Басты ақпаратМәдениет

Бозоқты тапқан археолог

Биыл көрнекті ғалым, отандық археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі – Кемел Ақышевтің туғанына 100 жыл. Осыған байланысты «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында К.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдулинамен кездесу өтті.

Жүздесуде Кемел Ақышевтің ғасырлық мерейтойын атап өту мәселелері талқыланып, ғалымның өмір жолы, еңбегі әңгіме өзегіне айналды. Баянауыл өңірінде туған ғалым әскери училищені аяқтаған соң, майданға аттанды. 1950 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді. КСРО Ғылым академиясының Археология институтының Ленинград бөліміне аспирантураға түсіп, 1953 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Студенттік жылдарынан бастап археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. 1955 жылы Қаз КСР Ғылым академиясының Тарих, археология, этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі, содан кейін Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері болды.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуіріне жататын Бесшатыр қорымы оның ғылыми өмірбаянынан ерекше орын алады. Қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениеттерін кезеңдеу және мерзімдеу мәселелерін анықтады. Көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Отырар жәдігерлерін, Орталық Қазақстанның археологиялық нысандарын зерттеді. Ал басты ғылыми табыстарының бірі – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам».

1997 жылы белгілі археолог Қазақстанның жаңа астанасына шақырылды. Оның басты мақсаты – Ақмола аймағының археологиялық нысандарын зерттеу. Ғалым Бұзықты көлінің жағасындағы ежелгі қаланы іздеуге кірісіп, ақыры табады. Оған Бозоқ атауы беріледі. Сол сәттен бастап елорданың көне тарихына жол салынды. «Бозоқ» ұлттық паркін құру идеясын да Кемел Ақышев ұсынды. Қазір бұл идея жүзеге асырылып жатыр.

Ғалым Л.Гумилев атында Еуразия ұлттық университетінде археология кафедрасын ашты. Ол мұнда өмірінің соңғы сәті соққан 2003 жылға дейін жұмыс істеді. Археолог дүниеден озғаннан кейін университет басшылығының шешімімен кафедрада Кемел Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу  институты ашылды.

Кемел Ақышев – Қаз КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бірнеше медаль мен ордендермен марапатталды. Өзі археология атасы Әлкей Марғұланнан тәлім алса, Карл Байпақов, басқа да белгілі археолог ғалымдарды тәрбиелеп шығарды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button