Басты ақпаратМәселе

Жатақхана тапшылығы қашан жойылады?

Жыл сайын елімізде мемлекеттік білім беру гранттарының саны артып келеді. Жастарға бөлінетін грант пен студент көбейген сайын жатақханада орын жетіспей жатқаны белгілі. Бұл мәселе жоспар бойынша 2022 жылдың соңына дейін толығымен шешілуі тиіс еді, бірақ олай болмады. Биыл бір сәтте, Алматыда хостел өртенді. Қайтыс болғандардың арасында қазақстандықтардан өзге, шетелдіктердің де бары анықталған. Тоғызы Қазақстан азаматы болса, төртеуі Ресей және Өзбекстан мемлекетінен келген. 

Жастар жатақханаға зәру        

Өртке оранған хостел Алматы қаласында орналасқан оқу орындарымен ешқандай меморандумға қол қоймаған. Медиа мен әлеуметтік желілерде өзіне қарата айтылған айыпты ескерді ме, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек дереу үн қатты. Министр бүгінге дейін университеттермен келісімшарт орнатқан хостелдерде ешқандай келеңсіз жағдайлар болмағанын жеткізді. Одан өзге Алматыдағы бірде-бір жоғары оқу орны студенттерін аталған хостелге орналастыруға келісім бермегенін айтты.

Ұлттық экономика минис­трлігі Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Алмаз Құсайынов мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылып жатқан жатақханалар туралы «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне арнап 3 310 орындық жатақхана салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасы аясында әлеуметтік салада мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленіп жатыр. Осы кешенді жобаны пысықтау барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі 7 950 орынға арналған 4 студенттік жатақхана салу бойынша 3 жоба ұсынды» деді.

Министрліктің дерегінше, бүгінде Алматы қаласындағы барлық жатақхана саны – 149, төсек-орын саны – 39 145. Былтыр республика бойынша жатақханадағы орын тапшылығы 69 мың орынға жетсе, қазір тапшылық саны – 17 448 орын. Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын жою үшін жоғары оқу орындары 7612 төсек-орынды 87 нысанды (қонақүйлер мен жатақханалар) жалға алған. Саясат мырза жалға алынған нысандарда өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, камералар мен турникеттердің болуы, коменданттық сағаттың сақталуына қатысты жоғары талаптар қойылғанын, сонымен қатар студенттік омбудсмендердің қатысуымен үй-жайларды бақылау және тексеру жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.

Әрине, жасалып жатқан жұмысты жоққа шығаруға болмас. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа ғимараттар салуы басталды. Мысалы, былтыр 100 мың адамға арналған 44 жатақхана салыныпты. Одан бөлек, 64 хостелден 4 мыңға жуық орын берілді. Былтыр Алматыда 26 мыңға жуық орын жетпесе, қазіргі көрсеткіш
11 мыңға төмендепті.

Қазір республикада 1 миллионнан астам студент бар. Бүгінгі таңда Қазақстанда жатақхана тапшылығы 70 мың төсек-орынды құрайды, оның ішінде Астанада – 15 мыңнан астам, Алматыда – 33 мыңнан астам. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет қарастырылып отыр

Жалпы, жатақхана мәселесі Алматы мен Астана ғана емес, Атырау, Семей қалаларындағы оқу орындарында өзекті екен. Сол үшін бірінші кезекте осы сияқты қалалардағы 5 универ жатақханамен қамтылуға тиіс.

– Біздің елдің шындығы сол, проблемаға әбден шегіне жеткенде, жардың шетіне тірелгенде ғана көңіл бөлінеді. Былтыр, алдыңғы жылдары екі рет орман өртенгеннен кейін орман шаруа­шылығында істейтін адамдардың жағдайына көңіл бөліне бастады. Әскердегі жағдай, әйелдердің құқы… Айта берсек көп. Жатақхана мәселесі бірден шешіле қалатын нәрсе емес, уақыт керек. Ғылым және жоғары министрлігінің бір миссиясы осы мәселені соңына дейін жеткізу болады-ау. Болашақта барлық универлердің жағдайы Назарбаев Университетінің оқу корпусы мен жатақханасындай болса екен, – дейді журналист Арнұр Асқар.

Хостелдер тексерістен өтеді

Өйткені жалға берілетін үй-жайлардың ішінде қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзып отыр­ғандар бар. Құзырлы орган өкілдері бизнес иелерінің өрт қауіпсіздік ережелерін ескермейтіндігін айтуда. Жертөленің ішінде хостел ашып, адам өмірін қауіпке тігіп отырған кәсіпкерлер де бар. Мамандар Астанадағы тұрғын үйдің жертөлесінде бес жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан хостелді тексерді. Бағасы арзан болғандықтан, бұл жерді паналап келетіндердің қарасы көп. Аядай бөлмелердің терезесі жоқ, ауасы тар, дәлізі азынап тұр.

– Енді сол бағасы қолайлы болғаннан кейін күніне 1200 теңге төлейміз. Такси болып істеймін, азанда шығам, осында кешкісін келем, жатамыз, кетеміз, болды. Хостелдің ішінде 80 жатын орын бар. Бұл жерді паналайтындардың көбі – жастар. Бірақ мұндай үй-жайларда заң талаптары өрескел бұзылған. Санитарлық ережелер бойынша хостелдерді үйдің жертөлесінде орналастыруға тыйым салынған. Қауіпсіздік талаптары атымен жоқ, – дейді хостел тұрғыны Нұрсұлтан Жүнісбеков.

– Жертөледе хостел орналасқан. Адамдар тұрып жатыр. Шығу жолдары жабық. Нәтижесін біз қала әкімдігіне, прокуратураға жібереміз. Құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керек, – дейді Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Мырзагелдиев.

Депутаттар елдегі барлық хостелге аудит жасау керектігін айтады. Өйткені панажайлардың көбі тұрғын үйлердің техникалық қабатында немесе жертөлелерде орналасқан. Ал жауапты органдардың тексеру жүргізуге құзыреті шектеулі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров: «Заңнан өрт сөндіру қызметінің барлық бақылау функциялары алынып тасталған. Бүгінгі таңда тұрғын үй салған кезде, сонымен бірге ғимараттар салған кезде, өрт сөндіру қызметінің бірде-бір шешім қабылдау функциясы жоқ. Бұл – елдегі қанша адамның өмірі мен денсаулығына қауіп. Сондықтан бүгінгі таңда өрт сөндіру қызметінің құзыретін арттыру керек. Бір ғана Астананың өзінде 80-ге жуық хостел тіркелген. Бірақ бұл ресми дерек қана. Қоймалар мен жертөлелерді жалдап, астыртын жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер де бар. Құзырлы органдар мұндай заңсыз үй-жайларды анықтап, нәтижесін қалалық әкімдік мен прокуратураға ұсынбақ» дейді.

P.S: Алға басуға ниеттенген кез келген қоғамның, адамзат тарихындағы өркениеттің іргетасы білім мен ғылымнан тұратыны белгілі. Біз осы арқылы жатақхананың ғана емес, білім мен ғылымның іргетасын қалайтынымызды ұмытпалық. Абай атамыз «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейді. Студенттерге салғалы жатқан жатақханамыздан хакім Абай айтқан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озатын жастар өсіп шығарына сенгіміз келеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button