Мәдениет

«Чемпиондар түні»: Боксшылар айқасады



Астанада алғаш рет «Чемпиондар түні IBА» турнирі өтеді. Жанкүйерлер қазақстандық боксшылардың қатысуымен 8 жекпе-жек көре алады.

Кәсіпқой бокс ережесімен өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде Олимпиада ойындарының чемпио­ны, 2013 жылғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (11-0, КО 6) Оңтүстік Африка Республикасының боксшысы Джабулани Макхенсемен (14-2, КО 7) қолғап түйістіреді. 71 келі салмақта айқасатын Елеусінов соңғы рет 2015 жылы шаршы алаңға шыққан еді.

Сонымен қатар жанкүйерлер 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов (6-0, 2 KO) бұған дейін жеңіліс көрмеген ресейлік  Никита Зоньмен (7-0-1, КО 5) 80 келі салмақта кездеседі. 2023 жылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов 71 келіде мексикалық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, КО 17) шайқасса, 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов (67 келі) Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, WBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта 10-орында тұрған Харитон Агрбамен (12-0, КО 8) айқасады.

Ал 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының финалисі Ерасыл Жақпеков 80 келіде жастар арасында Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (19-22 жас) нидерланды боксшысы Градусом Клауспен айқасады.

2021 жылғы әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов Сербия намысын қорғайтын ресейлік боксшысы Павл Фёдоровпен (3-0, КО 1) кездессе, 2023 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан кубалық Освальдо Диаспен, ең жеңіл салмақта әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай екі дүркін Азия чемпионы, Өзбекстан бокшысы Нодиржон Мирзаахмедов өзара мықтыны анықтайды.

Астанадағы «Чемпиондар түні» бокс кеші «Beeline Arena» спорт кешенінде 15 желтоқсан күні сағат 19.00-де басталады. Жекпе-жектер Qazsport, ресейлік «Матч ТВ» каналдарында тікелей эфирден көрсетіледі.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button