Басты ақпаратДенсаулық

Дәрігер көмегі –қарттарға



Егде тартқан қарттардың қалыпты өмірін қамтамасыз ету үшін қоғам тарапынан қосымша қолдау қажет. Жас келіп, кәрілік жеңген сайын адам өмірінде күрделі кезең басталады. Осы кезде эмоционалдық күйі әлсіреп, ауытқымалы психологиялық жағдайына қоса түрлі созылмалы ауруларының асқынуынан өзі-өзіне қызмет ете алмайтындай күйге түседі.

Мемлекет арнайы қарттарға көмек көрсетудің бірыңғай стандарттары және басқа да заңнамалары негізінде бұл мәселені шешуге тырысуда. Бұл бір жағынан әрбір ізгілікті қоғамның қарт адамдарға деген қолдауының белгісі. Егер жанашыр жақындары болмаса, қазіргі уақытта қарт адамдарға бағытталған көмектің көп түрін мемлекет өз жауапкершілігіне алып отыр. Яғни, осындай  әлеуметтік қызметтің басты бағыты денсаулық сақтау саласына беріліп отыр. Оның тиімді үлгісін көп жылдардан бері Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы көрсетіп келеді.

Мұндағы медициналық бөлімнің құрамында үш жалпы тәжірибелік дәрігер, бір-бірден реабилитолог, психотерапевт, эпидемиолог, невропатолог, стоматолог, ортопед, стоматолог, хирург, УДЗ дәрігері жұмыс істейді. 65 палата көмекшілері, отызға тарта тазалаушылар күндіз-түні азаматтарға  күтім көрсетіп келеді. Дәрігерлік нұсқау­ларды жүзеге асыратын 55 маман мейірбике кезекшілікте болса, оның ішінде 23 маман тәулік бойы қызмет көрсетеді. Әр блокта тәулік бойы жұмыс істейтін медбикелік пункттер бар. Физиотерапия бөлімінде массаж мамандары, ЛФК нұсқаушысы, жүзу бойынша нұсқаушы бар. Көрсеткіштер бойынша көрсетілетін қызметті алушыларды жоспарлы емдеуге жатқызу стационарлық көмек, оның ішінде республикалық деңгейде жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін жүзеге асырылады. Орталықтың тұрғындары бассейнде суда жүзіп,  скандинавиялық жүрумен де айналысып, таңертеңгілік дене шынықтыру мен спорт клубтарында шынығады.

Фазыл ӘБДІКӘРІМОВ, дәрігер: Негізгі міндетімізге қарттар мен мүгедектердің жасына және денсаулығының көрсеткіштеріне қарай тиісті өмір сүру жағдайларын жасап, оларға күтім көрсетіп, медициналық көмек көрсету шараларын белгілі бір стандартқа сәйкес үйлестіре білу жатады. Әрбір қызмет алушы орталыққа келген кезде дәрігердің қарауынан өтеді. Міндетті медициналық тіркеумен қатар амбулаторлық картасы толтырылып, түскен адамның, оның жеке заттарының санитарлық зарарсыздандырылуы жүргізіледі. Әр түскен адамның 14 күн ішінде мамандар жеке жұмыс жоспарын түзіп, психологтің басшылық жасауымен бейімделу шаралары жүргізіледі.

Орталық тұрғындарының дені қарттар болған соң, ерекше күтімді қажет етеді. Олар күндіз-түні медицина қызметкерлерінің қадағалауында болып, дер кезінде барлық ем-шаралары көрсетілгеннен кейін  денсаулығы жақсарып, өмір сапасы артып, ғұмыры да ұзарады. Мұнда олардың жас ерекшеліктері мен қажеттілігіне қарай көрсетілетін медициналық көмек те жақсы жолға қойылған. Дәрігерлердің нұсқауымен барлық ем-шарасын уақытында алады. Түрлі мүгедектіктерімен қатар бұл кезеңде денсаулығы сыр беріп, көбіне инсульт алып жатады, ауыр кесел кейбірін қайта соққанда, қол-аяғы құрысып, орталық жүйке жүйесіне айтарлықтай зақым келеді. Жағдайы нашарларға жолдама беріп қаладағы стационарларға емделуге жібереміз. Одан кейінгі қалпына келтіру, денсаулығын жақсарту шаралары өз кезегімен осында өтеді. Қала бойынша ең тиімді жабдықтардың бірін демеу­шілер жеткізген болатын. Бұл адамның аяқ-қолдарының активті-пассивті механотерапиясына арналған құрылғы. Бұл аппаратты төсек тартып жатқан науқастар да пайдалана алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті емнің жақсы нәтижесіне тезірек қол жеткізуге болады. Механотерапиялық аппараттағы жаттығулар арбаға таңылған,  инсульттан кейінгі науқастарға, сал ауруымен ауыратындарға өте пайдалы. Осы құрылғыны қолданғалы бір жылдық тәжірибеден байқағанымыз аяқ-қолдары инсульттан кейін тартылып қалғандардың жағдайы көп жақсарады.

Мұратбек МҰСАХАНОВ, дәрігер-реабилитолог: Әр адам өзінің денсаулығына байланысты маман-дәрігерлерге қаралуымен қатар, әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шаралары, соның ішінде дәрі-дәрмексіз терапия қатар жүргізіледі. Мұны іске асыру үшін жабдықталған бірнеше кабинеттер бар. Физиотерапия кабинетінде электр тоғымен емдеу (УК, Бернар тоқтары, электрофорез, ультрадыбыс, ультратон); жарықпен емдеу (биотрон); жылумен емдеу (парафин, УВЧ); ингаляторий; сумен емдеу (гидросылау ванналары, Шарко душы); магнитпен емдеу түрлері кіреді. Мұндағы емдік-жаттықтыру жабдықтары  адамның барлық бұлшық еттерін қамтып, оларды шынықтыруға арналған. Жақында тұз шахтасы ашылды. Сылаудың екі түрі бар. Емдік-дене шынықтырулық залында жүгірме жолы, велотренажер, күш тренажерлері қойылған. Бассейн де емдік процедураның біріне жатады. Бұларға қоса, ем-шараларымызды жетілдіруде әлі де заманауи құрал-жабдықтар қажет. Орталық 2007 жылы ашылған содан бері құрал-жабдықтары жаңартылған жоқ. Бізге тек мүгедектерге арналған аппараттардың артығы жоқ.

Қарттарға ерекше әрқайсысына жеке-дара, науқасы мен денсаулығына қарай  қалпына келтіру  жаттығуларын белгілеу керек. Өзіміздің орталықтағы азаматтарға қоса, бүкіл қала бойынша күтімді қажет ететін қарияларға қызмет етеміз. Олар өздігімен емханаға бара алмайтындай жағдайы болса, онда әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен осында жеткізіліп тиісті ем-шарасын алады.  Бұлар көбіне, бала-шағасы жоқ мүгедектер, жалғыз­ілікті адамдар. Жылына 700 адамға әрқайсысына 10-20 күннен белгілеп, денсаулығын түзейді.

– Орталықтың әрбір қызметкері қария­лармен, мүмкіндігі шектеу­лі жандармен жұмыс істеу кезінде адамгершілікті бәрінен де биік қояды. Біз күнделікті жұмысымыз арқылы осынау әлеуметтік әлжуаз топқа бар мейірімімізді, шапағатымызды көрсетуге бар күшімізді саламыз, – дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директоры Ардақ Сейітова.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button