Басты ақпаратЕлорда тынысы

Цифрлық даму жолындағы Астана



Елорданың «әлемнің цифрлық элита» қатарынан көрінуі үшін  инновациялық даму қарқынын арттырып, оның деңгейін жоғарылату керек. Прогрессивті нарыққа инновацияны енгізудің мұндай жылдамдығы технологиялық прогрестің сәтті дамуының үлгісі бола алады. Цифрланған елордаға айналу үрдісі бірнеше санаттар бойынша жүзеге асырылып, сол арқылы ол қызметтердің бірнеше саласын қамтиды. Орталық Азияның цифрлық хабына айналу үшін Астанада қандай жұмыстар жүргізілуде?

Астана қаласы Цифр­ландыру және мемлекеттік қыз­меттер басқармасының басшысы Мейрамбек Әшірбеков алдымен қаладағы бейнебақылау жүйелерінің жағдайына тоқталды. Себебі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – елорданың сәтті дамуының кепілі. Сондықтан қала әкімдігі бұған ерекше көңіл бөледі.

– Бүгінде елордада әртүрлі орындарда орнатылған 27 659 бейнекамера бар. Соның арқасында қылмыс пен әкімшілік құқықбұзушылық деңгейі төмендеп, жол-көлік оқиғалары кезінде болатын адам өлімі 48 пайызға азайды. Барлық камералар Астана қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығарылғанын айта кету керек. Қоғамдық қауіпсіздік деңгейі бойынша көрсеткіштерді Сингапур, Дубай, Абу-Даби, Лондон сияқты қалалармен бірдей етіп арттыру көзделіп отыр, – дейді басқарма басшысы.

Цифрландырудың тағы бір маңызды саласы – процес­терді автоматтандыру. Заманауи әлемде ұйымдардың бәрі өз саласында озық болу үшін біртіндеп цифрлық трансформацияға ұмтылуда. Процестерді автоматтандыру компаниялардың тез өзгеріп жатқан нарыққа бейімделуіне және бәсекеге қабілетті болып қалуына ықпал етеді. Бүгінде елордада әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің 100 қызметін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2027 жылға дейін туризм, білім беру, спорт, жер қатынастары, әлеуметтік қорғау және инвестиция саласында 500-ден астам қызметті автоматтандыру жоспарлануда.

«Smart Astana» мобильді қосымша бойынша 60-тан астам сервис жұмыс істеп тұр. Ал қосымшаны жүктеп алушылар саны 300 мың адамнан асты

«Smart Astana» мобильді қосымшасында шұғыл қызметтерден пуш-хабарлама алу, су тұтыну көрсеткіштерін беру, автобус­тар қозғалысын бақылау, сонымен қатар оқу және спорт мекемелері мен ұйым­дары және басқа да сервис­тер туралы анықтамалық ақпарат алу қолжетімді. Қазіргі таңда қалада осы қосымша бойынша 60-тан астам сервис жұмыс істеп тұр. Ал қосымшаны жүктеп алушылар саны 300 мың адамнан асты. Бұл ретте бір айдағы белсенді қолданушылар саны 8-10 мың адамды құрайды.

– Астанада сонымен қатар БҰҰ тұрақты даму мақсаттары аясында белсенді жұмыстар жүргізіледі. Елорда үшін сондай маңыз­ды қадамдардың бірі –  халықаралық баға алу. Мәселен, биыл Астана Smart21 community of 2023 Intelligent Community Forum ең ақылды қалалардың рейтингінде 21 үздік қалалар қатарына кірді. Сонымен бірге Smart Centres Index ақылды қалалар рейтингінде Мәскеу, Варшава және Римді басып озып, 64-орынға тұрақтады. Зерттеу тобы қаладағы инновацияны қолдау деңгейін жоғары бағалап, оған 650 балл берді, бұл балл Токио, Сеул, Пекин, Сиэтлға қарағанда жоғары. Соған қоса биыл «Қоғамдастықтарды тұрақты дамыту – қалалық қызметтер мен өмір сапасының көрсеткіші» ISO 37120 стандартын енгізу бойынша жұмыстар басталды. Бір айта кетерлігі, мұндай халықаралық стандарттар қалаларды тұрақты дамытуға бағытталған және өмір сапасын, басқару тиімділігін, қалалардың дамуы мен тұрақтылық деңгейін анықтайды, – деп атап өтті Мейрамбек Әшірбеков.

Биыл Астана Smart21 community of 2023 Intelligent Community Forum ең ақылды қалалардың рейтингінде 21 үздік қалалар қатарына кірді

Елорданы цифрландыру бойынша инновациялық экожүйені дамытудың да маңызы зор. Астанада инновациялық дамуға қолайлы жағдай жасалып, кәсіпкерлер мен стартаптарға қатты қолдау көрсетіледі. Сонымен қоса қалада түрлі ІТ-стартап бойынша жастардың өзара пікір мен идея алмасып, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын іс-шаралар мен форумдар
ұйымдастырылады. Жыл сайын ғылым мен технология­ларға, инженерия мен математикаға қызығушылығы бар оқушылар мен студенттер үшін STEM-олимпиадалар өткізіледі. Бұл болашақ ІТ мамандарын қалыптас­тыруға септік етеді.

iKOMEK109 орталығы – ақылды қаланың ажырамас бөлігіне айналған қызмет, мұнда қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған қызметтердің кең ауқымды спектрі бар. Аталған қалалық орталық ашылып, жұмыс істегелі бергі кезеңде халықтан 11 млн-нан астам хабарлама, өтінім келіп түскен. Соның ішінде 81 пайызы бойынша мәселелер «бірінші қоңырау» кезінде-­ақ қаралып, жүзеге асырылып жатады. Өткен жылы 13517 құқықбұзушылық анықталған. Биыл жыл басынан бері бұл статистика 14 мыңға дейін артқан.

iQala қызметі болса, бірыңғай терезе қағидаты бойынша тұрғын үй-коммуналдық сектор ұйымдарының қызметтерін ұсынады. Астаналық iQala – еліміздегі бірегей қызмет түрі. Оны үлгі етіп, еліміздің өңірлерінде «Коммуналдық ХҚКО» ашыла бастады. Орталық жұмысы басталғаннан бергі уақытта 150 түрлі қызмет жүзеге асырылып, 550 мыңнан астам қызмет көрсетілген.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button