Шаһар шежіресі

Табанды да іскер Мағауия

1961 жылы Тың өлкесі құрылғанда Қостанай облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып жүрген батыл, бастамашыл, жігерлі де өжет Мағауия Сейілқызы өлкелік атқару комитеті төрағасының орынбасары қыз­метіне тағайындалады.

Ол мұнда 1965 жылы өлкені таратқанға дейін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын басқарады. Содан соң Целиноград облысы еңбекшілер депутаттары кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1975 жылдан Целиноград облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметінде болды.

Мағауия Сейілқызы Целиноград қаласында 1963 жылы педагогикалық, 1964 жылы инженерлік-құрылыс институтын ашуға өз үлесін қосты. Ал Целиноградта медицина институтын ашу үшін Мәскеуге үш рет барады. КСРО Денсаулық сақтау министрі С.В.Карташовтың қабылдауында екі рет болады. Карташов «Целиноградтан 200 шақырым жерде  Қарағанды мединституты бар» деп келісім бермепті. Үшінші сапарында Мағауия Сейілқызы СОКП Орталық комитетіне тікелей мәселені шешетін бөлімге барып, нәтижесінде КСРО Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мединституттың Целиноградта ашылуына ықпал етеді. Әрі бұл кейіннен көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызады.

Сол кезеңдегі Мағауия Сейілқызының тағы бір табандылығы мен іскерлігінің көрінісі – СОКП Орталық комитеті арқылы Саттар Нұрмашұлы Имашевпен бірге Целиноградта полиграфкомбинат ашуға бастамашыл болуы. Оның осы еңбегі жергілікті халықтың орталық және республикалық басылымдарды күнбе-күн оқуына мүмкіндік жасайды.

Ғазиза ИСАХАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button