Қала мен Сала

Бюджеттің жартысы әлеуметтік салаға бағытталады



Кеше Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елорданың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. Жиынға Парламент Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков, Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев, қала аудандарының әкімдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.

Қаланың алдағы үш жылға арналған бюджеті бойынша баяндама жасаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев бюджетті талқылау барысында мәслихат депутаттары қала тұрғындары үшін көптеген маңызды мәселелерді көтергенін атап өтті. Бұл қатарда әлеуметтік қамту, білім, денсаулық сақтау, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, құрылыс мәселелері бар.

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы экономикалық өсімді көрсетті. Биылғы бірінші жартыжылдықта өсім 103,1 пайызды құрады. Жыл сайын ішкі өңірлік өнімді орташа есеппен алғанда бес пайызға өсіру, 2025 жылға қарай 11,8 триллион теңгеге жеткізу жоспарланған. Осы жылдың басынан экономикаға 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша өсім 9,9 пайызды құрап отыр. 2023-2025 жылдары қосымша 4,2 триллион теңге құйылады деп болжанған. Жақын уақыттарда жаңа 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның жалпы құны – 18,8 миллиард теңге. Сол кезде Индустриалды парк аумағында 500 жұмыс орны құрылады. Елорда экономикасында шағын және орта бизнес субъектілері үлкен орын алады. Осы жылы олар өндірген өнім 8,4 пайызға өсті. 2026 жылға бұл көрсеткіш 10 триллион теңгеден асады. Еңбек нарығында жыл сайын 30 мың тұрақты жұмыс орыны құрылып, жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Осылайша экономикалық өсім кірістер мен шығыстарды жоспарлауға негіз қалады, – деді Ерлан Бекмырзаев.

Елордаға үш жыл ішінде 1 трлн 654 млрд кіріс кіргізу жоспарланғанын атап өткен ол бес жылда 553 млрд теңге түсім түсетіні болжанғанын айтты. Шығыстарға тоқталды.

– Қалаға республикалық бюджеттен 366 миллиард теңге көлемінде мақсатты трансферттер келуі керек. Соның ішінде қаланың дамуына 363 миллиард теңге бағытталады. Әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы бюджеттің жартысына жуықтайды, яғни 49 пайыз. Бұл – 262 миллиард теңге. Ең көп 200 миллиард теңге білім саласына бөлінеді. Бүгінде орта мектептерде 200 мыңнан астам оқушы оқиды, ал балабақша тәрбиеленушілерінің саны 52 мың, – деді қала әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы аясында 2023 жылы жалпы 44 мың оқушыға арналған 24 білім нысаны құрылысын бастау, 20 мың орынға арналған 18 мектеп пен жапсаржайларды салу жоспарланған. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауға 23 млрд теңге салынды. Соның ішінде әлеуметтік көмекке 4,2 млрд теңге, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға 6 млрд теңге, жұмыспен қамтуға 2,8 млрд теңге қарастырылды. Жалпы әлеуметтік қолдау 152 мың адамға көрсетіледі. Соның 30 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал 2200 адамға жұмысқа тұру бойынша көмек беріледі.

– Қоғамдық денсаулық сақтауға 16,4 миллиард теңге қарастырылған. Соның ішінде медициналық мекемелерді қосымша жарақтандыруға 8,2 млрд теңге, вакциналар мен дәрілік заттарды сатып алуға 2,5 миллиард теңге бағытталады, – деді Ерлан Бекмырзаев.

Баяндамашының мәлімдеуінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және отын-энергетикалық кешенді дамытуға 69 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұған инженерлік желілерді, нөсер кәріздерін, жаңа тарату қосалқы стансалары мен трансформатор қосалқы стансаларын, жылу магистралдерін, газ тарату желілерін салу мен жаңғырту, энергия тарататын мердігерлерді субсидиялау, санитарлық тазалау мен абаттандыру, т.б. жұмыстар кіреді.

– Тұрғын алаптарды дамыту бойынша жекелеген жобаларды ерекше атап өту керек. Соның ішінде «Интернациональныйда» жаңа сорғы-сүзгі стансасын, «Шығыс Ильинкада» инженерлік желілерді салуды, «Өндірісте» амбулаторлық емхана кешені құрылысын аяқтауды, «Ильинкада» дене-шынықтыру және сауықтыру кешені мен өрт сөндіру депосы құрылысын, «Промышленныйдағы» мектепке жапсаржай салуды бастауды айту қажет, – деді Астана әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолдарды ұстау мен жөндеуге 27 млрд теңге қарастырылған. Орташа жөндеуге 3,8 млрд бөлінбек. Осы жұмыс шеңберінде жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 11 көше жөнделеді.

– Қоғамдық көлікте жолау­шыларды тасымалдаудың 2014 жылдан бергі тарифін ұстап тұру үшін автобус парктерін субсидиялау және әлеуметтік әлжуаз топтардағы азаматтардың жолақысын төлеу үшін 15 миллиард теңге қарастырылған, – деді Ерлан Бекмырзаев.

Оның айтуынша, жұмыс істейтін жастарды қолжетімді жалдамалы баспанамен қамтуға 18 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы келесі жылы 1050 пәтерді сатып алуға және «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй займдарын несиелеуге бағытталады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бюджетте 5,3 млрд теңге қарастырылған.

– Осылайша 2023 жылға арналған қала бюджеті жоспарының жалпы көлемі 743 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде қаланың табысы бойынша 553 миллиард теңге, – деп түйіндеді баяндаманы Ерлан Бекмырзаев.

Бюджет қорытындысы бойынша қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Владислав Сергеев баяндама жасады. Ол бюджет жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында жан-жақты қаралып, талқыланғанын атап өтті. Ол әсіресе, тұрғын алаптар тұрғындарының мәселелері ерекше ескерілгенін айтты.

Сессияда қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев Астана қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен таныстырды.

– Өзгерістер бірқатар объективті себептерге байланысты енгізілді. Біріншіден, Ұлттық жобаларға енгізілген түзетулердің негізінде, екіншіден Президенттің 2022 жылдың 17 қыркүйектегі №107 Жарлығымен елорда атауы Астана қаласы болып өзгертілді. Астана қаласын дамыту жоспарында барлығы 104 индикатор бар. Соның ішінде 21-і – стратегиялық көрсеткіштердің картасы, қалған 83-і – Ұлттық жобалардың индикаторлары. Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы берген тапсырма негізінде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құрудың жаңа индикаторы енгізілді, – деді Қайсар Маңқараев.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мәслихаттың 2021-2022 жылдары атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді. Тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қаланың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау ұсыныстарымен таныстырды. Елордада жаңа аудан құру және аудан шекараларын белгілеу туралы баяндаманы Астана қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары Жанасыл Шәукентаев жасады.

Жиында Астана қаласындағы шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындар, мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін сатып алу туралы ақпараттар айтылып, бірқатар комиссиялардың құрамы мен қалалық мәслихаттың келесі жылғы жоспары бекітілді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button