіне естілу әуезі іс жүзінде ешқандай өзгеріске ұшырамайды». Расында да көңілге қонымды әрі байыпты көзқарас.

Үміттер ақиқатқа айналса

Ал араға 20 жыл уақыт салып, тағы осы «Егемен Қазақстан» ­газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы басылыпты. «Бағалай білсек, біз – бақытты ұрпақпыз. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздік таңы атқанын көрдік. Дербес мемлекеттің құрылысына атсалыстық. Елімізді төрткүл дүниеге таныттық. Әсіресе тәуелсіздігіміздің ең қасиетті, қымбатты символы – жаңа елордамыз­дың бой көтергеніне куә болдық. Осының бәрі нағыз бақыт емес пе?» деп басталатын мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың ел тарихы, ұлтымыздың болашағына бағытталған стратегия, даму баро­метрі екенін нақты дәлел-дәйектермен айшықтап жазады. «Астана – даму барометрі. Күнде өсіп, көркейіп жатқан елорданың қарқынды дамуы барысынан еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік даму қарқынын көреміз. Қазақстан Тәуел­сіздігінің 26 жылы ішінде экономикасы дамыған, үлкен амбициялық мақсат-мүддесі бар, алыс-жақын мемлекеттер санасын елге айналды» деп бейнелейді елорданың даму деңгейін Қасым-Жомарт Тоқаев. «Астана – орындалатын армандар мен үміттердің қаласы. Ғасырларға жететін тарих әрі ұрпақтан ұрпаққа кететін ескерткіш. Астана – қазақ халқының жаңаруының нышаны, үлкен үміттері ақиқатқа айналған қала екенін қазақстандықтар күн сайын сезінеді» деп аяқтайды мақаласын Қазақстан Президенті.

Жел ұшырған бас киім

Елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуіне қатысты қызықты оқиғалар жетерлік. Соның бірі – сол кездегі АҚШ-тың Қазақстандағы ­Төтенше және Өкілетті елшісі Элизабет Джонстың желтоқсанның сақылдаған сары аязында елордаға алғаш келгендегі оқиғасы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Основание Астаны: Передислокация» атты деректі фильмде былайша еске алады: «Бұл оқиға 1996 жылы болған еді. Мен Алматыдағы шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерін Ақмолаға шақырдым. Ол кезде қалада еңселі ғимараттар да, ағаштар жоқ еді. Мәртебелі меймандар ұшақтан түскен бетте желтоқсанның аязы беттерін қарыды. «Бұл жерде жаңа астанамыз бой көтереді» дедім мен қаланы таныстыруды бастап. Әлбетте, қонақтардың барлығы бұл сөзімді қалжыңға балады. Меніңше, ол жерде бір адамға ғана астана бірден ұнады. Ол – Моңғолияның Қазақстандағы елшісі болатын. «Бұл қала маған Ұлан-Батырды еске түсіреді» деп жымиды шетелдік дипломат. Бір сәтте бәріміз мынадай қызықты оқиғаға куә болдық. Кенет қатты желден қонақтардың бірі – АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джонстың бас киімі ұшып кетті. Біз дипломатиялық корпус болып, бәріміз жабылып 15 минут бойы боранды елең қылмай бас киімнің соңынан қудық. Сөйтіп, елші ханымның бас киімін тауып, өзінің қолына ұстаттық».

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ алғаш астанаға қоныс аударғанда өзі тұрған қонақүйде ыстық су болмағанын да бейне бір түсі болғандай еске алады: «1997 жылы біз елордаға көштік. Мен ол кезде «Ишим» деп аталған қазіргі «Есіл» қонақүйіне орналастым. Бір күні қонақүйде мүлдем ыстық су болмай қалды. Суық судың өзі шүмектен тамшылап ағып тұрды. Қала әкімі Әділбек Жақсыбековке қоңырау шалып: «Әдеке, қонақүйде неге су жоқ?» деп сұрадым. Сол уақытта оған басқалар да суға қатысты шағымдарын айтқан болуы керек. Ол маған бірден: «Сіздер не астанаға жуыну үшін келгенсіздер ме?» деп қалжыңдап жауап қайырды».

Келбетін жақсарту керек

Мемлекет басшысы биыл 31 қаңтарда Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Астананың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажеттігін мәлімдеді. «Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін. Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет. Біздің мақсатымыз – елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту. Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бірде-бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн» деді Президент.

Президент елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге, Астана инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. «Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек» деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button